ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
Көкшетауда ауырған балалардың өмірін сақтап қалу мақсатында қаланың барлық жанашыр тұрғындарын біріктірген «Ашық жүрек» ауқымды қайырымдылық аукционы өтті.
Іс-шараны Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. «Ашық жүрек» аукционының мәні эксклюзивті лоттар құру болды. Көкшетаудың танымал тұлғалары – табысты кәсіпкерлер, депутаттар мен спортшылар бірегей заттарды жасау үшін сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен бірігіп жұмыс істеді. Таза ниет пен жылылыққа толы бұл сәттер кештің басты көрінісіне айналды. Сөйтіп, іс-шараның негізгі мақсатына қол жеткізіліп, қонақтар мен қатысушылардың жомарттығы арқасында 7 миллион теңге жиналды. Барлық қаражат толығымен балаларды шұғыл емдеуге, оларға көрсетілген медициналық көмекке ақы төлеуге бағытталды. Атап айтқанда, қаражат қаланың үш жас тұрғыны Абылай Мұстафин, Павел Купавцев және Дастан Негметжановқа берілді. Себебі, олардың көз және құлағына операция жасау, сондай-ақ, тыныс алу аппараттарын сатып алу қажет.
Бір атап өтерлігі, бұл қайырымдылық аукционы, қолөнершілер көрме-жәрмеңкесін де қамтыды. Онда медициналық-әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілері өз қолөнер бұйымдарын ұсынды, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
–Бұл іс-шара кәсіпкерлік қоғамдастығы мен қала тұрғындарының балаларымыздың денсаулығы мен болашағы үшін қалай біріге алуының нақты дәлелі болды. Барлық демеушілер мен серіктестерге іскер әйелдер кеңесі атынан Алғыс хаттар мен естелік мүсіншелер табыс етілді. Қатысқан, лот сатып алған немесе бастаманы қолдаған әрбір адамға алғыс айтамыз, – деді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

