Жомарт күз
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен сенбі күні Көкшетауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Шараға Ақмола облысының барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысты. Таңертеңнен бастап Абылай хан алаңында сауда қызу жүрді. Барлығы 122 сауда орны ұйымдастырылды. Қала тұрғындары қыс маусымына ет, көкөніс және тағы басқа азық-түлік түрлерін сатып алуға асықты. Бағалар нарық құнынан 10–15 пайыз төмен болды.
Келушілер мұндай жәрмеңкелерде сапалы өнімді тікелей өндірушілерден сатып алуға әрі ауыл еңбеккерлерін қолдауға болатынын атап өтті.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер бағаны тұрақтандырумен қатар, отандық өндірушілерге де үлкен қолдау.
– Сатып алушылар арасында, әсіресе, ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Жәрмеңке таңғы сағат 7.00-де ашылды, қала тұрғындары белсенді түрде сауда жасап жатыр. Мұндай іс-шаралар бекітілген кесте бойынша алдағы уақытта да өткізілетін болады, – дейді ол.
Жалпы ұсынылған өнім көлемі 210 тоннадан астам. Өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері ет және шұжық өнімдерін, жаңа ауланған балық, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдерін, ұн, көкөніс, картоп, өсімдік майы, бал, жарма және кондитерлік бұйымдарды, күнделікті қажет заттардан бастап, мерекелік дастарханға арналған тағамдарға дейін ұсынды. Сонымен қатар, жәрмеңкеде «НК СПК Kokshe» АҚ тұрақтандыру қорының өнімідері де қойылды. Сиыр еті, ұн, күнбағыс майы, қант, макарон өнімдері, күріш, тұз, картоп және орамжапырақ, бұлардың барлығы әлеуметтік бағамен сатылды.
Шараға мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Береке Fest» акциясы қала тұрғындары мен қонақтарын бір қуантып тастады. Келушілер фермерлік өнімдердің дәмін татып көріп, оларды өңдеу және сақтау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты, арнайы безендірілген аймақтарда естелік суретке түсе алды. Сахнада облыстың барлық аудандарынан шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Зеренді ауданынан келген кәсіпкер Анна Шмидт жәрмеңкеге қатысу өзі үшін жақсы дәстүрге айналғанын айтты:
– Біз 2007 жылдан бері ара шаруашылығымен айналысамыз. Өзіміздің көшпелі омартамыз бар, Зеренді ауданы бойынша көшіп жүреміз. Балдың 1 келісін 2500 теңгеден сатамыз. Бір күнде шамамен 150 литр, яғни, 300–400 келі өнім өткізіледі. Жәрмеңкеге қатысу – біз үшін әрі өнімімізді саудаға шығару, сату, әрі жарнама. Жаңа сатып алушылар біз туралы біліп, кейін тікелей тапсырыс бере алады, – дейді Анна Шмидт.
Жәрмеңкеге келгендердің арасында – балалары бар отбасылар, қариялар мен жастар жиі ұшырасты. Бірі жаңа піскен ет пен бал үшін келсе, енді бірі ән мен күлкіге толы мерекелік алаңда серуендеуге келген. Адамдар күліп, айшықты сөрелердің қасында суретке түсіп, молшылық пен жылы көңілден алған әсерлерімен бөлісті.
– Бүгінгі жәрмеңке – тек жаңа әрі арзан өнім сатып алу мүмкіндігі ғана емес, нағыз мереке. Мұнда адамдар араласып, мейірімділікті сезінеді, айналасында осындай еңбексүйгіш жандардың көп екенін көреді, – дейді көкшетаулық тұрғын Қымбат Сүйіндікова.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

