«Даму» қорының қолдауын құптамай болмайды

Баспасөз туры

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы бұқаралық ақпарат құралдарымен  баспасөз турын өткізді.

Жұмыс сапары әкімшілік ғимарат қабырғасындағы кездесумен басталып, кәсіпкерлікті қолдау қорынан қолдау көрген нысандарда жалғасты. Бүгінде бұл қор кәсіпкерлерге үш негізгі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетеді. Олар жеңілдетілген қаржыландыру, жеткіліксіз кепілзатты қамтамасыз ету жағдайында қарыздарға кепілдік беру және сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау.

Маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға тиімді балама әрі кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Шарттары да тиімді, несиені 10 жылға дейін бекітілген 12,6 пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Өңірде жыл басынан бері бұл бағдарламамен жалпы сомасы 13 миллиард теңгеге тарта 40 жоба қолдау тапты.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 миллиард теңгеге дейінгі және одан жоғары жобалар үшін екі Кепілдік қоры іске қосылды. Енді кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болғанда «Даму» қоры 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға небары 2 жұмыс күнінде портфельдік кепілдендіру арқылы кепілдік береді. Бұл кепілдік қарыз сомасының 85 пайызына дейін, бірақ, 3,5 миллиард теңгеден аспайтын көлемде несиеге, лизинг мәмілелеріне және шарттарды орындауға беріледі.

Ақмола облысында биылғы 9 айда осы кепілдік беру бағыты бойынша жалпы несие сомасы 76,7 миллиард теңге болатын 361 жоба қолдау тапқан. Жобалар, негізінен, өңдеу өнеркәсібіне, көлік саласына тиесілі.

Агроөнеркәсіп кешені құрылымдарын көктемгі егін жұмыстарына кепілдендіру бағдарламасы бойынша 55 миллиард теңгеден астам қаржыға кепілдік берілді. Осы саладағы астық жинау жұмыстарына несие беру шарттары: қарыз сомасы – 1,5 миллиард теңге, Ұлттық Банк белгілеген базалық мөлшерлеме 7,5 пайыздан аспайтын үстеме, кепілдіктің өзі несие сомасының 85 пайызына дейін.

Сонымен қатар, жыл басынан бері «Даму» қоры өңірдің 64 шағын және орта бизнес субъектісіне субсидиялау арқылы 9,9 миллиард теңге көлемінде қолдау білдірді. Оның ішінде бірыңғай кешенді бағдарлама аясында құны 7,3 миллиард теңге 47 жоба мен ішкі сауда субъектілерінің 2,6 миллиард теңгелік 17 жобасы бар.

– Ұлттық даму институты ретінде «Даму» қоры Қазақстанның барлық өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етуі айтарлықтай экономикалық нәтиже беруде. Ақмола облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 9,2 мың жаңа жұмыс орнын құрды. Бюджетке төленген салық көлемі 449 миллиард теңгені құрады, – дейді «Даму» қоры Ақмола облыстық филиалының директоры Айнагүл Байдәулетова.

Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері өңірдегі мемлекеттік қолдау алған үш кәсіпорынның жұмысымен танысты. Оның алғашқысы «Мир каратэ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылдың 13 қаңтарында Көкшетау қаласында спортты дамыту және жауынгерлік өнерді жас ұрпақ арасында насихаттау мақсатында ашылған. Компания басшысы – балалар мен жастарды каратэге баулуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз қызметін арнаған Руслан Жексембайұлы Нұрғалиев. Негізгі қызмет бағыты – спорт және демалыс саласындағы білім беру. Бүгінде компания секцияларында үш жастан бастап балалар мен жасөспірімдер жаттығады, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған адаптивті каратэ бар. Биылғы жылы компания «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы арқылы үй-жай сатып алуға қаржы алды. Кепілзат жеткіліксіздігіне байланысты «Даму» қоры оған «1-кепілдік қоры» бағдарламасы бойынша кепілдік берді. Бұл мемлекеттік қолдау секцияларды кеңейтуге, балалардың жаттығу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. «МИР КАРАТЭ» тәрбиеленушілері қалалық және облыстық жарыстарға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

«Милк Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де 2009 жылы Зеренді ауданының Садовое ауылында құрылған. Алғашқы кезеңде кәсіпорын тәулігіне 2-4 тонна сүт өңдейтін. Қазіргі уақытта компания жылына орта есеппен 20000 тонна сүт өңдеуде. Өндірілетін өнім ассортиментіне ультрапастерленген сүт, қаймақ, айран, йогурт, қатық, сүзбе, май және тағы басқалары кіреді. Компания «ДКБ2020» бағдарламасы аясында бірнеше рет мемлекеттік қолдауға ие болды. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша сиыр сауу жабдықтары бар мал фермасының құрылыс жобасы қолдау тапты. Биыл компания «Өрлеу» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында «ForteBank» акционерлік қоғамынан қарыз алды. Бағдарлама бойынша қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыз. Сонымен қатар, «1-Кепілдік қоры» аясында кепілдік беріліп, қаржыландыру қолжетімді әрі тиімді болды.

– Мемлекеттің қолдауы мен пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың арқасында біз қосымша жабдық сатып алдық. Бұл өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Қазір тәулігіне 70-80 тонна табиғи сүт өнімдерін шығарамыз, – дейді серіктестік директоры Әсемгүл Әшімова.

«Wellness & Resort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Щучинск қаласының Бурабай ауданындағы орманды туристік аймақта ең ерекше «Лес» қонақ үйін салды. Қонақ үй 21 гектар жерде орналасқан, оның 6 гектары абаттандырылған. Қарағайлы-қайыңды орманда SPA-кешен, мейрамхана, қонақ үйлері бар коттедждер салу үшін несие қаражаты тартылды. Демалыс аймағы 160 адамға есептелген. Биыл компания «ForteBank» акционерлік қоғамының есебінен субсидияланды.

– «Даму» қоры несиесінің бірінші кезеңін 2023 жылы алдық. Оған жаңа демалыс орындарын салдық. Содан кейін екінші кезеңде СПА салдық. Үшінші кезеңде мейрамханамызды кеңейтіп, жаңа бірегей үйлер салып жатырмыз. Осылайша кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар үлкен тиімділікке қол жеткізуде, – дейді серіктестік басшысы Мақсат Әлімбет.

Кәсіпкерлер осындай кешенді қолдаудың арқасында жұмыстарының ойдағыдай жүріп жатқанын айтуда.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген: Бейбарыс Шалабаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар