Шағын футбол алаңын сыйлады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың және ФИФА-ның ұлттық қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі директоры Эльхан Мамедовтың қатысуларымен Көкшетау қаласында халықаралық FIFA Arena бағдарламасы аясында салынған Қазақстандағы алғашқы футбол алаңының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды  облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл ФИФА-ның балалар футболын дамытуға және заманауи спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған бағалы бастамасы.

Аталмыш іс-шараға сондай-ақ, футболдың Қазақстан ұлттық құрамасының және көкшетаудың «Оқжетпес» клубының ойыншылары Дәурен Жұмат пен Қажымұқан Төлепберген, команда капитаны Нияз Ыдырысовтың да қатысқанын атап өткен жөн.

FIFA Arena бағдарламасы аясында әлемнің әр елінде ФИФА стандарттарына сай 1000 шағын футбол алаңының құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Пилоттық жоба шеңберінде Көкшетаудан бөлек, Ақтөбе облысының Хромтау қаласында да осындай алаң ашылмақшы. Жалпы, Қазақстан бойынша мектеп оқушыларына арналған 100 шағын алаң салу жоспарланып отыр.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бұл бастаманың маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел халқына өз Жолдауында бұқаралық спортты, балалар спортының инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы ФИФА-мен шағын футбол алаңдарын салу туралы келісімге келіп, бүгін соның бүкіл еліміз бойынша ең алғашқысын Көкшетау қаласында ашып отырмыз.  Мұнда балалар тек футбол ойнап қана қоймай, еңбекқорлықты, тәртіпті және командалық рухты үйренеді. Алаң заманауи технологиямен жабдықталған және барлық қауіпсіздік талаптарына сай салынып, балалардың тиімді әрі жайлы жаттығу жасауына бар  мүмкіндік жасалған, – деді ол.

Бұдан әрі сөз алған ФИФА-ның ұлттық қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі директоры Эльхан Мамедов осы әлемдік жоба туралы әңгімені әрі өрбітті.

– FIFA Arena жобасын ФИФА президенті Джанни Инфантино бастамашы болып қолға алған. Ол алдағы уақытта әлем бойынша мыңдаған футбол алаңдарын салып беруге уәде берді. Біз Қазақстан футбол федерациясының бұл жобаны қысқа мерзімде қолдағанына қуаныштымыз. Бүгін осы федерациямен бірлесе отырып, футбол алаңын Көкшетаудағы 900-ге жуық оқушы білім алатын Әл-Фараби атындағы IT қазақ лицейіне тарту етіп отырмыз. Бұл алаңда балалар сабақтан кейін футбол ойнап, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады. Дәл осы алаңдарда болашақта Қазақстанның атын халықаралық аренада танытатын футбол жұлдыздары өсіп шығады деп сенемін, – деді Э.Мамедов.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл алаң өскелең ұрпақтың футболға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік спорт ареналарында өнер көрсетулеріне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Бұқаралық спортсыз дені сау жастарды тәрбиелеу және бүкіл ұлттың денсаулығын нығайтуға қол жеткізу мүмкін емес» деген болатын. Бүгінгі ашылған алаң тек спорттық нысан ғана емес, бұл біздің болашағымызға, балалар мен жастардың денсаулығы мен дамуына салынған инвестиция. Сондықтан, ФИФА ұйымына аймақта бұқаралық спортты дамытуға қосқан осынау зор үлесі үшін алғыс айтамын. Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында біз әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға қол жеткіздік, – деді облыс әкімі.

Жоба FIFA мен Қазақстан футбол федерациясының ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылғандығын жоғарыда айттық. Атап айтқанда, ФИФА осы және болашақ алаңдарға арналған жабдықтар мен жасанды жамылғыларды жеткізуді, алаңдардың өзін құрастыруды қамтамасыз етсе, Қазақстан футбол федерациясы алаңның негізін дайындауға, инфрақұрылымды іске асыруға және жергілікті жұмыстарды үйлестіруге жауапты болып отыр.

Тағы бір қуаныш! Жиын соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа Көкшетауда салынатын жаңа футбол стадионының жобасын таныстырды.

Болашақ арена УЕФА-ның төртінші санатына сай келмекші. Бұл санат өз кезегінде  халықаралық дәрежедегі матчтарды өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын таяу арада бастап, 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар