Тасқынға — тосқауыл
2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеттерінің бірі. Сандықтау аудандық әкімдігі су басу қаупі бар елді мекендерді инженерлік тұрғыдан қорғауға бағытталған кешенді жоспар әзірлеп, іске асыруда.
Сондықтан да, бүгінгі таңда аудан орталығы Балкашино ауылында Жабай өзенінің арнасын тазарту және тереңдету жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Қаржыландырудың жалпы көлемі 4,065 миллиард теңгені құрайды.
Жабай өзенінде жүргізіліп жатқан өзен түбін тереңдету жұмыстарының ұзындығы 5,2 шақырымды қамтиды. Жұмыстар алты учаскеде қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыс көлемінің 92 пайызы орындалды. Жобаны іске асыруға 120 адам және 56 арнайы техника жұмылдырылған.
Су тасқыны салдарынан жолдардың шайылуын болдырмау және жұмыс істеп тұрған нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су өткізу құрылыстарын жөндеу де қолға алынған болатын. Мәселен, аудандық маңызы бар Васильевка – Тучное автомобиль жолындағы су өткізу құрылғысына орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Сонымен қатар, Новоселовка ауылындағы су өткізу құрылғысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Осы және басқа да барлық жоспарланған жұмыстарды 2025 жылдың аяғына жеткізбей, толық аяқтау көзделіп отыр.
Сандықтау ауданы.
![]()

