Ауыл агрономының табысы

«Новосельское» серіктестігінің бас агрономы Фаниль Габдулхаков еліміз бойынша биыл жаңадан алғаш рет тағайындалған «Қазақстанның аграрлық саласына еңбек сіңірген қайраткер» атағына ие болды.   

Өңірдегі ақық дән аялаған диқан қауым атбасарлық агроном Фаниль Рифкатовичтың есімін жақсы біледі. Жердің тілін таба білген шаруашылықтың бас агрономы өзінің ізденімпаздығының, тың ғылыми жаңалықтарды ойлап таба білуінің арқасында ырыздық молшылығына үлес қосуда. 2011 жылы «Сочинское» және «Жайдарман» деп аталатын күнбағыстың екі сортына авторлық куәлік алған болатын. Сол жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің сертификатына ие болып, Қазақстанның «Үздік агрономы» атағымен марапатталды.

Шынтуайтында бұл табанды жұмыстың нәтижесі еді. Ғылыми жұмысы туралы да, нәтижесі хақында да айта кетелік, 2003-2007 жылдары «Сочинское» тұқымы Қазақстанның бес облысының егістік алқабының 70 пайызына себілді. 2024 жылы 15 жылғы ғылыми жұмыстан кейін Фаниль Рифкатович «Сочинский голозерный» деп аталатын арпаның жаңа түрін ойлап шығарды. Әр кезде табиғатпен тілдесіп, күнделікті жұмысты ғылыммен ұштастыра білген бас агроном жаңалықты жүзеге асыруының арқасында серіктестіктің бәсекелестік айдынында жалауы желбіреуіне мол үлесін қосуда. Осы еңбегі үшін 2008 жылы «Құрмет» орденіне ие болды. Салада 39 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ғалым-агрономның табыстары көпшілікке мәлім.

Бұл күнде сұранысқа ие болып отырған дақылдардың бірнеше сортын ойлап тапқан ғалым-агроном өсімдіктердің өнімділігін көздей отырып, солтүстік ауа райына төзімді болуын да ескереді. Жаздық жұмсақ бидайды өсіру және заманауи технологияларды енгізу бойынша әзірлеген оқу құралы ауыл шаруашылығы ғылымына қосқан маңызды үлесі.

– Әріптестерім әр жыл сайын қандай тұқым егу қажеттігі туралы жиі сұрайды, – дейді Фаниль Рифкатович, – бұл өте маңызды мәселе. Түпкі нәтижеге тұқымды дұрыс таңдай білу де әсер ететіндігін дәлелдеудің қажеті жоқ. Меніңше, өңірдің ауа райының ерекшелігіне орай, құрғақшылыққа төзімді, ауруға бой алдырмайтын, өнімді мейлінше көп беретін тұқым болғаны жөн ғой.

Ғалым-агрономның табанды еңбегінің арқасында солтүстік диқандары көптеп қолданатын жаңа тұқымдар ел ырыздығын еселеуге себепші болып тұр.

Байқал БАЙƏДІЛОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар