Bolashaq сарайы – жас ұрпақтың рухани өсу ордасы

ҮКІЛІ ҮМІТ

Бала жүрегі – аппақ парақ іспетті. Сол параққа түсетін алғашқы іздер әрқашан ұқыптылықты, мейірімділікті, жанға жылу сыйлайтын тәрбие мен үлгіні талап етеді. Bolashaq сарайы – осы ізді әсем нақышпен түсіріп, балғын жүректердің бағытын айқындайтын ерекше орта. Бұл жер – тұлға болып қалыптасудың талбесігі.

Мен Bolashaq сарайындағы «Жұлдыздар» үлгілі вокал студиясының тәрбиеленушісімін. Менің музыкалық мектебім мен үшін жай ғана білім ордасы емес, ол менің екінші үйім, рухани өсуімнің және шығармашылық шабытымның қайнар көзі. Музыка мен үшін жанымның  айнасы, сезімдер мен эмоцияларымның әмбебап тілі.

Ал, Bolashaq сарайы – осы керемет әлемнің есігін ашатын, болашақ өнерпаздарды тәрбиелейтін қасиетті орданың бірі. Bolashaq сарайының ең басты құндылығы – оның білікті ұстаздары. Әрқайсысы өз ісінің нағыз шеберлері, шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті ұялататын, талғампаздықты қалыптастыратын тұлғалар.

«Жұлдыздар» үлгілі вокал студиясының ардақты ұстаздары Әридаш Жараспайқызы Хамзина мен Сабырлы Әлібекұлы Болатов менің дарындылығымды дамытуға ерекше көңіл бөліп, мүмкіндіктеріме сенуді үйретті. Олардың қолдауы мен жігерлендіруі арқасында талай байқаулар мен концерттерде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп келемін. Есептік концерттерден бастап, қалалық және республикалық байқауларға қатысу – бәрі де менің музыкалық өмірімнің жарқын беттері. Әрбір шарада өнер көрсету, көрермендердің ыстық ықыласы менің болашаққа деген сенімімді арттырады.

Bolashaq сарайы – бұл менің өнерге деген махаббатымның басталған жері. Мұнда үйренген әрбір нота, әрбір әуен менің жүрегімде мәңгі сақталады. Сонымен қатар, өмірдің ырғағын сезінуді, әлемді әдемілік пен үйлесім арқылы қабылдауды үйретті, маған рухани байлық пен ешқашан сөнбейтін шығармашылық от берді.

Айдос ЖАНАЛЫ,
Bolashaq сарайының «Жұлдыздар» үлгілі вокал студиясының тәрбиеленушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар