2025 жылғы 13 қарашада Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов (облыс әкімі болып 2023 жылы 5 қыркүйекте тағайындалған) Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуы туралы кешенді баяндама жасады. Назарларыңызға осы баяндама негізінде жасалған сараптамалық мақаланы ұсынамыз.
Қысқаша анықтама: Ақмола облысы – Қазақстанның солтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлігі. 1939 жылы құрылған, 1961-1992 жылдары Целиноград облысы болып аталды. Жер аумағы 146,2 мың шаршы шақырым. Тұрғыны 738 611 адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 5,05 адамнан келеді (2018). Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарымен шектеседі. 14 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік ауданға бөлінген. 10 қала, 13 кент, 245 ауылдық әкімшілік округ бар. Әкімшілік орталық – Көкшетау қаласы (165 мың адам).
Климаты тым континенттік, қысы ұзақ (5,5 айға созылады) суық, жазы қоңыржай ыстық. Қаңтардың орташа темпертурасы –16-18°С, шілдеде 19-21°С. Тұрақты қар жамылғысы қарашаның ортасында қалыптасып, оңтүстігінде 130-140 күн, солтүстігінде 150-155 күн жатады. Қардың орташа қалыңдығы 20-22 см. Солтүстігінде жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 400 мм, оңтүстігінде 250 мм. Облыста солтүстіктен оңтүстікке қарай қара қоңыр, қоңыр, ашық қоңыр топырақ белдемдері бірін-бірі алмастырады).
Әрине, қазіргі Ақмола облысын айтқанда бүкіл қазақстандықтар оны Көкше, Көкшетау, Бурабай, Зеренді сияқты атаулармен біртұтас байланыста еске алады. Бұл мекен қазақстандықтар үшін терең тарихи маңызы бар өлке, сонымен бірге, бүгінде еліміздің астанасы Астана қаласы орналасқан, ел тәуелсіздігі символы ретінде қарастырылады.
Сондықтан, барша қазақстандықтардың назарында Ақмола облысы да Астанамен бір қатарда тұр деуге болады. Ең алдымен, облысты еліміздің басты азықтүлік қауіпсіздігінің белді аймағы деп айтуға болады. Қазақстанның қай түкпірінде болмасын, осы облыста өндірілген ұнның сапасына ешкім күмән келтірмейді. Ұн – республика аймағында «ақмолалық бренд» ретінде әлдеқашан өз мәртебесін иемденіп алды.
Облыстың табиғаты мен жер құнары бүгінде әлемде өте қат «табиғи таза өнімдерді» және ең сапалы бидай өндіруге мүмкіндік береді. Бұл осы облыстың өзге аймақтардан басымдығы әрі артықшылығы деуге болатындай байлық.
Облыс Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру барысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Әкім өз баяндамасында осыған назар аударады:
Ауыл шаруашылығы.
«Облыс Қазақстанның негізгі агроөнеркәсіптік өңірі мен басты астықты аймағы ретінде айрықша орын алады. Биыл егін алқаптары аумағы 300 мың гектарға артып, жалпы 5,5 миллион гектарды құрады. Биыл диқандарымыз дәнді дақылдардың рекордтық өнімін жинай алды. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерден айналды. Жалпы 7,5 миллион тонна астық жиналды. Егер, 2024 ж. – 6,6 миллион тонна жинасақ (өнімділік – 14,1 ц/га) – биылғы жетістік одан әлдеқайда артық. Жиналған астықтың 70 пайызы жоғары сапалы өнім».
Біздің жетістігіміз ішкі нарықпен шектелмейді. Ақмола астығы жоғары сапалы өнім ретінде жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 миллион тоннадан астам астық экспортталды (Қытай, Иран, Еуропа елдері (Италия, Бельгия, Швеция, Латвия), сондай-ақ, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және т.б.).
Эстонияның Муга Грэйн Терминалыменмеморандумға қол қою нәтижесінде жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды (Италияға – 150 мың тонна, Бельгияға – 50 мың тонна және Эстонияға – 9 мың тонна).
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы екі жылда жоғарырентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, 600 мың тоннаға жуық майлы дақылдар жиналды, қосымша 100 миллиард теңге ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге мүмкіндік берді. Мұндай өсімге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың арқасында қол жеткіздік.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 миллиардтеңгеден астам қаражат бөлінді. Осы арқылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе артты.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында құны 62 миллиард теңге болатын жаңадан 1 600 ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арзандатылған 172 мыңтонна (көктемгі – 76,6 мың тонна, күзгі – 84,4 мың тонна) дизель отыны бөлінді (– 254 теңге/литр).
Мал шаруашылығы саласында да тұрақты оң динамика байқалады. Жалпы ауыл шаруашылығы жануарларыныңсаны (5%-ға) мен мал өнімдері өндірісінің көлемі артты (3%-ға).
Біз 168,5 мыңтонна ет (тірі салмақта), 205 мың тонна сүт, 574 миллион дана жұмыртқа өндірдік.
Сондай-ақ, тауарлы-сүт фермаларынқұру және кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жалпы, 5 400 басмал бар бес ірі ферма іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 1 200 малы бар екі сүт фермасы іске қосылады.
Қазіргі уақытта 12 400 басқа арналған 8сүт фермасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде.
Елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырып келеміз.
Облысымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 86 инвестициялық жобаны (963 млрд. теңге) іске асыру арқылы Астана тұрғындарын азық-түлікпен қамту көлемін арттырады (2025 — 2027 ж.ж.):
Нәтижесінде:
сүтпен қамту үлесі30%-дан 50%-ға дейін (63 мың тоннадан 76 мың тоннаға дейін жылына);
етпен қамтамасыз ету30%-дан 40%-ға дейін (30 мың тоннадан 35 мың тоннаға дейін жылына);
жұмыртқамен қамту үлесі80%-дан 100%-ға дейін (255 миллион данадан 305 миллион данаға дейін жылына) артады.
Жыл қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі– 1,2 триллион теңгені
құрайды деп күтілуде. Бұл еліміздің аграрлық секторындағы көшбасшы орнымызды нығайтады».
Әрине, жоғарыдағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіштері қуантады. Алайда, Ақмола облысының халқының саны Астана қаласын қоса алғанда, шамамен 3 миллионға жетпейді. Ал, облыс территориясының агроэкономикалық әлеуеті одан бірнеше есе жоғары десе болады. Сонда да, облыс өз халқын сүтпен, етпен қамтуы өте төмен көрсеткіш жағдайында тұр. Бұл агростратегиялық тұрғыда ойландыруы керек…
Мәселен, шет елдерге қазірге 3,5 миллион тонна астық экпортталған. Бұл жақсы ма, жаман ба? Меніңше, қуанарлық жағдай емес. Себебі, «Астық көлемі 300 мың гектарға артып, соншалықты жер етсүт өндірісі есебінен алынбады ма?»деген заңды сұрақ туады. Егер, сол бидайды өз елімізде ұнға айналдырып экспорттасақ ше? Онда, мал шаруашылығы кемі 900 мың тонна жемге ие болып қалар еді. Олай болса, неге қазіргі заманауи диірмендер санын арттырып, шет елге қосымша құны жоғары ұнды экспорттамаймыз? Ондай жағдайда, алдыңғы орынға «жер көлемін арттыру» емес, «жер өнімділігін арттыру» мәселесі қойылады. Бұл жерді эррозиядан сақтаудың, етсүт өнімін арттырудың стратегиялық жолы болуы тиіс.
Егер, мал шаруашылығын арттырсақ, кешіріңіздер, Ақмола облысы «малдың қиын гумус тыңайтқышқа айналдырудың»өзінен экспортқа шығарылатын астыққа парапар пайда табар ма еді, бәлкім…
Инвестиция
«Жыл басынан бері өңір экономикасына 660 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды (2024 жылдың 10 айы – 410 миллиард теңге). Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 250 миллиард теңгеге көп. Бұл – жаңа кәсіпорындар мен технологиялар және жұмыс орындары арқылы қамтамасыз етілген нақты өсім».
Облыста жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын жобалар жинақталды. Бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталды (Далиан, Қытай – 795 миллиард теңге, 3000-ға дейін жұмыс орны, мемлекеттік сараптамадан өту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде). Бұл – 1,8 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция. Оның аясында жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу жоспарланған (іске асыру кезеңі: 2025-2028 ж.ж).
Қазан айында астықты терең өңдеудің екінші ірі кешенін салу жөніндегі стратегиялық негіздемелік келісімге қол қойылды.
(ХОПФУЛЛ ГРЭЙН компаниясымен, іске асыру кезеңі: 2026-2029 жж).
Инвестиция көлемі – 1,5 миллиард АҚШ долларды құрап, онда 1000 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, биыл маңызды келіссөздер жүргізілді. Ірі инвесторлар бидай өңдеу мен жем өндіру (Ист Хопп, Қытай), элеватор мен құрама жем зауытын (Бейджин Гочен Шенхуа, Қытай); сондай-ақ асыл тұқымды репродуктор салу («Айтас» ЖШС, Қазақстан) бойынша жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Жобалардың іске асырылуы – 700-ге дейін жұмыс орнын құра отырып, шамамен 600 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие болатын тауарлар – натрий глутаматы, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндірілетін болады.Пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы жоспарланған.
Міне, жоғарыдағы біз айтқан «гумус тыңайтқышы» мәселесі енді қолға алынып жатқаны қуантады…
Ақмола облысы әрқашанда «ішкі миграция өтінде тұрған аймақ» болып қала береді. Ол өңірге жыл сайын халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен, өзге депрессиялық өңірлерден, шет елдерден көшіп келушілердің қатары көбеймесе, азаймайды. Ендеше, бұл өңірде «құрылыс материалдарын өндіру» ерекше жоғары болуы тиіс. Соның бірі – сапалы кірпіш. Ендеше, әкімнің ол туралы мына сөзі көңілге қонады:
«Кірпіш өндіру көлемін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңіріміздегі зауыттар 250 миллион кірпіш шығарып келсе, алдағы уақытта оның қуаттылығын 3 есе арттыратын боламыз. Осы бағытта 8 зауыт салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылуда (құны — 46,5 млрд). Биыл соның бесеуін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, біздің өңір елдегі өндірістің жалпы көлемінен құрылыс кірпішінің 40 пайызын шығарады (2024ж. 9 айда – 451,6 мың м3, 2025ж. 9 айда – 382 мың м3).
«Сондай-ақ, клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын (Қазақстандық «Tеракотас» ЖШС – 27 миллиард теңге, 150 жұмыс орны, жер телімін жалға алу туралы келісім жасалды, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде) және (УайДиЭй, Түркия — 124 миллиард теңге, 950 жұмыс орны, инвестициялық келісім жасасу және «Aqmola» индустриялық аймағындағы жер телімін жалға алу туралы шартты рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде).
Осының барлығы – Астана агломерациясын дамытуға бағытталған ортақ жұмыстың бір бөлігі. Бұл жобалар облыс экономикасына
қосылған үлес қана емес, сонымен қатар, Елорданың өнімге қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өту керек.
Мысалы, биыл «БЕНТ» компаниялар тобы «ҚАЗШПАЛ» кәсіпорнын (Аршалы ауданы) сатып алды. Компания тәулігіне 3 мыңнан астам шпал шығаруға қол жеткізді. Ол өндірісті қайта жаңғыртуға кемінде 10 миллиард теңге инвестиция құяды. Қазір кәсіпорында 150 адам жұмыс істесе, келесі жылы оны 450-ге жеткізу көзделген.
Одан әрі әкім тау кен өндірісіндегі жетістіктерге тоқталды. Алтын өндірісіне салынатын инвестициялар туралы айтты. Облыс құрамында алтын бар руданың жартысынан астамын және Қазақстандағы алтын өндірісінің төрттен бір бөлігін өндіреді. Басты компаниялар – Алтынтау Көкшетау (59%), Алтыналмас (22%), ЭрДжи Голд (19%).
Бастысы, бұл облыста жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, ір инвестиция халықтың тұрмысжағдайын көтеруге, әлеуметтік ортаны жақсартуға қызмет ететін болады деді әкім.
Аймақта өнеркәсіп тұрақты өсіп келеді. Өндіріс көлемі 2 триллион теңгені құрады. Облыс машина жасау саласында нық көшбасшы болып отыр: теміржол подшипниктерін өндірудің 100 пайызын және арнайы автомобильдер өндірісінің 84 пайызын қамтуда.
Бұдан бөлек, біз еліміздегі астық жинайтын комбайндардың 50 пайызы Ақмола облысында жасалынады. Машина жасау 2,2 пайызға, азық-түлік өндірісі 11 пайызға, сусындар өндірісінің көлемі 20 пайызға (арақ өндірісі – 17,8 пайызға, минералды су – 23,9 пайызға өсті), ал, химия өнімдері 30 пайызға ұлғайды (этил спирті өндірісі 1,7 есеге артты).
Тұрғын үй құрылысы
Облыс бұл бағытта мемлекеттік стратегиялық бағдарға сәйкес мұқтаж азаматтарды жайлы және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Биыл жалпы 7 мыңнан астам ақмолалықтар тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Оның 2 мыңы – мұқтаж азаматтар: яғни, әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері, кезекте тұрғандар, алданған үлескерлер, апатты үйлердің тұрғындары.
Өңірде тұрғын үймен қамтудың жаңа әрі тиімді тәсілдері енгізілуде. Мысалы, жеке құрылыс компанияларынан «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі әлеуметтік тұрғын үй құрылысына қарқын берді. Биыл 750 пәтер сатып алынды (жалға берілетін – 640, кредиттік – 110).
Сондай-ақ, бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына (ескі үй қорын жаңғырту) тартуға және проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты. Биыл тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерге арналған 11 көп қабатты үй салынды, олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылды.
Облыс үшін Астанаға жақын орналасқан Қосшы қаласының маңызы жоғары. Бұл қалада адам саны жыл сайын еселеп өсу үстінде. Биыл Қосшыда 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Сөйтіп, облыс өз күшімен көп жылғы қордаланған әлеуметтік шиеленісті мәселелерді шешуге белсенді атсалысуда. Қалған үлескерлер бойынша мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Ақмола облысы тым континентальды аймақта орналасқан, қысы тым қатал. Сондықтан, облыста жылу беру маусымына дайындалуға 43 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді: оның 45 пайызы (19 миллиард теңгеден астамы) – жеке инвестиция. Қаражат жылу қазандықтары мен желілерінің тозуы жоғары нысандарды жаңартуға жұмсалып жатыр: жалпы алғанда 40 шақырымға жуық жылу желілері ауыстырылды және 59 қазандық жаңартылды (қажет болған 150 қазандықтың 40%-ы). Степногорск қаласында 17 шақырымнан астам жылу желісі жөнделді. Сөйтіп, желілердің тозуы 68 пайызға дейін төмендеді (2023ж. — 80%, 2024ж. – 71,4%).
Облыс орталығы Көкшетау қаласы да назарда. Жылу көздері мен желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100 пайызға істелді.Жылу беру маусымы қалыпты режимде өтуде. Нормативтік көмір қоры жиналған, халық үшін тапшылық жоқ. Көкшетау қаласында жылу тапшылығын шешетін жылу-электр орталығының құрылысы қарқын ала бастады. Алдын ала инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары орындалды. Ағымдағы сәтте жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылысты бастау үшін барлық қажетті техникалық шарттар алынды. 2028 жылы бірінші кезекті іске қосу жоспарлануда (ол 120 мегаватт электр қуатын және сағатына 180 гигакалорий береді).
Екінші кезегін іске қосу 2029 жылға жоспарланды (240 МВт электр қуаты және 520 гигакалория жылу қуаты).
Таза су бағдарламасы
Сумен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сапасына ерекше назар аударылуда. Бұл мақсаттарға биыл 36 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жылы 77 ауыл сумен қамтамасыз етілетін болады. Оның 36 ауылы – су құбырлары желілерін салу есебінен (20 мың тұрғын) жүргізілсе, қазір 16 ауылда жұмыстар аяқталған. 41 ауылда кешенді блокты-модуль орнатылды (6 мың тұрғын). Су сапасын жақсарту мақсатында биыл 17 ауылдағы су құбырлары желілерінің реконструкциясы аяқталады, оның ішінде 7 ауылда жұмыстар толықтай бітті. (Ақкөл ауданының Қына және Талқара ауылдары, Бурабай ауданының Баянбай және Николаевка ауылдары, Бұланды ауданындағы Партизанка, Есіл ауданындағы Знаменка, Шортанды ауданының Шортанды ауылдары).
Тағы 10 ауылда реконструкция жыл соңына дейін аяқталады (Ақкөл ауданы – Амангелді, Өрнек; Астрахан ауданы – Жарсуат; Атбасар ауданы – Новосельское; Бұланды ауданы – Отрадное, Алакөл, Вознесенка, Никольское; Есіл ауданы – Красивое; Целиноград ауданы – Нұресіл).
Тамыз айында Көкшетау қаласында жаңа су тазарту құрылысы іске қосылды. Жаңа кешен қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталды. Суды тазалау бес сатыдан өтіп, күніне 30 мың текше метр су тазаланады.
Энергетика
Биыл электр желісінің 165 шақырымды қамтитын алты жоба іске қосылатын болады (Қараөткел, Ақмол, Қаражар, Жалтыркөл, Жібек жолы ауылдары, Қосшы қаласы электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы). Бұл дефицитті жойып, Астана маңындағы 30 мыңнан астам тұрғынды үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді. Қосшы қаласында (тұрғындары – 61,5 мың адам) электр энергиясы тапшылығын шешу үшін үш қосалқы станцияның жобалау жұмыстары аяқталуға жақын (екеуі – реконструкцияланатын «Северная» және «Гарден Виладж», біреуі – жаңа салынатын «Жаннат». Олардың құрылысы 2026 жылы басталады.
Қосалқы станциялар 9 шағын ауданды (№19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, Балғын. Сондай-ақ, қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан «Далрус» ЖШС құрылысы ауданы) тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Көкшетау қаласында келесі жылы екі қосалқы станция салу жоспарлануда («Сарыарка» және «Жақсылық»), олар жаңа кәсіпорындарды қосуға қосымша қуат беретін болады.
Газдандыру
Газдандыру – жылу ғана емес, Газдандыру отын ретінде өңірдің экологиясына мол пайдасын тигізеді. Бұл жұмыс жалғасуда. Бұған дейін газбен жабдықтау жүйесіне Аршалы ауданының 17 ауылы қосылды (44 мың адам қамтамасыз етілді, 570 шақырым газ құбыры салынды. Биыл 48 мың тұрғыны бар 6 елді мекен газбен қамтамасыз етілді (Нұрлы, Аққайың, Шұбары, Қосшы (1-іске қосу кешені), Ы.Алтынсарин, Талапкер).
Қосымша тағы 2 ауылға (22 мың тұрғын: Қоянды, Аршалы) газ беріп, келесі жылы басқа 6 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарлануда (113 мың адам: Қатаркөл, Қызылсуат, Қаражар, Ақбұлақ аа, Қосшы қ. (2 және 3-іске қосу кешендері), Тайтөбе).
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл табиғи газға қол жеткізетін тұрғындар саны 115 мың адамға (облыс тұрғындарының 15%-ы, жалпы 788 мың адам), ал келесі жылы – 226 мың адамға (немесе 29%) жетеді.
Одан бөлек, 8 ауылға газ беру бойынша жоба әзірленуде (Жалтыркөл (жаңа шағын аудандар), Бабатай станциясы (жаңа шағын аудандар, Аршалы ауданы), Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл, Қажымұқан (Целиноград ауданы) – оларды 2027-2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
Мемлекеттік қолдау аясында тұрғын үйлерді газдандыру кезінде әлеуметтік осал топтар үшін әлеуметтік көмек қарастырылған (Аршалы ауданы – 100 АЕК, Целиноград ауданы – 70 АЕК, Қосшы қаласы – 100 АЕК). МӘК мен тұрғын үй көмегін алушылар үшін газ тұтыну нормалары бекітілді, бұл газ үшін 20 %-ға дейін жеңілдік алуға мүмкіндік береді.
Елді мекендерді абаттандыру
Ауылдық және қалалық елді мекендерді абаттандыруға ерекше назар аударылуда. Облыс орталығы Көкшетау қаласында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Негізгі қалалық нысандар біріктіріліп (Мәңгілік алау паркі, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және Сағдиев көшесі), «Көк Шалғын» атты жалпы сәулет және дизайн стилімен туристік маршрутқа айналды. Оған қоса, биыл қаланың жағалауы абаттандырылды.
Қосшы қаласында (614 миллион теңге) биыл жаңа екі сквердің жұмыстары аяқталып келеді. Барлық нысандарда көгалдандыру, жарықтандыру, асфальт төсеу және шағын сәулет формаларын орнату жұмыстары жүргізілді. Жобалар экологиялық жайлы орта қалыптастыруға, кеңістіктің эстетикасын арттыруға және елді мекендердің микроклиматын жақсартуға бағытталған.
Су тасқыны
Су тасқыны – алдын алмаса, зардабы мол апат. Оған қарсы қауіпсіздік басым бағыт болып саналатыны сөзсіз. Жалпы, өңірде 494 көл мен 111 өзен бар. Осы жылы біз тәсілді өзгерттік: су тасқынымен күресуден – олардың себептерін жоюға көштік. Биыл тұрғындармен инфрақұрылымды қорғауға бағытталған ауқымды жұмыс атқардық. Қалқұтан, Нұра, Шағалалы, Жабай өзендерін тазалау және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Облыста өзендерді тазалау және түзету бойынша атқарылған жұмыстың жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрады.
18 қауіпті әрі маңызды гидротехникалық құрылыстарды нығайту және қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, бұл – көктемгі кезеңде 80 миллион текше метр еріген суды қауіпсіз реттеуге мүмкіндік береді.
46 шақырым арна мен арықтарды жөндеу мен кеңейту, сондай-ақ, 28 шақырым қорғаныс біліктерін нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұл көктемгі кезеңде қар суының қауіпсіз ағымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Астрахан, Сандықтау және Зеренді аудандарында су басу қаупі бар аймақтардан 37 отбасы қауіпсіз учаскелерге көшірілді (Астрахан ауданының Старый Колутон ауылы – 23 отбасы; Сандықтау ауданының Максимовка ауылы – 2; Зеренді ауданы – 12).
Реновация бағдарламасы аясында Бұланды ауданында қауіп-қатер аймақтарында тұрған үйлерден (Макинск қаласы) қосымша 53 отбасын көшіру жоспарлануда (2024 жылы – 621 отбасы, 2025 жылы – 90 отбасы).
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
Жол инфрақұрылымын дамыту
Ақмола облысы үшін жол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды, себебі, аумақта астананы еліміздің басқа өңірлерімен қосатын көлік дәліздері өтеді (Астана-Қарағанды, Астана-Петропавловск, Астана-Павлодар және Астана-Қостанай-РФ шекарасы). Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 8 мың шақырымды құрайды (7890,5 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2,3 мың шақырым, облыстық – 2,7 мың шақырым және аудандық – 3 мың шақырым (2965 шақырым). Ағымдағы жылы облыс жолдарын салуға және жөндеуге 115 миллиард теңге қарастырылды (өткен жылы 106 миллиард теңге).
Оның ішінде, 65 миллиард. теңге жергілікті маңызы бар жолдарға және елді мекендерде көшелерді жөндеуге жұмсалды. Ең алдымен, бұрын басталған жобаларды жүзеге асыруға басты назар аударылды. Соңғы үш жылда жергілікті маңызы бар жолдардың және елді мекендерде көше-жол торабының шамамен 2,5 мың шақырым салынып, жөнделгенін атап өту қажет.
Туризм саласында
Ақмола облысы Қазақстандағы туризм драйверінің бестігіне кіреді. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша оң серпін байқалады. Атап айтқанда, көрсетілген қызметтердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 121 пайызға артты, 14 миллиард теңгеге қол жеткізілді. Туристер легі 900 мың адамды құрады. Болжам бойынша жылдық көрсеткіш 1,5 миллион адамнан асады.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елде туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып айқындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында, Курорттық аймақты 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары бекітілді (137,2 миллиард теңгенің жалпы сомасына 118 іс-шара, оның ішінде: РБ қаражатының есебінен – 45,7 миллиард теңге, ЖБ – 27,5 миллиард теңге, басқа көздер – 64 миллиард теңге).
Биыл курорттың ең көркем жерлерінде 8 алаң, қазіргі заманғы веложол салынды (10,2 шақырым). Ойын элементтері бар бірегей Бөлектау эко жаяу жолы ашылды. Маусымда алғаш рет тікұшақ экскурсиясы іске қосылды. Сонымен қатар, Астанамен тікелей қатынас орнату үшін шағын әуежай ашу мәселесі пысықталуда.
Білім беру
Облыста білім нысандарының инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта өңірде апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді.
Соңғы екі жылда 19 мыңнан астам орынға арналған 24 жаңа мектеп салынды (19 220). Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 200 орынға арналған 9 мектептің салынғанын ерекше атап өтуге болады (олардың 7-еуі ауылдық жерлерде орналасқан).
Биыл Көкшетауда «Қазцинк» компаниясының жеке инвестициясы арқылы заманауи үлгіде толық жабдықталған жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар, өңірде дарынды балаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағытта маңызды нәтижелерге қол жеткізілді: Көкшетауда заманауи «Білім-инновация» лицей-интернаты 600 орындық жатақханасымен салынды, Щучинск қаласында IT-лицей (300 орындық) жатақханасының құрылысы аяқталуда. Президент Жолдауы аясында облыста биылға жоспарланған барлық 20 мектеп толықтай реновациядан өтті.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында осы жылы 750 орындық 2 жатақхана салынып, колледж студенттері жатақханамен толық қамтамасыз етілді.
Денсаулық сақтау
Халықтың денсаулығын сақтауды – болашаққа салынатын ең салауатты инвестиция деп бағалау керек. Облыста медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша белсенді жұмыстар осы мақсатта жүргізілуде. Жалпы, 43 жаңа нысан салынды, оның 38-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жанғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұл нысандар 130 мың ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп жатыр.
Өңірде тағы бір ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол біздің облыста ғана емес, сондай-ақ, еліміздің тұтас солтүстік аймақтағы медициналық ландшафты түбегейлі өзгертеді: бұл – Көкшетау қаласында 630 орынға арналған жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы (құрылыстың құны — 332 миллиард теңге, іске асыру кезеңдері –2025-2027 жж).
Аурухана Қазақстанда баламасы жоқ халықаралық деңгейдегі клиникаға айналады. Ол жерде еліміздің солтүстік бөлігіндегі облыстардың тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін болады.
Сондай-ақ, Қосшы қаласында 1000 адамға арналған емханасы бар көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталып келеді. Келесі жылдың қаңтар айында алғашқы науқастарды қабылдай бастайды (Ағымдағы жылдың соңына дейін емхана ғимаратында ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, медициналық жабдықтар мен жиһазды орнату жұмыстары жүргізілуде). Оған қоса, 350 төсек-орындық аурухана ғимараты 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ашылады деп жоспарлануда. Аурухана Қосшы қаласы мен облыстың жеті жақын ауданын қамтитын болады. Жаңа 1700 жұмыс орны құрылады.
Осы жылдың қыркүйек айында, Степняк қаласында медициналық кешеннің құрылысы аяқталды, ол 200 келушіге арналған емхананы және 45 төсек-орындық аурухананы қамтиды.
Спорт
Денсаулықпен бірге спортты дамыту аса маңызды. Жыл басынан бері ақмолалық спортшылар республикалық және әлемдік деңгейде 798 медаль алды (269 алтын, 260 күміс, 269 қола). Облыс құрамасы тарихта алғаш рет Қазақстанның алтыншы қысқы спартакиадасында бірінші орынды жеңіп алды (16 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль). Біздің спортшыларымыз Әлемдік универсиададан (Италия, Турин қ.) және тоғызыншы Қысқы Азия ойындарынан (Қытай, Харбин қ.) 13 жүлдемен оралды. Қазіргі таңда «Арлан» хоккей клубы үш мәрте ҚР Кубогінің жеңімпазы және үш мәрте Қазақстан чемпионатының тұрақты чемпиондары атанып отыр.
Осы жетістіктердің бәрі спорт инфрақұрылымын дамытуға тікелей байланысты. Биыл 7 заманауи спорт нысаны салынды, ал, жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысы аяқталады (ФОК-тар Красный Яр ауылы, Бестөбе ауылы, Корғалжын ауылы, Жақсы ауылы, бассейн Макинск қ., Щучинск қаласындағы Спорт сарайы және Көкшетау қаласындағы көпфункционалды спорт кешені).
Елімізде Мемлекеттік арнайы қордың қаражатынан алғаш салынған нысан – Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі екенін атап кету керек.
Жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мынадай спорт нысандары бой көтерді:
— Қосшыда көпсалалы комьюнити-орталығы салынды (20 миллион доллар Болат Өтемұратов қоры);
— Көкшетауда еліміздегі алғашқы «ФИФА АРЕНА» спорт алаңы пайдалануға берілді және «Шахмат үйі» ашылды (Қазақстан шахмат федерациясы);
— Степногорск қаласында Спорт сарайының құрылысы басталып жатыр («Алтыналмас» 12 миллиард теңге көлемінде, аяқталуы – 2026 жыл).
Цифрландыру
Ақмола облысы бірыңғай цифрлық сәулет құруға және деректер негізінде басқаруға көшуге бағытталған цифрландыру стратегиясын бекітті.
Ондағы біздің цифрлық трансформациясының орталық элементі –ДиДжитал Ақмола. Ол маңызды құрал, нақтылы уақытта барлық маңызды салалардың деректерін жинайды, пысықтайды және талдайды.
Өңір жеделділік пен қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық шешімдерді белсенді енгізуде. Барлық шұғыл және сервистік қызметтерді ықпалдастыру үшін Эй Ай Көмек бірыңғай интеллектуалды платформасы құрылды. Пилоттық іске қосу АІ Көмек-109 және 112 қызметін қосу арқылы жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін 103 қызметін интеграциялау жоспарлануда. Сондай-ақ, 102 қызметімен интеграциялау мәселесі қарастырылуда, бұл әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындардың өзара әрекеттесуін және жауап беру жылдамдығын айтарлықтай жақсартатын болады.
Облыста жасанды интеллект технологияларын енгізуге назар аударылады:
Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлер мен жастарды қоса алғанда, қалалар мен ауылдардың 2500 тұрғыны оқумен қамтылды. Денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлеріне әкімшілік жүктемені төмендететін дәрігердің ЖИ-ассистент жобасы енгізілді (Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Ақкөл қалаларында. Жүйе қабылдауды тіркейді, маңызды ақпаратты алады, құжаттаманы толтырады және 80% дейін нақтылығымен алдын ала диагнозды ұсынады).
Жалпы алғанда, Ақмола облысының одан әрі де әлеуметтік-экономикалық өсім үшін әлеуеті мен мүмкіндігі жеткілікті. Қысқа баяндамада барлық жұмысты атап өту де мүмкін емес.
Дегенмен, облыс әкімінің бүгінгі баяндамасынан облыстың экономикалық өрлеуге жанжақты дайындықпен, кешенді түрде келіп, оны жүзеге асыруға бет алу үрдісі анық байқалады. Облыс іс жүзінде ел экономикасы мен әлеуметтік және мәденирухани дамудың кешенді біртұтас жобасын ұсынып отыр. Бұл үрдіс еліміздің «жалпыұлттық (мемлекеттік) даму бағдарымен» үндес құбылыс. Ендеше, әкімге және оның командасына іске сәт демекпіз!
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ.
![]()

