Ақмола облысында шағын және орта бизнесті дамыту

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы бұқаралық ақпарат құралдарымен  баспасөз турын өткізді. Жұмыс сапары акционерлік қоғамның облыс орталығындағы әкімшілік ғимарат қабырғасындағы кездесумен басталып, кәсіпкерлікті қолдау қорынан қолдау көрген нысандарға жалғасты.

Бүгінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры кәсіпкерлерге үш негізгі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетеді. Олар: жеңілдетілген қаржыландыру, жеткіліксіз кепілзатты қамтамасыз ету жағдайында қарыздарға кепілдік беру және сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау.

Маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға тиімді балама әрі кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Шарттары да тиімді: несиені 10 жылға дейін бекітілген 12,6 пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Өңірде жыл басынан бері бұл бағдарламамен жалпы сомасы 13 миллиард теңгеге тарта 40 жоба қолдау тапты.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 миллиард теңгеге дейінгі және одан жоғары жобалар үшін екі Кепілдік қоры іске қосылды. Енді кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болғанда «Даму» қоры 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға небәрі 2 жұмыс күнінде портфельдік кепілдендіру арқылы кепілдік береді. Кепілдік несиеге, лизинг мәмілелеріне және шарттарды орындауға беріледі және қарыз сомасының 85 пайызына дейін, бірақ, жалпы 3,5 миллиард теңгеден аспайтын көлемінде жабады.

Ақмола облысында биылғы 9 айда кепілдік беру бағыты бойынша жалпы несие сомасы 76,7 миллиард теңге болатын 361 жоба қолдау тапқан. Мұндағы кепілдік сомасы  62 миллиард теңге. Оның ішінде кепілдік қоры аясында 56 жобаға 6 миллиард теңгеге тарта көлемде кепілдік берілген. Жобалар, негізінен, өңдеу өнеркәсібіне, көлік және қоймалау саласына тиесілі.

Агроөнеркәсіп кешенідерінің көктемгі егін жұмыстарына кепілдендіру бағдарламасы бойынша 55 миллиард теңгеден астам қарадатқа кепілдік берілді. Осы саладағы егіс я жинау жұмыстарына несие беру шарттары: қарыз сомасы – 1,5 миллиард теңге, Ұлттық Банк белгілеген базалық мөлшерлеме +7,5 пайыздан аспайтын үстеме, кепілдік – несие сомасының 85 пайызына дейін.

Сонымен қатар, жыл басынан бері «Даму» қоры өңірде 64 шағын және орта бизнес субъектісін субсидиялау арқылы жалпы 9,9 миллиард теңге көлемінде қолдады. Оның ішінде бірыңғай кешенді бағдарлама аясында құны 7,3 миллиард теңге 47 жоба мен ішкі сауда субъектілерінің 2,6 мииллиард теңгеге 17 жоба бар.

– Ұлттық даму институты ретінде «Даму» қоры Қазақстанның барлық өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етуі айтарлықтай экономикалық нәтиже беруде. Ақмола облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 9,2 мың жаңа жұмыс орнын құрды. Бюджетке төленген салық көлемі 449 миллиард теңгені құрады, – деді «Даму» қоры Ақмола облыстық филиалының директоры Айнагүл Еркенқызы.

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері өңірдегі мемлекеттік қолдау алған үш кәсіпорынның жұмысымен танысты:

«МИР КАРАТЭ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 2022 жылдың 13 қаңтарында Көкшетау қаласында спортты дамыту және жауынгерлік өнерді жас ұрпақ арасында насихаттау мақсатында ашылған. Компания басшысы – балалар мен жастарды каратэге баулуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз қызметін арнаған Руслан Жексембайұлы Нұрғалиев. Негізгі қызмет бағыты – спорт және демалыс саласындағы білім беру. Бүгінде компания секцияларында үш жастан бастап балалар мен жасөспірімдер жаттығады, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған адаптивті каратэ бар. Мұндай формат үдерістерді икемді басқаруға және сапаға, жеке көзқарасқа көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Биыл жылы компания «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы арқылы үй-жай сатып алуға қаржыландыру алды.

Кепілзат жеткіліксіздігіне байланысты «Даму» қоры «1-кепілдік қоры» бағдарламасы бойынша кепілдік берді. Мемлекеттік қолдау секцияларды кеңейтуге, балалардың жаттығу жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. «МИР КАРАТЭ» тәрбиеленушілері қалалық және облыстық жарыстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болып, өңірді лайықты таныстыруда.

«Милк Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 2009 жылы Зеренді ауданының Садовое ауылында құрылған. Алғашқы кезеңде кәсіпорын тәулігіне 2-4 тонна сүт өңдейтін. Қазіргі уақытта компания жылына орта есеппен 20 000 тонна сүт өңдеуде. Өндірілетін өнім ассортиментіне: ультрапастерленген сүт, қаймақ, айран, йогурт, ряженка, сүзбе, май және т.б. кіреді. Компания «ДКБ2020» бағдарламасы аясында бірнеше рет мемлекеттік қолдау алды. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша сауынды жабдықтары бар мал фермасының құрылысы жобасы қолдау тапты. Биыл компания «Өрлеу» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында «ForteBank» акционерлік қоғамынан қарыз алды. Бағдарлама бойынша қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыз. Сонымен қатар, «1-Кепілдік қоры» аясында кепілдік беріліп, қаржыландыру қолжетімді әрі тиімді болды.

– Мемлекеттің қолдауы мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың арқасында біз қосымша жабдық сатып алдық. Бұл өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Қазір тәулігіне 70-80 тонна табиғи сүт өнімдерін шығарамыз, –серіктестік директоры Әсемгүл Әшімова.

«Wellness & Resort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Щучинск қаласының Бурабай ауданындағы көркем орманды туристік аймақта ең ерекше «Лес» қонақүйін салды. Қонақүй 21 гектар жерде орналасқан, оның 6 гектары абаттандырылған. Қарағайлы-қайыңды орманда SPA-комплекс, мейрамхана, қонақ үйлері бар коттедждер салу үшін қарыз қаражаты тартылды. Демалыс аймағы 160 адамға есептелген. Биыл компания «ForteBank» акционерлік қоғамының есебінен субсидияланды.

– «Даму» қорының несиесінің бірінші кезеңін 2023 жылы алдық. Оған жаңа демалыс орындарын салдық. Содан кейін екінші кезеңде СПА салдық. Үшінші кезеңде мейрамханамызды кеңейтіп, жаңа бірегей үйлер салып жатырмыз. Кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар үлкен қолдау беруде, – дейді серіктестік басшысы Мақсат Әлімбет.

Кәсіпкерлер кешенді қолдаудың арқасында жұмыс та қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген: Бейбарыс Шалабаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар