Ш.УӘЛИХАНОВ – 190
Биыл, яғни, 2025 жылы қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлға, шығыстанушы, этнограф, фольклоршы, тарихшы, географ және саяхатшы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толып отыр. Ш.Уәлиханов 1835 жылдың қараша айында Қостанай облысының Сарыкөл ауданы, Құсмұрында дүниеге келген.
Жарқ етіп ағып өткен метеор секілді Шоқан өзінің сәулесімен бір дәуірді нұрландырып, тым ерте сөнді.
Шоқан Уәлиханов ерте жастан-ақ ерекше қабілеті мен білімге құмарлығымен көзге түсті. Абылай ханның ұрпағы бола тұрып, ол тамаша білім алды, бірнеше тілді меңгеріп, ғылымға ерте қызығушылық танытты. Оны білімге ұмтылысы, табиғи дарыны мен зеректігі өз заманының жарқын тұлғасына айналдырды.
Шоқан Уәлиханов шығыстану, этнография, тарих және география ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Ол ең көне қырғыз эпосы «Манасты» алғаш рет жазып алып, оған ғылыми талдау жасады, сондай-ақ, ұлы бабасы Абылай хан туралы алғашқы ғылыми еңбекті жазды. Оның жабық және жұмбақ Қашғарға жасаған әйгілі экспедициясы нағыз ерлік болды. Сапар өте қиын әрі қауіпті өтті, ал, оның Қашғарияның халқы, климаты, табиғаты және экономикасы туралы жинаған материалдары ғылыми әлемде жоғары бағаланды.
Ш.Уәлиханов тың экспедициялар барысында жинаған материалдары «Алтышардың жағдайы туралы», «Ыстықкөлге сапар күнделігі», «Жоңғария очерктері» сияқты еңбектердің негізіне айналды, олар орталық Азия және Шығыс Түркістан халықтарының тарихы бойынша маңызды дереккөз болып табылады.
Шоқан жазбалар жасап қана қоймай, жергілікті жердің карталары мен жоспарларын өзі сызды. Бұл өнерді ол бала кезінен ғалым-геодезистердің жұмысын бақылау арқылы меңгерген. Кейінірек кадет корпусында оқып жүргенде ол өзінің көркемдік қабілетін дамытты. Оның «Қазақ көпесінің типі», «Жас қазақтың портреті», «Жатақ» сияқты суреттері XIX ғасырдағы қазақ қоғамының тұрмысы мен келбетін көрсетеді.
Шоқан Уәлихановтың есімімен көшелер, ғылыми, мәдени және білім беру мекемелері аталады. Оның құрметіне 1958 жылы Х.Алпысбаев ашқан кейінгі палеолит дәуірінің археологиялық тұрағы және Шоқанның Қашғарияға жасаған әйгілі экспедициясының бағыты өткен Жетісу Алатауының баурайындағы мұздық аталған.
Ғалымның есімі ұлттық валютада да мәңгіге сақталды. 1993 жылы Шоқан Уәлихановтың бейнесі бейнеленген номиналы 10 теңгелік банкнот шығарылды, ол ұлттық мақтаныш символына айналды. Журналист И.Баженова 1995 жылы «Караван» газетінде: «Ұлттық валютаның арқасында Шоқанның бейнесін бәрі таниды» деп жазды. Алайда, 2006 жылы ұлттық валютаның алғашқы банкноттары жаңаларымен ауыстырылды.
Ш.Уәлихановқа арналған мүсіндік құрылыстар Алматы, Петропавл, Павлодар, Семей қалаларында орнатылған. Көкшетау қаласында 1971 жылы Ш.Уәлихановқа арнап ескерткіш орнатылды. Бұл әйгілі мүсінші Т.Досмағамбетовтың алғашқы жұмыстарының бірі. Қызық дерек келтіре кетейін, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанында атауы мүсінші Т.Досмағамбетовтың құрметіне қойылған сквер орналасқан. Сондай-ақ, мүсін-бюсті орнатылған. 2010 жылы ғалымның Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында университеттің алдына ғалымның бюсті қойылды.
