Желбіре, менің қасиетті Көк Туым!

Мерейлі мереке

Республика күні Көкшетау қаласындағы «Тутұғыр» монументі алаңында Мемлекеттік Ту көтеру салтанаты өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, мерекеге орай, құттықтау сөз сөйледі. Мемлекеттік Әнұранмен басталған жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық жұртшылық және зиялы қауым, қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Осы шараға қатысушыларды мерекемен құттықтаған аймақ басшысы Республика күні қазақстандықтардың тәуелсіздігі мен бірлігінің, ел тұтастығы мен оның дамуының жарқын нышаны екенін атап өтті.

–Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке біртұтас Қазақстанның берекелі ел болуының, туған өлкемізге деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен адал еңбегіміздің көрінісі деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика күні мерекесін қайтару саяси шешімі егемендікке арқау болған декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың салмағын еселеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсті. Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Он үш жылдан кейін қайта оралып, ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнін атап өту Әділетті Қазақстанға қызмет ететін әрбір азамат үшін айрықша мәнге ие ерекше күн ретінде санамызда жаңғыруы тиіс. Еліміздің кемелденуі жолында бірлікті ту етіп, адал еңбектің құндылығын биік қоятын Ақмола жұртшылығы ұлық мерекенің ұлағатын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау үрдісін жалғастырып келеді. Тарихи әрі идеологиялық мән-маңызы зор, тәуелсіз еліміздің ұлық мерекесі баршаңызға игілік, бақ-дәулет, ырыс-несібе әкелсін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттық стратегиялық мүддесі жолында әрбіріңіздің еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаңыз сәтті болсын. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, зор жетістіктер тілеймін! – деді облыс әкімі шара барысында сөйлеген құттықтау сөзінде.

Шара барысында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында аймақта өзінің табанды еңбегімен табысты нәтижеге жетіп келе жатқан бірқатар еңбек   және құқық қорғау органдарының өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Сондай-ақ, облыстың белсенді жастары естелік сыйлықтармен атап өтілді.

– Бұл мереке еліміздің тәуелсіздігінің айқын нышаны. Біз, жастар, Туымызды абыроймен көтеріп, өңірдің әрі қарай гүлденуіне өз үлесімізді қосуға тырысамыз, – деді шара барысында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының мүшесі Махмұтжан Давранов.

Көкшетаудағы ту көтеру салтанатты рәсімі көпшіліктің «Менің Қазақстаным» әнін шырқауымен аяқталды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар