Игі бір іс
Ауқымды қайта жаңартудың арқасында аудан орталығы Щучинск қаласындағы қосалқы станцияның қуаты ұлғайып, электрмен жабдықталу сенімділігі арта түсті.
Аталмыш жұмыстар мен өзгерістер туралы бізге ауданаралық электр желілерінің бастығы Жанболат Мұқышев айтып берді. Оның айтуынша, жаңартуға дейін қосалқы станцияда қуаты 4000 кВА болатын бір ғана күштік трансформатор және бір қоректендіру көзі болған. Жыл сайын электр қуатына деген қажеттіліктің артуына байланысты нысанды қайта жаңарту қажеттілігі туындады.
Осыған орай, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы станцияны жаңғырту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 35 кВ жинақтаушы шиналардың екінші секциясы, блок-модульді ғимаратында 10 кВ шиналардың екінші секциясы орнатылып, шұғыл өндірістік басқару мен қуаты 6300 кВА болатын екінші күштік трансформаторда монтаждау жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмыстар 2025 жылдың сәуір айында басталып, жаз бойы қарқынды атқарылды. Осынау қайта жаңартудан кейін қосалқы станция екі қорек көзіне ие болды. Жобаның жалпы құны 502,8 миллион теңгені құрады.
Ж.Мұқышевтың айтуынша, жүргізілген жаңарту Бармашино шағын ауданының электрмен жабдықталуын едәуір арттырып, қоректендіру резервін жасауға мүмкіндік беріп отырады. Бұл өз кезегінде, жыл сайын артып келе жатқан тұтыну көлемін ескерсек, өте маңызды.
Қайта жаңартылған нысанды аралап көрген Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов мұның курорттық аймақтың дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, әкімдік тарапынан «Көкшетау Энерго» ЖШС-мен бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға алдағы уақытта да дайын екендіктерін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.
![]()

