Жаңа емдеу орындары, жаңа мүмкіндіктер

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен өңірде екі жаңа медициналық нысандардың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында заманауи аудандық аурухана мен емхана және Бұланды ауданының Партизанка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт өз жұмысын бастады. Бұл нысандар ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуда маңызды қадам болып табылады.

Жаңа үлгідегі үш қабатты аурухана қазіргі заман талаптарына сай жобаланып, сапалы әрі жайлы медициналық көмек көрсетуге арналған барлық жағдайлармен қамтылған. Бір ғимаратта терапиялық, хирургиялық, педиатриялық бөлімшелер, күндізгі стационар және тәулігіне 200 адам қабылдай алатын емхана орналасқан. Бір-бірімен галереялар арқылы байланысқан төрт блок пациенттер мен қызметкерлердің еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етеді.

Мекемеде диагностика, емдеу және оңалтудың толық циклі ұйымдастырылған. Жарық әрі кең кабинеттер, заманауи медициналық жабдықтар және білікті мамандар жұмыс істейді. Енді аудан тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ кешенді тексеруден өтіп, мамандар кеңесін алып, сапалы ем қабылдай алады.

Салтанатты шара барысында сөйлеген сөзінде Алтынай Әміренова жаңа нысанның өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Бүгін Степняк қаласында өңір үшін маңызы зор медициналық мекеме ашылуда. Президентіміз атап өткеніндей, азаматтардың денсаулығы – Әділетті Қазақстанның негізі. Біз бұл сөздерді нақты іспен дәлелдеп отырмыз. Көп жылдар бойы аудандық аурухана бірнеше онжылдық бұрын салынған ғимаратта орналасып келді. Ал, қазір оның орнында заманауи жабдықталған, жайлы әрі кең жаңа орталық бой көтерді. Бұл жоба денсаулық сақтау жүйесін нығайтып қана қоймай, мемлекеттік қамқорлықтың нақты бар екеніне халықтың сенімін арттырады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Аурухана толық медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген. Мұнда түрлі саладағы дәрігерлер мен жас мамандарды қоса алғанда, 115 қызметкер еңбек етеді. Олар ауылдық медицинаны дамытуға өз үлестерін қосуда.

Степняк қаласының тумасы, денсаулық сақтау саласында 40 жылдық тәжірибесі бар белгілі дәрігер Серік Аяғанов та бұл күннің аудан өміріндегі ерекше оқиға екенін атап өтті.

Сол күні Бұланды ауданының Партизанка ауылында да жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бір ауысымда 40 адамды қабылдай алатын бұл мекеме 600-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Пункт алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен толық қамтылған. Емдеу мекемесінде дефибрилляторлар, фетальды мониторлар, физиотерапиялық аппараттар, небулайзерлер, кардиографтар мен зертханалық құралдар орнатылған.

Жаңа ғимарат жарық әрі жылы, орталықтандырылған су жүйесімен жабдықталған. Енді ауыл тұрғындары фельдшер немесе акушер кеңесіне жүгініп, қажетті медициналық көмек алу үшін аудан орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде емделе алады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар