2025 жылдың 9 айында Ерейментау аудандық соты жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша 6 автокөлік жүргізушісін қылмыстық жауапқа тартты.
Мысалы, сотта жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. 2025 жылдың шілде айында Б. Екібастұз қаласынан Астанаға жолаушыларды тасымалдап, өзімен бір бағытта қозғалып келе жатқан автокөлікке соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы ауыр дене жарақаттарын алып, оң аяғы ампутацияланды, басынан соққы алып, денсаулығына ауыр зиян келтірілді.
Тергеу барысында жүргізуші Б.-ның шаршаңқы күйде көлік басқарғаны, белгіленген жылдамдықты асырып, көріну мүмкіндігін ескермегені, алда келе жатқан көлікпен ара-қашықтықты сақтамағаны, сондай-ақ, қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдағаны анықталды.
Зардап шеккен жолаушы сотта өз кінәсін мойындап, өкінген сотталушыны бас бостандығынан айырмауды, оның орнына бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жаза тағайындауда сот Б.-ның оң мінездемесін, бұрын сотталмағанын, жәбірленушінің Б.-ны бас бостандығынан айырмау туралы пікірін, сондай-ақ, кінәсін мойындап, өкінгенін істі жеңілдететін мән-жайлар деп қарастырды.
Сот үкімімен Б.-ға 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді, сондай-ақ, ол 1 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Жәбірленуші жолаушының пайдасына жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам материалдық шығын, моральдық зиян және өкілдің қызметіне төленген шығындар өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
![]()