Сондай-ақ, Көкшетауда қалалық кеңістікті әртүрлі тақырыптағы жарқын муралдар безендірген. Шоқанның суреті бейнеленген мурал оның атымен аталған көшедегі көпқабатты үйді әсемдеп тұр. Бұл көшеге Шоқан Уәлихановтың есімі сонау 1960 жылы берілген, ал, 1984 жылы бұл көшеде ерекше іс-шара – Шоқан Уәлиханов көшесінің мерекесі өтті. Сол кезде газеттерде «Ғалым ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, барлық көшеде мерекелік атмосфера сезілді» деп жазылған еді.
Шоқан атамыз туралы естеліктер мұражай қорларында сақтаулы. Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік музейінде Ш.Уәлихановқа және оның отбасына тиесілі кейбір заттар сақталған. Елде оның рухына арналған екі музей жұмыс істейді. Бірі – Жетісу облысы Шанханай (Шоқан) ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейі. Екіншісі – Солтүстік Қазақстан облысындағы құрамына Ш.Уәлиханов музейі кіретін Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі және Уәлихановтардың ата мекені – Сырымбет усадьбасы. Екі мұражай да ғалымның туғанына 150 жыл толуына орай, 1985 жылы ашылды.
Ш.Уәлиханов тұлғасына деген қызығушылық әрқашан жоғары болды. Бұған ғалымның мерейтойларына орай газет-журналдардағы көптеген мақалалар дәлел. Ш.Уәлихановтың 150 жылдығына орай көптеген мақалалар жарық көрді. Бірақ, 1894 жылы ғалымның туғанына 60 жыл толуына орай шыққан «Қырғыз даласы газетіндегі» мақала ерекше қызығушылық тудырады. Мақалада ғалымның қысқаша өмірбаяны сипатталған. Сондай-ақ, Ш.Уәлихановты жеке білетін адамдардың ол туралы бөліскен естеліктерінің қаншалықты маңызды екендігі атап көрсетілген.
Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын көптеген ғылым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері жоғары бағалады. Атақты жазушы Сәбит Мұқанов белгілі академик Н.Веселовскийдің Шоқан туралы пікірінен шабыттанып, Шоқан Уәлиханов туралы романын «Жарқ етіп өткен метеор» деп атады. Ә.Х.Марғұлан ол туралы «өткен шақта өмір сүрген болашақтың адамы» деп жазды. Оның іргелі еңбегі «Ш.Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы очерк» Шоқантанушы ғалымдардың үстел кітабы болып қала береді.
Ғалымның өмірбаянын зерттеуге көкшетаулық ғалым, профессор Қадыржан Әбуев те үлкен үлес қосты. Ол Ш.Уәлихановқа көптеген ғылыми еңбектерін, соның ішінде «Шоқан Уәлиханов» энциклопедиясы және «Шоқан Уәлиханов және оның замандастары» монографиясы сияқты ірі басылымдарды арнады.
Шоқан Уәлихановтың өмірі, қызметі қашанда зерттеушілердің назарында болды әрі бүгін де өзекті. Оның өмірбаянында толық зерттелмеген тұстары бар. Келешекте түрлі қызық деректер жарыққа шығады деп үміттенеміз.
Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін түсіну үшін бірегей және маңызды сипатқа ие. Қазақ халқының тарихы мен этнографиясы бойынша дереккөз ретінде ғалымдар әлі күнге дейін Шоқанның еңбектеріне жүгінеді. Тарихты оның іргелі еңбектерінсіз елестету қиын.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасы ғылымға және қоғамға қызмет етудің, білімге ұмтылудың, өз халқын сүюдің және ұлттық мәдениеттің бастауларын құрметтеудің жарқын үлгісі.
Әйгерім САТЫБАЕВА.
![]()

