Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көрікті Бурабай баурайына жұмыс сапары барысында аудан орталығы Щучинск қаласында жаңа спорт нысаны – көпсалалы Спорт сарайының ашылу салтанатына қатысып, жас спортшыларға 1 миллион теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті.
Балалар үш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінен қазақстандық палуан Юрий Мельниченко, қазақстандық су добы ойыншысы және КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Сергей Котенко және жүзуші Дмитрий Баландинмен кездесіп, қолтаңбаларын алды.
– Аудандық спорт сарайы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бұқаралық және балалар спортын дамыту мақсатында салынды. Ол ауданның көрікті жері ғана емес, спорттық және мәдени іс-шараларды өткізетін орынға, үлкен жеңістер мен рекордтардың ұясына айналатынына сенімдімін, – деді Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы болашақ чемпиондарға ақмолалық спортшылардың қашанда жетістіктерімен танылғанын айтты. Ал, Бурабай өңірінің спортшылары, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы, шаңғы жарысынан төрт дүркін әлем чемпионы Владимир Смирнов, шаңғы жарысынан әлем чемпионатының қола жүлдегері Николай Чеботько, сондай-ақ, шаңғышылар мен биатлоншылар, боксшылар, еркін күрес палуандары жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық аренада облысымыз бен еліміздің даңқын шығарды.
Спорт сарайында жүзу, бокс, волейбол, баскетбол, аэробика, күрес, үстел теннисі бойынша жаттығулар басталып кетті. Тұрғындар үшін фитнес-орталық, бассейн және ойын бөлмелері де ашылды.
– Біз жақсы жағдай жасадық, ең бастысы, жақсы жаттықтырушы-педагог кадрлар құрамын дайындадық, – деді Марат Ахметжанов БАҚ өкілдеріне. – Біздің облыста дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне 700-ден астам грант бөлінді.
Облыс әкімі жас спортшылар мен олардың ата-аналарына арналған баспасөз мәслихатында атап өткеніндей, Ақмола облысында жүзуді оқу бағдарламасына енгізу бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылатын болады.
Қазақстандық спорт жұлдыздары балалардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Олимпиада чемпиондары түрлі жарыстардың жеңімпаздарын марапаттап, балаларды спортта үлкен жетістіктерге жетуге ынталандырды.
– Өңірімізде көп салалы спорт кешендерін ашу игі дәстүрге айналды, – деп атап өткен Юрий Мельниченко облыс әкіміне спорт ардагерлері атынан алғысын білдірді.
– Ең бастысы, көпсалалы спорт кешенінің ашылуымен болашақ чемпиондардың спортпен шұғылдануына, ал, ересектердің өз денсаулығын нығайтып, бұқаралық спортпен айналысуына тамаша жағдай жасалуда, – деді Дмитрий Баландин.
– Өңірде су добы дамып, балалар өз қалалары мен ауылдарында осы спорт түріне көптеп жаттығады деп үміттенеміз. Ақмола облысы астық жинаумен қатар, медальдардың да рекордтық жиынтығына қол жеткізеді деп сенемін, – деп ақмолалықтарға ізгі тілегін жеткізді Сергей Котенко.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Бурабай ауданы.
![]()

