Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірлерге жұмыс сапарларын одан әрі жалғастырып, Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы бұл кездесуінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Өз сөзінде Марат Ахметжанов өткен кездесуден бері ауданда өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бұрын аудан үшін өзекті мәселелердің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Бұл мәселе табысты шешімін тапты, бүгінде аудан толықтай орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылған.
Егіндікөл ауданының негізгі даму бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Оның ішінде егіншілік аудан экономикасының басты тірегі болып табылады. Ауданда 448 мың тоннадан астам астық жиналады деп жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға көп. Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологиялар енгізілуде.
Ауданда көлік инфрақұрылымын дамыту одан әрі жалғаса түсуде. Ұзындығы 19 шақырым болатын автожолдарды жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Ұзынкөл ауылындағы барлық көшелер толықтай асфальтталды.
Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамуда. Аудан орталығы Егіндікөл ауылында 32 пәтерлі тоғыз үйдің құрылысы аяқталды. «Отбасы банкі» арқылы сегіз екі пәтерлі үйді бөлу жұмыстары жүріп жатыр, ал, инженерлік желілері тартылып, абаттандырылған 16 пәтерлі үй пайдалануға беріле бастады. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі осы жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді.
Сумен жабдықтау саласында жүйелі жұмыстары одан әрі жалғасын табуда. Өткен жылы ұзындығы 68,7 шақырым болатын тозығы жеткен су құбыры желісін қайта жаңарту аяқталды. Нәтижесінде Спиридоновка, Полтавское, Бауманское, Буревестник, Егіндікөл, Қоржынкөл, Ұзынкөл және Тоғанас ауылдарының 6 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылды.
2025 жылы Егіндікөл, Буревестник және Полтавское ауылдарында су тарату желілері мен үш су мұнарасын жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде Егіндікөл және Буревестник ауылдарындағы екі су мұнарасы жөнделді.
Аудан орталығын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында блок-модульді қазандық салынды, 2,6 шақырым жылу магистралі жөнделіп, қазандықтардағы алты бу қазаны ауыстырылды. Сонымен қатар, білім беру және денсаулық сақтау салаларында бірқатар әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Бұл ретте:
– Ауданның барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері ұдайы назарымызда, – деп атап өтті облыс әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар интернет сапасы, білім беру саласындағы кадрлар тапшылығы және өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтар бойынша түсініктемелер беріліп, тиісті ведомстволарға нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктелді. Кездесуден кейін аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдау жүргізіп, өтініш-тілектері мен ұсыныстарына көңіл бөлді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Егіндікөл ауданы.
![]()

