Басты жетістігіміз – ұлтаралық келісім мен татулық

«Қоғамдық келісім» мекемесінде еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күніне орай, «Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз» атты диалог алаңы болып өтті. Егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіз мемлекет болуға нақты қадам жасалған маңызды күн ел тарихында Республика күні болып белгіленген еді.

Араға жылдар салып, заңға өзгертулер енгізіліп,  күнтізбеден алынып қалған аталмыш мереке 2022 жылы қайта оралып, еліміздің ұлттық мейрамына айналды. Биыл сол егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр.

«Қоғамдық келісім» мекемесіндегі  диалог алаңында осы тарихи құжаттың қабылдануы, егемен елдің тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы батыл қадамдары, қазіргі бейбіт те тыныш замандағы этносаралық келісім мен сыйластық сияқты жетістіктер жиналған қауымның әңгіме арқауы болды.

Мекеме басшысы Қуаныш Шақшақовтың төрағалығымен өткен диалог алаңына Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрылымдары мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ақмола облысының мемлекеттік архиві қызметкерлері, «Күзет» мамандандырылған мемлекеттік басқармасының күзет өкілдері және жастар қатысты. Іс-шарада ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қаратай Төлекеев, ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Марат Өтегенов, «Вайнах» Ақмола облыстық шешен-ингуш этномәдени қоғамының төрағасы Герихан Яндиев сөз алып, егемендіктің мән-маңызы мен еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы даму баспалдақтары жөнінде өздерінің ой-толғамдарын ортаға салып, жас ұрпақты қазіргі бейбіт заманның қадірін түсінуге, туған жерді құрметтеп, Отанды сүюге шақырды. Қазақ деген халықтың дархандығы мен кең пейілділігін, ұлтаралық сыйластық пен татулықтың маңызын жан-жақты ұғындыра түсті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуындағы азаматтық бірлік пен қоғамдық келісімнің маңызын талқылау, сондай-ақ, қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға ат салысу болып табылады.

Бағдарлама аясында Герихан Яндиев Ақмола облыстық мұрағаты директорының орынбасары Ділдар Бегайдароваға Қазақстан халқы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Ақмола ассамблеясы құрастырған альбомды тапсырып, патриоттық әндер шырқалды, елдегі бейбітшілік пен келісімнің мәні туралы одан әрі де ой-пікірлер ортаға салынды.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар