ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына жариялаған Жолдауында алға қойылған жеті міндеттен маған өзгеше әсер еткені ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру деген сөзі еді. Қуаныштың сезімі билеп әр жолын, әр сөзін зейінімді салып оқып, қолдағанымды білдірейін деп қолыма қалам алдым.
Жердің қасиетін білетін, маңдай терін төгіп, еңбек майданында бір жұдырықтың бес саусағындай бірігіп, зор жауапкершілікпен жұмысын атқарып жатқан диқандарға ризашылығымды білдіріп, әрқашанда еңбектерінің жемісін көре берсін деген тілекпен жүремін. Ауыл шаруашылығында мол табыс өзінен-өзі келмейді, оған жеке адам, ұжым болсын, қажырлы адал еңбектің арқасында жетеді. Жердің иесі де, киесі де ауыл адамдары, диқандары. Жердің қасиетін білетін, сүйетін диқан қауымы нағыз оптимистер, биыл табысы ойдағыдай болмаса, келер жылға сеніммен болашақта мол табысқа жету үшін аянбай қызмет етеді.
Жер-Ана адам секілді күтуді, аялауды, тазалықты жақсы көреді. Диқандар табиғаттың аясында жұмыс атқаруды ұнатады. Сондықтан, агротехникалық жұмыстарды уақытында және сапалы түрде орындаған абзал. Жер-Анадан алатыныңды толық алсаң, оған беретініңді де ұмытпау керек, уақытында қоректендіру керек. Органикалық және минералдық тыңайтқыш озық агротехника, арамшөппен күрес, тағы басқа бұл жұмыстарды орындамаған жағдайда жер де беретінін тоқтатады, топырақ құнарлылығын жоғалтады. Президенттің тапсырмасымен заңсыз алынған жермен жұмыс істемейтін адамдардан ол жерді қайтарып алып, жермен жұмыс істейтін ауыл тұрғындарына, диқандарға беру жөнінде ұстанған бағыт, осы тапсырмасының орындалуын өзінің бақылауына алуы елдің, жердің болашағын ойлау емес пе?!
Өзімнің еңбек жолым 42 жыл. Бар саналы ғұмырым ауыл шаруашылығымен байланысты болды. Осы жылдары ел де басқарып, мақсатымыз елдің экономикасын көтеру, тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсарту, мамандарды оқытып, елге қызмет еткізу болды. Тоқсанға жақындаған жасым бар. Өткен дәуірмен осы дәуірдің куәгерімін деп айта аламын. Себебі, еліміздің бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысының ауыл шаруашылығының өткенімен бүгінгі жағдайы туралы мағлұматым бар. Ауа райының құбылмалылығы, биылғы жылғы ауа райы келесі жылға қабыса бермейтіндігі ауылшаруаларына жаңалық емес. Сондықтан, диқандар егін себуде және егін оруда бір күн кешіксе, ұтылатынын жақсы біледі. Заман өзгермей тұрмайды, оның өмірде қызығы да, сәттілігі де, сәтсіздігі де болады. Қандай да бір қиыншылық жағдай болса да, оны ауыл еңбеккерлері еңсере отырып, шамасы келгенше халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған жағдайда қала да тоқ, мал да тоқ, дала да тоқ болатыны ежелден белгілі.
Француз ғалымы әрі жазушысы Жан Жак Руссо: «Мемлекеттің біреуден өзін тәуелсіз ұстануының жалғыз жолы – ауыл шаруашылығы. Әлемнің барлық байлығына ие болыңыз, бірақ, ішерге асыңыз болмаса, сіз басқаларға тәуелдісіз» дегені ауыл шаруашылығы күнделікті өмірдің өзегі екенін ескерткені емес пе.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында ауыл шаруашылығына өзгеше көңіл бөле отырып, қомақты қаржы бөліп отырғанын ескертіп, азық-түлік күн көрістің көзі ғана емес, стратегиялық маңызы барын ескертті. Экономиканың қай саласы болсын, табыс адал еңбекпен келетінін, «Еңбекті ұлтымыздың мызғымас қасиетіне айналдыру керек екенін» жеткізе айтып, еңбек өркендеудің негізгі күші екенін еске салды. Өткен заманмен қазіргі заманның арасы жер мен көктей,салыстырудың өзі ұяттырақ секілді. Қазіргі заман жақсарудың, жаңғырудың заманы, шаруашылықтың барлық саласына цифрландыру технологиясын, жасанды интеллектіні кіргізіп, зор табысқа жету қажет. Қазақстан әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ел болып, өзінің орнықты орнын табуы керек екенін, оның зор маңызын баса атап көрсетті Мемлекет басшысы.
ХХ ғасырда ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болған бірнеше себептер болды, ол уақытында реформа жасалмауы, нарыққа кірудің жолын таба алмауымыз, шекара жабылып, батыс елдеріменен алыс-берістің болмауы, тағы басқа жағдайлар. Осы себептен батыс елдерінің жаңа техникасына, озық технологияға қолымыз жетпей, 20-30 жылдай артта қалдық. Ресейдің шығарылған сапасыз тракторы, комбайны, тағы басқа техникалары бір маусымдық жұмысты атқаруға жетпей қирап, оны түзеумен, керек бөлшектерді іздеумен диқандардың есіл уақыты текке кетіп жатты, осы себептермен аграрлық шаруалар еңбек өнімділігін арттыра алмады. Астық өнімі бір гектардан 8-10 центнерден аспай, кей жылдары 14-15 центнер алғандарды рекордтық өнім алынды деп мақтаумен, мақтанумен болды. Адамдарға пайдасы жоқ көп сөз, бұйрық, айғай-шу, қорқытудың заманы болғаны есімде.
ХХІ ғасыр, қазіргі заман өзгерудің, өсудің, өркендеудің заманы. Қазақ еліне бақыт, береке қонған заман, озық технологияның, техниканың, инновацияның, білім мен ғылымның заманы. Президент өз Жолдауында шаруашылықтың қай саласында болсын, цифрландыру, жасанды интеллектіні міндетті түрде енгізу қажеттігін, онсыз алға жылжу жоқ екенін халыққа жеткізді. Мемлекет басшысы2025 жылы 16 қыркүйекте облысымызда болып, егін жағдайының барысымен танысып, шаруалармен кеңес өткізіп, еңбектеріне ризашылығын білдіріп, табыс тіледі. Шын мәнінде соңғы жылдары облысымыздың қандай саласы болсын, қажырлы еңбектің арқасында зор табысқа жетіп келеді, бұл қуанарлық жағдай. Үлкен серпіліс бар, халықтың еңбекке деген ұмтылысы, көзқарасы өзгеше. Халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді.
Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны еңбек адамына зор құрмет көрсетуі деп түсінемін. Білікті маман, адал еңбек әрқашан мол табысқа жеткізетінін Президентіміздіңұдайы еске салып отыруы жоғарыда айтылған сөздің айғағы. Жаңа жайлы мектеп, балабақша, спорт нысандары, Мәдениет сарайы, тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына зәулім үйлер салынып, халықтың игілігіне жаратылып жатыр, көшелер мен үйлердің аулалары асфальтталып, қаланың тазалығына зор мән беріліп келеді. Осы жұмыстардың барлығы халықтың тұрмысын жақсарту үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Облысымыздың көп салалы шаруашылықтарының ішінде соңғы жылдары ауыл шаруашылығына зор мән беріліп жатыр. Шаруашылықтардың егіс алқабы жылдан-жылға ұлғайып 5,5 миллион гектарға жетіп, диқандар биыл мол дәнді дақылдар өсіріп, 7 миллион тоннадан астам астық жинап алу үшін қажырлы еңбек етуде. Бұрынғы жылдармен салыстырғандабұл рекордтық көрсеткіш. Осы мол астықты диқандар ысырапсыз жинап алса екен деген тілекпен жүремін. Бұл жетістік агротехниканы дұрыс қолданудың арқасында болып отырған жағдай. Майлы дақылдар рекордтық жағдайға жетіп, 650 мың тоннадан асты. Ауыл шаруашылығы өнімін 2-2,5 есеге ұлғайту үшін диқандараянбауда. Үкімет шаруашылықтарды қолдау үшін төмендетілген пайызбен 1 триллион теңге несие беріп отыр, бұл бұрын-соңды болмаған көмек. Облысымыздың агроөндірісін дамыту үшін 247,7 миллиард теңге бөлінсе, оның 63,3 миллиарды қайтарымсыз субсидия. Техникалық база нығайтылып, 1430 комбайн, трактор, тағы басқа техника сатып алынған. Егіс алқабы әртараптандырылып, нарықтың сұранысына қарай дәнді дақылдармен бірге, майлы, бұршақ тұқымдас дақылдарға мән беріліп отыр.
Мемлекет басшысы мал шаруашылығының әлеуетін көтеру керек екенін, ол үшін агробизнестің рөлін атап өтті. Бұл қолдағы барлық мүмкіншілікті пайдаланып, мал азығын мол дайындау және сапасын арттыруға көңіл бөлу керек, басты мақсат ішкі нарықты етпен, сүтпен қамтамасыз етіп, саланың экспортын арттыру қажет деген сөз. Президент облысымыздағы атқарылып жатқан жұмысқа, оң өзгеріске ризашылығын білдіре отырып, алда орындалуы тиіс шараларға тоқталды. Олар: ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеру; ауыл шаруашылығының өнімін терең өңдеу; инвестиция тарту; отандық элиталы тұқым сорттарын шығару; ғылым мен өнеркәсіптің байланысын арттыру.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің осы айтылған тапсырмаларын сөзбен емес, іспен, зор жауапкершілікпен атқару керектігін алдымызға міндет етіп қойып отыр. Осы жауапты жұмыстарды облыс шаруалары абыроймен атқарып, адал еңбектерінің жемісін көре беруін тілеймін.
Алтай НҰРҒАСЫМҰЛЫ,
ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген
еңбек және тыл ардагері.
![]()

