Азаттық бастауында аға ұрпақ тұрды

Қазақ елі дербес республика болып жарияланғанда 35–40 жастың үстіндегі өрімдей қыз-жігіттер бүгіндері самайларын қырау шалған қазыналы қария атанып, тарих шежіресіне айналған сәттерді жүрек толқынысымен, еске алған сайын қол жеткізген жетістіктеріне шаттанып, мақтаныш сезіміне бөленеді. Еңбекқорлық пен ізгіліктің, татулық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген аға ұрпақ өкілдерін қамқорлыққа бөлеу – қоғамның басты міндеті. Сондықтан да біз кешегі Ұлы Отан соғысында ересектермен бірге станок басында тұрып, егінжайда масақ теріп, жайлауда төрт түлік мал өсірген тыл еңбеккерлері мен бейбіт өмірдің бүгінгі тарландарын әрдайым мақтан етеміз.

Биылғы жыл көкшетаулық ардагерлердің еңсесін көтерген мейірімге толы жыл болмақ. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен Көкшетау қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ашылуы қарияларымыздың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, олардың лайықты өмір сүруі үшін жасалған шынайы қамқорлықтың жарқын үлгісі болды дер едік. Ал, қоғамдық көлікте тегін жүріп жатқан зейнеткерлеріміздің қуанышын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес.

Аймақ басшысы Марат Мұратұлы жағымды жаңалықтарды алдымен, ардагерлермен бөлісуді дәстүрге айналдырды десе болғандай. Мәселен, Қарттар айлығына орай аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының жетекшілері мен еңбек озаттарын Мәңгілік алау ескерткіші жанындағы парк пен «Көк шалғын» аллеясының ашылу салтанатына шақырып, ару шаһарымыздың архитектуралық-сәндік келбетін жақсарту, ең бастысы, адамдардың демалысын ұйымдастыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралармен таныстырды.

Екі дәуірдің куәгерлері  қазыналы қарияларымыздың уақыт ағымынан қалыспай, қоғамдағы саяси реформалар мен тың бастамаларға дер кезінде үн қосуы өте маңызды. Жақында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтіп, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «2025 жылды «Жұмысшы мамандығының жылы» деп жариялау туралы» Жарлығынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға» орай «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалында тұрған міндеттері талқыланды. Пленум жұмысына Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Нөгертаева, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман қатысып, сөз сөйледі.

Күн тәртібіндегі осы өзекті мәселе бойынша мен де баяндама жасап, жарыссөзге Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Аманай Сейітқасымов, Көкшетау техникалық мектеп-лицейінің директоры Тілеген Амангелдіұлы, «Көкшетау-Энерго» ЖШС-і бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Александр Редванецкий, құрылыс-техникалық колледжі директорының орынбасары Алпысбай Омаров, «Алтын Тау» АҚ бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Галина Ульшина сөйледі.

Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланғанына бір жарым айдай уақыт өтсе де, еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардағы жұртшылықтың ықыласы зор екендігі әріптестеріміздің, білім мекемелері жетекшілерінің пленумда алға тартқан салиқалы ойларынан айқын аңғарылады. Мәселен, Көкшетау қаласындағы құрылыс-техникалық колледжінде жасанды интеллект пен цифрландыруды оқу бағдарламасына енгізу ісі мықтап қолға алынған. «Декоративті-қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік», «Тамақтануды ұйымдастыру», «Құрылыс және ғимараттарды пайдалану», «Электромеханикалық құрылғыларды пайдалану, жөндеу, техникалық қызмет көрсету» мамандықтары бойынша 686 студент заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған оқу шеберханасында тәжірибеден өтуде. Оқыту IdSkills халықаралық стандарты бойынша жүргізіледі. Сонымен бірге, дәнекерлеу ісімен, ағаш өнімдері және кулинарлық тағамдар өндірумен айналысатын үш шағын кәсіпорын да ашылыпты. Колледждің күнделікті жұмысында әлеуметтік әріптестік те маңызды рөл атқаруда. Еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға ықпал ету мақсатында индустриялық кеңес жұмыс істейді. Ақмола облыстық білім басқармасының 2016 жылғы бұйрығымен колледж ерекше дарынды мамандарды оқытатын ресурстық орталық болып бекітілген. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша 35 студент дәріс алуда. Мектеп-лицейде оқушылардың жасанды интеллектің көмегімен өндірістік процестерді модельдеуі, қауіпсіздікті азайтуы үшін авиамодельдеу үйірмесі ашылған. Онда студенттер заман талабына сай жабдықталған кабинетте ұшақтарды жинап, стимулятор арқылы ұшуға машықтанады.

Әрине, қазыналы қарияларымызға көрсетілер құрмет алдымен, олардың ел игілігі жолында атқарған еңбегін бағалаудан басталары сөзсіз. Сол себепті, айлық аясында мерейтой иелері өндіріс пен руханияттың, білім мен спорт саласының өкілдеріне ерекше ілтипат білдірілді. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова 85 жасқа толуына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен және 1 000 000 теңгенің сертификатымен марапатталды. Киелі сахнаны әуезді әндерімен өрнектеген Қазақстанның мәдениет қайраткері Мара Есмұханованың 70 жасқа толуына орай, облыстық филармонияда «Туған жерім – тұғырым» атты ән кеші өтті. Сахна саңлағының өнердегі елу жылдық қалтқысыз қызметі лайықты бағаланып, өнір басшысы Марат Ахметжановтың тарапынан мәртебелі марапатқа ие болды. «Аманат» партиясының облыстық филиалы ерлі-зайыпты Болат пен Мара Есмұхановтардың шығармашылығына арналған «Өмірде де, өнерде де – 50 жыл бірге» атты кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Егде адамдарды әлеуметтік қолдау айлығына орай,«Достар» мәдениет сарайында ардагерлер қозғалысы белсенділерінің, шахмат, дойбы, асық ату, бес асық турнирінің және батагөйлер сайысының женімпаздарымен бірге, өнірдің өркендеуіне үлес қосқан танымал тұлғалардың қатысуымен салтанатты жиналыс болды. Жиналғандарды қала әкімінің міндетін атқарушы Гүлмира Шұқатова құттықтап, мерейтой иелеріне Алғыс хаттар, спорттық сайыс жеңімпаздарына диплом мен ақшалай сыйлықтар тапсырды.

Көкшетау ауданында құрылған алғашқы колхоз төрағасы Қасым ақсақалдың отбасында 1945 жылы өмірге келген іскер азамат, кезінде КПСС ХХХІV съезі атындағы совхоздың директоры болған Жеңіс Шүйкенов 80 жасқа толса, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшісі, Краснояр селолық округінің бұрынғы әкімі Базарбай Әбуов пен Көкшетау өніріне танымал музыка маманы Светлана Әміржанова да мерейлі жетпіс жасқа толып отыр.

Көкшетау қаласы әкімінің жүлдесі үшін шахмат пен дойбыдан 25-ші рет өткен турнирге ардагер спортшыларымыздың тынғылықты дайындықпен келгендігін тартысты ойын барысынан айқын байқауға болады. «Аталған жарысқа көптен бері қатысып келсем де қобалжу болады екен. Өйткені, біздің шахмат клубында спорттың көне түрімен айналысатын зейнеткерлердің әрқайсысы намысты қолдан бермейтін кәнігі ойыншылар. Алайда, бұл жолы бағым жанып шахматтан бірінші орынды олжаладым», – дейді Сәбит Убышев.

Аталған турнирге тынғылықты дайындықпен келген Райымбек Ғабдуллин мен Сәкен Тәнірқұлов екінші-үшінші орындарды еншілесе, Тельман Мұқышев, Болат Рақышев, Еркін Солтан «Үздік старт», «Ымырасыз ойын», «Жеңімпаздарға қарсы жақсы нәтиже көрсеткені үшін» аталымдары бойынша марапатқа ие болды.

Әдеттегідей, дойбы жарысы да тартысты өтті. Өткен турнирлерде де топ жарған Сайлау Көшкенұлы, Владимир Тонких, Тельман Мұқышев жүлделі үш орынды бөлісті. Өкінішке орай, биылғы турнирге әйелдер қатыспады. Спорттың бұқаралық түрі – шахмат пен дойбының кең қанат жаюын қаласақ, мұндай әттеген-айларға келешекте жол бермегеніміз жөн.

«Белсенді ұзақ өмір» орталығы мен қалалық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырған асық ату және бес асықтан өткізілген жарысқа 14 адам қатысты. Асық атудан өткен жарысқа қатысқан алты ойыншының ішінде Нұралы Бикенов суырылып алға шығып, бірінші орынды жеңіп алса, Әдей Әбікеұлы мен Мұхамеджан Дәуіт екінші-үшінші орындарды бөлісті. Бес асықтан әйелдер арасындағы бәсекеде Көгершін Күшпесованың бағы жанып, бірінші орынды еншілесе, Сұлушаш Ербатырова мен Күлбаршын Күшербаева да жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Жастарға адал еңбектің қадір-қасиетін насихаттап, аға толқынның өмірлік тәжірибесі мен даналығын үлгі ету, рухани тәрбиені, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі мен қазақ қалалық үлгілі кітапханасы Көкшетау қаласы әкімінің жүлдесі үшін «Адал еңбекке – ақ бата» батагөйлер сайысын өткізді. Қазақ халқының ұлт болып ұйысуына, бірлік пен ынтымағына себеп болған, ұрпақ тәрбиесінің діңгегі саналатын батаның қадір-қасиетін ұлықтауға арналған бұл сайысқа 12 үміткер қатысып, шешендік шеберлігі бойынша бақ сынасты.

Қазылар алқасының төрағасы, қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев алдымен сайысқа қатысушыларды жеке-жеке таныстырып, байқау ережесі жайлы да түсініктеме берді. Үміткерлердің шеберлігі ұлттық киім үлгісіне, берген баталарының мазмұнына орай анықталды. Сайыс екі кезең бойынша өтті. Біріншісі – «Адал еңбекке – ақ бата», яғни, еңбектің мәні мен тәрбиелік маңыздылығына арналса, екіншісі еркін тақырыпқа, яғни, әркімнің өз қалауы бойынша бата құдіреті танытуынан бастау алып жатты.

Осы талаптарға сәйкес шеберлік танытып, суырылып алға шыққан Боқан Мұсетов бас жүлдеге ие болды. Одан кейінгі үш орынды Жексенбай Мұқан, Әбілғазы Рахымжанов, Айтан Жылқыбай бөлісіп, диплом және ақшалай сыйлықтарды еншіледі. Ал, қалған үміткерлер Қалымтай Мүсілімов, Нелли Рахымжанова, Шәмшия Тоғайбаева, Жұмабек Күшпанов, Кәрім Бостанбаев, Ербаян Сүлейменов, Есет Ахметжанов, Есләмбек Құрманов ынталандыру сыйлығына қол жеткізді.

Сайыстың өту деңгейіне келер болсақ, үміткерлердің басым көпшілігі еңбектің рөлін ашып көрсете алмады. Ұйқассыз сөз тіркестерін көбірек қайталап, батаны қағазға жазып оқып бергендер де болды. Бұл дегеніміз – ереже талаптарын өрескел бұрмалаушылық екендігін мойындауымыз керек. Дегенмен, қазақ қалалық үлгілі кітапханасының қызметкерлері аталған шараның өз дәрежесінде өтуіне барлық жағдайды жасағанына шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдарда Қарттар айлығы биыл да ұйымшылдықпен өткенін мақтанышпен, риза көңілмен айта аламыз. Өз тарапымыздан біз осы жолы да жалғызбасты қариялар мен әлеуметтік көмекке зәру жандардың тұрмыс жағдайын ерекше бақылауға алдық.

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға – Республика күніне орай, ардагерлеріміздің ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне шынайы алғысымды білдіре отырып, дендеріне саулық тілеймін. Әрдайым құрметке бөленіп, өскелең ұрпақты отаншылдық сезімге тәрбиелеу жолында ізденіс таныта берсеңіздер екен дейміз.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар