Инвестициялар есебінен бірқатар өндіріс орындары қолға алынбақшы

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданына жұмыс сапары барысында өңір тұрғындарын толғандырып жүрген жайларды пысықтап, жеке мәселелермен бір топ азаматтарды қабылдады, бірнеше әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, жаңа міндеттерді белгіледі.

Облыс әкімі Шортанды ауданына жұмыс сапарын Дамсы бөгетінің шлюзін қайта құру жұмыстарымен танысудан бастады. Гидротехникалық құрылысты қайта жаңартуды бас мердігер «Qazaq Union» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. «Демеу Қазақстан Қоры» корпоративтік қорынан бөлінген қаржы есебінен жоба құны бір миллиард теңге. Жұмыстың жалпы ауқымы 203,5 шаршы метрді, ал, бөгеттің ұзындығы 1000 метрді құрайды. Су өткізгіш қақпалар толығымен ауыстырылып, су ағынын реттейтін механикалық құрылғылар орнатылып, жағалауды қорғау және тереңдету жұмыстары қоса жүргізілуде. Өзен арнасы қамыс пен ағаштан тазартылып, су алатын жер нығайтылды.

– Жұмысымыз аяқталып қалды. Қазір шлюздарды орнатып, астыңғы шахтаның ағынды су жүретін жолдарын жасап жатырмыз, енді оның айналасын абаттандыру ғана қалды. Ресейде жасалған материалдарды пайдаланудамыз, техникамыз жеткілікті, елордаға жақын ауылдардан 20-дан астам мамандар мен жұмысшылар жұмыс істеуде. Өкінішке орай, бүгінде біздің салада гидротехник мамандарының тапшылығы қатты сезіліп отыр. Қазіргі қызметкерлеріміздің көбі зейнет жасына жақындап қалған егде жастағы адамдар, – дейді бас инженер Дархан Қасенов.

Марат Ахметжанов өз сөзінде су тасқыны кезінде елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауданның ауыл шаруашылығын дамыту үшін бөгетті қалпына келтірудің маңызы зор екенін атап өтті.

Аудан тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларын біріктіретін Шортанды ауданының осы екі саланы өркендетуде әлеуеті зор екенін баса айтты. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, 339 мың тоннадан астам астық жиналды. Аудан ұн және кебек өндіру бойынша облыста ең ірі өндірушілердің бірі, ал, жалпы өндіріс көлемі бойынша облыста төртінші орында тұр.

– Мемлекет  жеңілдетілген несиелер арқылы шаруаларға зор қолдау көрсетіп отыр. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мұндай мемлекеттік қолдау төрт есеге артты, – деді осы орайда, Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі аудан экономикасына салынған инвестиция көлемі алты есеге жуық өскенін, бұл өңірдің әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтінін айтты. Өткен жылы жалпы құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылып, 215 жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы 186 жұмыс орнын құру арқылы 15,9 миллиард теңгенің сегіз жобасын іске асыру жоспарланған. Ірі жобалар қатарында Жолымбет алтын өндіру зауытын қайта құру мен үш кірпіш зауытының құрылысын жүргізу бар. Сонымен қатар, «Hopefull Grain Corporation» компаниясымен Төңкеріс стансасы маңында бидайды тереңдетіп өңдейтін және биоотын өндіретін кешен салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Бұл жоба арқылы шамамен 1 миллиард доллар инвестиция тарту және 1000-ға жуық жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Ауданда инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерге де тиісті көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы «Жолымбет-Шортанды-Пригородное» тас жолының 62 шақырымында, сондай-ақ, ауданның тоғыз елді мекенінің барлығы 8 шақырым жол желісінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жалпы құны 123,4 миллион теңгеге коммуналдық қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дамса ауылында 3,2 шақырым жылу желілерінің құрылысы және модульдік қазандық орнату жұмыстары іске асырылды.

Кездесуде тұрғындар жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, жылыту маусымына дайындық, туристік аймақтарды дамыту, елді мекендерді абаттандыру мәселелерін көтерді.

Бұл күні облыс әкімі 96 жастағы еңбек ардагері Георгий Тепляковтың үйіне барды. Георгий Константинович кезінде көптеген мамандықтарды меңгеріп, жиһаз фабрикасында токарь, малшы, жүргізуші, механизатор болып еңбек еткен. Көп жылғы адал еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

– Сіз соғыс жылдарын бастан өткеріп, тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысып, өмір бойы еңбек етіп, осындай құрметті жасқа жеттіңіз. Алдағы уақытта да деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Сіз жастарға тамаша үлгісіз, ұлағатты ғұмырыңыз осылай жақсылықпен, қызық-қуанышпен жалғаса берсін, – деп Марат Ахметжанов қадірменді қартқа өзінің ізгі тілегін жеткізді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар