Семинар
Келесі жылдан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі фискалдық жүйедегі ең ірі реформалардың бірі. Бұл құжаттың басты мақсаты – салық базасын кеңейту, әлеуметтік әділеттілікті арттыру және бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді толықтай цифрландыру арқылы жеңілдету.
Бұл туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкеновтің, түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Айнұр Елікбаеваның және өзге де жауапты мамандардың қатысуымен өткен семинарда айтылды. Жиында қарапайым тұрғындармен қатар, өңіріміздегі барлық дерлік бас есепшілер жиналып, жаңа заң туралы өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Реформа аясында салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылып, әкімшілік жүктеме айтарлықтай жеңілдейді. Қосылған Құн Салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі. Бұл мемлекеттік бюджет кірістерін тұрақтандыруға бағытталған. ҚҚС-тан босату нормасы алынып тасталып, тұрғын үй-жайларды, пәтерлерді сату 2026 жылдан бастап салық салынатын айналымға қосылады. Корпоративтік табыс салығында (КТС) әлеуметтік әділеттілік енгізіліп, банктер мен ойын бизнесіне арналған ставка 25 пайыз деңгейінде белгіленді. Сондай-ақ, жаңа кодекспен бірге «Сән-салтанатқа салынатын салықты» енгізу жоспары нақтыланды. Бұл салық қымбат жылжымайтын мүлікке ие тұлғаларға арналған салықтық жүктемені арттыруды көздейді.
Азаматтар үшін ең маңызды өзгеріс – жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті шкалаға көшуі. Жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын тұлғалар артық сомадан 15 пайыз мөлшерлемемен салық төлейді. Бұл теңсіздікті азайтуға бағытталған қадам. Дивидендтерге де прогрессивті салық 5-15 пайыз аралығында салынады. Жеке табыс салығының шегерімдері жеңілдетіліп, бұрынғы күрделі шегерімдердің орнына ай сайынғы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі стандартты базалық шегерім енгізіледі. Тұрғын үйді сатудан түскен табысқа салық салуды анықтайтын кезең екі жылға дейін ұзартылды.
Кодекс арнаулы салық режимдеріне қатысты өзгерістерді қарастырады, бұл шағын және орта бизнеске тікелей әсер етеді. Атап айтқанда, жекелеген режимдердің талаптары мен шектеулері қайта қаралуда. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен құжат сұрату екі реттен артық жүргізілмейтін болады, ал тексеру мерзімі 180 күнмен шектеледі. Бұл шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
– Алдыңғы салық кезеңі үшін түзетулерді ескере отырып, аванстық төлемдерді есептеу және төлеу міндеті туындамайтын жиынтық жылдық табыстың шегі 350 мың айлық есептік көрсеткіштен енді 600 мыңға дейін ұлғайтылды, – дейді мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов.
Көлік құралдарына салынатын салық жүйесі де қайта қаралды. Енді салық мөлшерлемесі көліктің басқару құқығының санатына байланысты анықталады. Экологиялық жағдайды ескере отырып, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын электромобильдер үшін бұрынғы жоғарылатылған ставкалар толығымен жойылады. Бұл өзгеріс экологиялық таза көлік түрлерін дамытуды ынталандырады.
Салық органдарының жұмысы сервистік модельге ауыстырылып, жоспарлы тексерулерден бас тартылады. «Көлеңкелі» экономикамен күресу үшін қатаң норма енгізілді, нақты орындалмаған жұмыстар бойынша шығыстарды корпоративтік табыс салығынан шегеруге тыйым салынады. Бұл жалған шот-фактураларды қолдануға тосқауыл қояды. Салық органдары алдын ала декларация толтыру және оқыту сияқты жаңа сервистік функцияларды іске қосады.
Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудағы шаралар берешек мөлшеріне қарай сараланды. Егер берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, басқа шаралар қолданылмайды. Қатаң шаралар, соның ішінде шоттарды тоқтату және инкассалық өкімдер қою тек 45 айлық есептік көрсеткіштен асқан берешекке қатысты қолданылады. Бұл қарызы шамалы тұлғаларға артық қысым көрсетпеу үшін жасалған.
– Мен Көкшетау қаласындағы кәсіпкерлер орталығының басшысымын. Сондықтан, бүгінгі ақпарат біздің клиенттеріміз үшін өте пайдалы. Біз бухгалтерлік қызметтердің барлық түрін көрсетеміз, сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру орындарымен де жұмыс істейміз. Бүгін жеткізілген барлық ақпаратты біз енді клиенттеріміз үшін нақты қолдана аламыз, – дейді «Риза Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Ризагүл Галладий.
Қорытындылай келе, жаңа Салық кодексі фискалдық жүйені заманауи талаптарға сай етіп, ашықтық пен әділеттілікті арттыруға бағытталған. Бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға келесі жылға дейін осы түбегейлі өзгерістерді мұқият зерделеп, қаржылық жоспарлауды алдын ала жасау қажет.
Жиын соңында бухгалтерлер өз сұрақтарына жауап алды. Айта кетерлігі, Салық туралы кодекстің қолданысқа енгізілуінде әлі де шешімін табуы қажет мәселелері бар. Дегенмен, заң кұшіне енген сәттен бастап қайта бас қосып, қайта түсіндірілсе, жаңа салық режіміне бой үйрету жеңілірек болар дейміз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

