Колледждер жұмысшы мамандар түлеп ұшатын орта

Жолдауға — қолдау

Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету аса өзекті міндет. Біз болашақта сұранысқа ие кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керекпіз. Бұл бағытта былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында нақты жұмыстар жүргізілуде.

Ел басшысы былтырғы Жолдауының бесінші бағытында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау қажеттігін атап өтіп, жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлді және 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы Жолдауда: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет» деп атап көрсетіліп, кәсіптік-техникалық білім беру саласына бірқатар міндеттер жүктелді.

Осыған орай, биыл Ақмола облысында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, жастар арасында еңбек адамының беделін арттыру және білім берудің өндіріспен байланысын нығайту мақсатында жоспарланған іс-шаралар белсенді түрде іске асырылуда. 2024 жылғы 30 желтоқсанда облыс әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және бизнес өкілдерінің қатысуымен кезең-кезеңімен орындалатын алты негізгі бағыт бойынша 58 іс-шараны қамтитын Жұмысшы мамандықтары  жылының өңірлік жоспарын бекітті.

Жоспардың негізгі бағыттарының бірі өңірдің кадрлық әлеуетін дамыту және еңбек нарығының қазіргі заманғы сұраныстарына жауап беретін жаңа құзыреттерді қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты Ақмола облысының жаңа кәсіптер мен құзыреттер Атласы әзірленді. Бұл құжатқа өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы, сондай-ақ, қызмет көрсету салаларындағы жаңа, трансформацияланатын және жойылып бара жатқан кәсіптер тізбесі енгізілді.

Бүгінгі таңда өңірдің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алып жатқан студенттерінің жалпы саны 19 мыңнан асады. Олардың 82 пайызы тегін оқиды. 2025-2026 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысына сай колледждер 5927 студентті оқуға қабылдады. Сонымен бірге, «Серпін» жобасы да кәсіптік-техникалық білім беру саласында қайта жанданып, облыстың 10 колледжі еліміздің оңтүстік өңірлерінен 150-ден астам студентті оқуға қабылдап отыр.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап мектеп оқушылары мен колледж студенттерін «электрондық еңбек биржасы» цифрлық платформасы арқылы жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу дағдыларына оқыту бойынша жүйелі жұмыс қолға алынды. Бұл бағытта осы күнге дейін 20119 адам оқудан өтті. Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы «Мансап компасы» тегін платформасын іске қосты. Осы платформа арқылы оқушылар оқытылатын мамандықтар, оқу орындары мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттарға қол жеткізе алады. Бұл мүмкіндікті осы уақытқа дейін 4 мыңға жуық адам пайдаланып үлгерді.

Сонымен бірге, Жұмысшы мамандықтары жылына облыстағы колледждердің студенттері де белсенді қатысуда. «Қазақстан Республикасы колледждерінің Топ-100 студенті» байқауының республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша ақтық кезеңге Ақмола облысынан 10 студент өтіп, олардың алтауы жеңімпаз атанып, алдағы уақытта жұмысқа орналасуға сертификаттар алды.

Студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуға да тиісті көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта облыс колледждерінде жалпы орын саны 7 мыңнан асатын 43 жатақхана жұмыс істеп тұр. Соңғы үш жылда Көкшетауда 1650 орынға арналған 5 жаңа жатақхана бой көтеріп, студенттер игілігіне берілді. Нәтижесінде колледждердің жатақханаларында қазір орын тапшылығы мәселесі жоқ, бұл жай түбегейлі шешілді деуге болады.  Нақтылай түссек, 2023 жылы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде  300 орындық, 2024 жылы жоғары техникалық колледжінде жалпы саны 600 орындық жатақханалардың құрылысы аяқталса, ағымдағы жылы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі жанынан 300 орындық және жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжі жанынан 450 орындық студенттер жатақханалары пайдалануға берілді.

Халықаралық ынтымақтастық саласында да елеулі жетістіктеріміз бар. Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі Advanced Manufacturing бағыты бойынша халықаралық аккредиттеуді және Индустрия 4.0 инновациялық орталығын құруды көздейтін Marshall Cavendish Education халықаралық білім беру платформасымен келісім жасады. Осы ынтымақтастық келісім шеңберінде «машина жасау технологиясы» және «есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандықтары бойынша инженерлік білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған CDIO (Conceive–Design–Implement–Operate) тұжырымдамасы енгізілуде.

Сондай-ақ, көпсалалы инновациялық колледж де  Францияда «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» бағыты бойынша халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті. Колледж базасында «Макинка-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Швецовпен бірлесіп жұмыс істейтін «Агро Қадам» механикаландырылған студенттік жасағы құрылды. Жасақ ендігі арада нақты өндіріс жағдайында еңбек ететін болады. Бұл жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін арттырып, өңірдің аграрлық саласының кадрлық әлеуетін нығайтатын жаңа бір кезең болады.

Оқу орындарындағы құзыреттілік пен шағын кәсіпорындар орталықтарын дамыту маңызды бағыт болып қала береді. Биыл агробизнес және сервис колледжінде аспаздық шағын кәсіпорны, Степногорск жоғары колледжінде «зертханалық технология» және «интерьер дизайны»  бағыттары бойынша екі құзыреттілік орталығы, Щучинск қаласының жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде «орман шаруашылығы, бау-бақша, саябақ және ландшафт құрылысы» бойынша бір құзыреттілік орталығы ашылды. Сонымен қатар, Зеренді ауданының Шағалалы ауылындағы жоғары аграрлық-технологиялық колледжінде студенттердің практикалық даярлығы үшін қолданылатын оқу наубайханасының құрылысы аяқталуда.

Осы бастамалардың барлығы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, жастардың жұмыс дағдыларын дамытуға және білім беру саласының бизнеспен әріптестігін нығайтуға бағытталған. Жалпы, Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы тек іс-шаралар тізбегі ғана емес, жаңа еңбек мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Нәтижесінде жұмысшы мамандықтарының беделі артып, өңірдегі колледждер кәсіби құзыреттіліктер мен инновациялардың даму орталығына айнала бастады.

Нәжмиден НҰРАЛИН,
Ақмола облыстық білім басқармасының орта білімнен
кейінгі кәсіптік-техникалық 
білім беру бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар