Тауарлы-сүт фермасында тәулігіне 34 тонна сүт өндіріледі

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында Мәншүк Мәметова ауылында болып, өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірі – «Ен-Дала» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

2000 бас сауын сиыры бар тауарлы-сүт фермасы 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілген. Бүгінде кәсіпорын табысты жұмыс істеп, дамуын жалғастыруда. Қосымша 500 басқа арналған сиыржай құрылысы жүргізілуде. Ферманың орташа тәуліктік өнімділігі 34 тоннаға жетті.

Сапар аясында Марат Ахметжанов шаруашылықтың жұмысы, сондай-ақ, сиырлар мен төлдерді күтіп-бағу жағдайларымен танысты.

– Сүтті мал шаруашылығын дамыту және кеңейту өңір мен тұтастай елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай жобалар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жоба аясында негізгі технологиялық жабдықтар толық орнатылған. Техника мен құрал-жабдықтарға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 990 миллион теңгеден асты. Оның ішінде тауарлы-сүт фермасына арналған жабдықтар, телескопиялық тиегіштер және қосалқы ауыл шаруашылығы техникалары бар.

– Шаруашылық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылға қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпорын көмегімен Мәншүк Мәметова ауылында балабақша мен асхана салынды, серіктестік мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысуда. Қазіргі уақытта үш қабатты жатақхана салынып жатыр, онда серіктестік қызметкерлерінің отбасылары пәтер ала алады, – деді Мәншүк Мәметова ауылының әкімі Гүлайым Қожабекова.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар