ЖАСТАР КУБОГЫ
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының жастар-ресурстық орталығы «Ақмола облысының жастар кубогы-2025» әзілкештер ойынын өткізді.
Ойынға Ақмола облысының үздік командалары қатысып, бақ сынасты. Шара барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы немесе қоғамдық мораль мен адамгершілік тұрғысынан жол берілмейтін әзілдерге, басқа командаға тиесілі, баспа немесе электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, әзіл-қалжыңдарға жол берілмеді.
–Тұтастай алғанда, ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Әр команданың белсенді жанкүйерлері шын жүректерімен өздерінің сүйікті командаларына жанашыр болып, қолдау көрсеткені бірден байқалды. Жалпы, шараға Көкшетау қаласынан бөлек, Целиноград, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандарынан және Қосшы қаласынан 10 белсенді команда қатысты. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды. Мысалы, бүгінгі шараға 650 мың теңге жүлде қоры бөлінген болатын. Атап айтсақ, 1-орынға – 300 мың, 2-орынға – 200 мың, 3-орынға – 100 мың теңге деген сияқты. Сонымен қатар, бір номинация бойынша 50 мың теңге жүлде қарастырылды. Жалпы, кез-келген орынды, жібі түзу әзіл қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға, одан өз кемшілігімізді көріп, ұялуға, енді қайталамауға дәнекер болары сөзсіз. Өнерлі, талантты және белсенді жас ұрпақ қоғамның, жастар саясаты қозғалысының дамуына түрткі болып жатса, бұл6 әрине, құптарлық іс, – дейді осы ретте, облыстық жастар-ресурстық орталығының бөлім басшысы Әсия Закенай.
Ойын қорытындысы бойынша «Үздік ойыншы» номинациясы Шортанды ауданынан қатысқан «Шоқ қыздар» құрамасының мүшесі Әсел Аханқызына бұйырды. Жүлдегерлер қатарына Көкшетау қаласы «Молодежка» және «Мусин жастары» құрамалары енсе, жеңімпазды айғақтайтын 300 мың теңгелік сертификатпен Зеренді ауданының «Abay sity» құрамасы марапатталды.
Жеңіс БАЛАБЕКОВ.
![]()

