Бір шеті Италия алатын көрпелер тігеді

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Еңбек ауылының тұрғыны Жұма Нұрғалиева «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, көп-көрім табысқа жетіп отыр.  Жұма Бекболатқызы қолға алған шаруасын іске асырар алдында он тойланып, мың толғанған.

Кәсібін неден бастағаны дұрыс, тиімді бола ма, жоқ па? Несиенің  де жауапкершілігі бар. Алдымен абыройы. Қолынан келмей жатса, досқа күлкі, дұшпанға таба дегендей. Бірақ, өзінің қолынан келеріне сенді. Қабырғасымен кеңесіп барып, қой жүнін өңдеу туралы ой келгені. Несі бар, елде қой жүнінен арзан шикізат жоқ. Кәдеге аспай жатқаны соншалық, ауылдағы малсақ қауым көктемгі, күзгі қырқым кезінде қыруар жүнді отқа жағып жібереді.  Күресінде жатқаны қаншама. Иен байлықты ысырап қылмай, ел игілігіне жаратса несі бар. Қой жүнінен жасалған түрлі төсеніштер, көрпе-жастық табиғи таза дүние болғандықтан, сұранысқа да ие болуы әбден мүмкін. Осы жайды зерделеп, ақыл таразысына салып қараса қажеттісі меринос қойының жүні екен.

–Меринос қойдың жүні өте биязы, жұмсақ келеді, – дейді Жұма Бекболатқызы, – жіңішке, біртекті түбіттен тұратын аса бағалы жүн. Өкініштісі, ұқсата алмай жатқанымыз. Жүннің бір ерекшелігі мейлінше жіңішкелігі және ұзындығы. Қойдың бұл тұқымынан 8-10 келі жүн алуға болады. Қып-қызыл байлық емес пе? Табиғи жүнді өңдеп, қылшығынан арылтқанда 40-45 пайызға дейін таза жүн шығады. Шамамен алғанда 300-400 грамм таза жүннен бір метр мата тоқылады. Ал, сапасы айта қаларлықтай.

Сол сапа сұранысқа әсер еткен болуы керек, қазір Жұма Бекболатқызының өнімдерін Италия, Чехия, Түркия, Қытай, Испанияның тұтынушылары алып жатыр. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдағы жұмысын жаңа бастаған кәсіпкердің табысы көзбен көрмегенге құтты бір қиял-ғажайыптай әсер етеді. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қой жүнін қабылдап, іске жарататын елімізде 13 шағын зауыт бар екен. Қажетті жүнді осы зауыттардан сатып алады. Өнімі кез-келген кірпияз көңілге жағатындай.

–Біздің кәсіптің тамыры тереңде жатыр. Алтайдан Атырауға дейінгі иен даланы жайлап, күн кешкен ата-бабамыз төрт түлік малдың бар өнімін кәдеге асырған. Тек бүгінгі күні жадымыздан өшіп, көңіл төрінен алыстап бара жатыр. Бала кезімізде текеметтің, киіздің түр-түрін көрдік емес пе? Олардың жасалу жолы да өзгеше бір әдіс-тәсілге толы болатын, – дейді кейіпкеріміз, – сол дала мәдениетін қайта жаңғыртсақ несі айып.

Әжелердің өрмек тоқып отырғаны, кигізге түр салып, өң бітірген сәті көз алдына елестейтіндей. Ине-жібінен шыққан ою-өрнегінің өзі алуан түрлі болатын. Айталық «Құс табаны», «Қаз табан», «Бота мойын», «Бұғы мүйіз» тәрізді ою түрлері болды. Олар бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бітімді, бөлек бедерлі бейнелер еді. Қазір зерделеп отырсақ, осы бір әдемі көріністерді табиғаттың өзінен алған екен. Яки, айнала қоршаған ортаның ешбір бояма қатесіз көшірілген көркем бейнесі. Қолөнерін дамыту арқылы айналадағы тіршіліктің суреттерін мөлдіретіп заттың бетіне түсірді, бедерледі. Өйткені, сол кісілер үшін осындай суреттер ерекше ыстық болатын. Жалғыз қолөнер ғана емес, ескі қисса-жырларда да аққудың кербездігі, бұлбұлдың әншілігі, ботаның көздерінің сұлулығы сипатталады емес пе? Демек, хас суретшінің қыл қаламынан туындаған сурет сияқты ажарлы сұлу табиғат біздің бабаларымыздың эстетикалық талғамын жетілдіріп, дамытып отырған деуге әбден болады. Сөйтіп, олар өздерінің күнделікті тұрмысы мен тұрақты кәсібінде жаңағыдай бейнелерді айнытпай көшіріп, сол табиғи қалпында жасандылықтан ада, бедерімен безендірілуін мінсіз қылып, бейнелеуге тырысқан.

Әлдебір киіздің қалдығы, матаның қиындысы кәдеге асып жататын. Ұсақ-ұсақ қиынды маталардан жұп-жұмсақ көпірген құрақ көрпе тігетін. Осындай қолының айрықша шеберлігінің арқасында қолөнершінің шаңырағы өзге үйден бөлектеніп, өзгеше жарасыммен жайнап, көз тартып тұратын. Бұл да жоқты бар ете білетін, барды мол етіп көрсете алатын халқымыздың басты қасиеттерінің бірі.

Кілем қаптаған, түрлі палас толып кеткен бүгінгі заманда алаша, киіз, текемет, сырмақ босағаға сырылып қалды. Тіпті босағадан да әрі, сарайдан орын тепті. Кір басып, күйе жеді. Қазір мұндай заттарды мұражайдан ғана көруге болатын шығар. Ал, сан ғасыр бойы көшпенді халыққа игілікті қызмет еткен мұндай заттардың шын мәніндегі пайдасы орасан еді ғой. Енді міне, есіл жүн кәдеге асып қуантып жатыр. Бәлкім, жаңадан қалыптасқан дүние емес, ежелден бар өнер.

–Шынтуайтын айтқанда, осы істі бастауыма бағдарламаның шарапаты тиді, – деп ағынан жарылады Жұма Бекболатқызы, – мен бұл бағдарламаны тұма бұлақтың көзін ашып, тұнығын сыртқа шығарып, өрісін кеңейтетін қамқорлық деп білемін. Қазір мемлекет жұмыс істеймін деген адамдардың барлығына қолдау көрсетіп, қолтығынан демеп отыр. Тек ұмтыла білсек, кәнекей.

Кәсіпкер несиеге алған қаражатына қажетті станок пен құрылғыларды Қытай мемлекетінен сатып алыпты. Ісі алға басқан соң жұмыс орындары ашылған, қазір сегіз адамға жұмыс беріп отыр. Орташа жалақы 200 мың теңгенің төңірегінде. Өзінің үш ұлы кәдімгідей қолғанаты. Олар да тұрмысқа қажетті жүннен жасалатын алуан түрлі заттардың қыр-сырын көкіректеріне құя бастаған. Жаңаша өң беріп, заман талабына сай етуді мақсат тұтқан. Қытай станогының тілін меңгеріп кетіпті.

Ұмтылған ұшпаққа шығады демекші, қарап отырмай, қарекет еткен ауылдағы қолы епсекті жандардың табысты ісі өзгеге өнеге болсын деп біз де қалам тарттық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар