МАМАНДЫҒЫ – МАҚТАНЫШЫ
Бүгінгі таңда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық қызметтерінде нағыз кәсіби мамандар, солардың ішінде нәзік жандылар да еңбек етуде.



Осы ретте, ер азаматтармен тең дәрежеде энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етіп жүрген қызметкер әйелдердің еңбегінің маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Олардың күнделікті жұмысы, тәртібі мен өз ісіне адалдығы әріптестері үшін нағыз үлгі болып табылады.
Көкшетау қалалық электр желілерінің электр энергиясын есепке алу аспаптарын бақылау тобының шеберлері Гүлбақыт Махатова мен Жансұлу Құлымбаеваның кәсіби өмірбаяны жауапкершіліктің, тұрақты дамудың және таңдаған жолына адалдықтың үлгісі.
Гүлбақыт Қамбарқызы Махатова энергожүйеде 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын 1996 жылы Бидайық өндірістік кооперативінде бухгалтер болып бастаған. Кейінгі жылдары сауда саласында еңбек етті. «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Көкшетау қалалық электр желілері филиалына Орталық учаскесі бастығының көмекшісі болып келіп, екі жылдан кейін Заводской учаскесін басқарды, ал, 2019 жылдан бастап электр энергиясын есепке алу аспаптарын бақылау тобының шебері қызметін атқарып келеді.
Оның басшылығымен жеке және заңды тұлғалардың есептеу аспаптарын, автоматтар мен ток трансформаторларын ауыстыруға берген өтінімдерін өңдеу, аспаптарды мемлекеттік тексеруге алуды ұйымдастыру, актілерді тексеру және нұсқамаларды рәсімдеу, тұтынушылармен орындалған жұмыс актілерін дайындау, заңды тұлғалардың дебиторлық берешектерімен жұмыс істеу, электр есептегіштерді пайдалану жөніндегі электр монтерлерінің қызметін үйлестіру сияқты ауқымды міндеттер орындалады.
Гүлбақыт Қамбарқызы техникумды ауыл шаруашылығының технолог-ұйымдастырушысы мамандығы бойынша, кейін Көкшетау экономика және статистика институтын қаржы және несие мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі бала тәрбиелеп отыр, кәсіби қызметін отбасылық міндеттерімен сәтті ұштастыруда.
Жансұлу Қалиқызы Құлымбаева компанияда 2005 жылдан бері еңбек етеді. Оның кәсіби жолы 1992 жылы Степногорск қаласындағы «Бөбек» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып басталды. Кейінірек «Қазақалтын» акционерлік қоғамында желдеткіш қондырғыларының машинисі болып жұмыс істеді. Энергетика саласына Көкшетау қалалық электр желілеріне бақылаушы болып келіп, 2014 жылы электр энергиясын есепке алу аспаптарын бақылау тобының шебері лауазымына ауыстырылды, осы жерде бүгінгі күнге дейін табысты жұмыс істеп келеді. Оның атқаратын міндеттері де әріптесі Гүлбақыт Махатоваға жүктелген тапсырмалармен бірдей.
Жансұлу Қалиқызы Шағалалы агроколледжінде ауыл шаруашылығының технолог-ұйымдастырушысы білімін алып, кейін қаржы және несие мамандығына да қол жеткізген. Бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Осылайша, Көкшетау қалалық электр желілерінің қос қызметкері энергожүйенің тұрақты жұмысына және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетілуіне қомақты үлес қосуда.
«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Айыртау ауданаралық электр желілері бөлімшесінің жедел-диспетчерлік қызметінің диспетчері Марина Николаевна Солтыс энергетика саласына 15 жылдан астам уақытын сарп еткен жан. Осы саладағы кәсіби қызметін 2011 жылы «Солтүстік Энерго Орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалында аға бақылаушы лауазымында бастаған. Жинақтаған тәжірибесі әрі қарай қызмет бабымен өсу үшін берік негіз болды. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін диспетчер болып жұмыс істейді.
Диспетчердің жұмысы өз ісіне зор зейінді, жауапкершілікті және терең техникалық білімді талап етеді. Марина Николаевнаның міндеттеріне Айыртау ауданаралық электр желілерінің электр желілері мен қосалқы станцияларын жедел басқару, жабдықтарды жөндеуге шығаруды және оларды кейіннен пайдалануға беруді ұйымдастыру, сондай-ақ, апаттық жағдайлардың алдын алу және жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіру кіреді. Энергожүйенің іркіліссіз жұмысы мен персоналдың қауіпсіздігі көбіне-көп осы маманның қабылдаған шешімдеріне байланысты.
Қызмет еткен жылдары Марина Николаевна өзін өндірістік процестерді жетік меңгерген, сауатты әрі құзыретті маман ретінде көрсетті. Әріптестері оның өзіне және айналасындағыларға талап қоя білетінін, ортақ мақсатқа жетудегі табандылығын және күрделі жағдайларда тез арада дұрыс шешім қабылдау қабілетін жоғары бағалайды.
Кәсіпорындағы қосалқы станцияның электр монтері жұмысы да әркімнен жоғары зейінділікті, терең техникалық білімді және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Күн сайын тұтас елді мекендерді энергиямен жабдықтаудың алғы шебінде жүретін осындай мамандардың қатарында Степногорск электр желілері бөлімшесінің 35 киловольттық Ақсу қосалқы станциясының кезекші электр монтері Мария Андреевна Подзеева да бар. Компаниядағы жолын ол 2016 жылы бастады. Содан бері өзін сауатты және тәртіпті маман ретінде көрсетіп келеді. Оның міндеттеріне қосалқы станцияның бекітілген жабдықтарына қызмет көрсету, жедел қайта қосуларды жүргізу, жабдықтарды қарап шығу және жоғарыда тұрған жедел персоналға ақпарат беру кіреді. Адал еңбегі «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Алғыс хаты, басқа да марапаттармен атап өтілген жан.
Энергетикадағы еңбек өтілі сегіз жылдан асатын Степногорск 110 киловольттық қосалқы станциясының кезекші электр монтері Светлана Алексеевна Пустынникова осы жұмысқа 2017 жылы келіп, осы уақыт ішінде өзін жауапты және техникалық сауатты маман ретінде танытты. Светлана Алексеевна жабдықтарға жедел қызмет көрсетуді жүзеге асырады, қосалқы станцияда іс-қағаздарын, қайта қосулар мен тексерулер жүргізеді және апатты жағдайларды жоюға қатысады. Жоғары кәсібилігі мен адал еңбегі үшін 2024 жылы энергетика саласының құрылғанына 110 жыл толуына арналған медальмен марапатталған ашық мінезді, қайырымды жан әрқашан әріптестеріне көмекке келуге дайын.
Степногорск электр желілері техникалық қызметінің тағы бір өкілі – осы салада он жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Ақсу 35 киловольттық қосалқы станциясының кезекші электр монтері Алина Николаевна Чулакова компанияға 2016 жылы келді. Ол қосалқы станциядағы жүктеме деңгейін бақылайды, жедел қайта қосуларды орындайды, жабдықтарды тексеріп, қажетті құжаттаманы жүргізеді және жоғарыда тұрған жедел персоналмен өзара іс-қимыл жұмысын реттейді. Адал еңбегі үшін 2024 жылы «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Алғыс хатымен марапатталған. Әріптестері оны өз міндетіне адал қарайтын, іске мұқият, жауапты маман ретінде сипаттайды.
Техникалық қызметтердегі әйелдердің кәсіби шеберлігінің жарқын дәлелі ретінде «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлімшесі – Еңбекшілдер электр желілерінің қызметкерлерін де атауға болады.
Наталья Владимировна Сухорукова мен Вика Николаевна Хрисанова 18 жылдан бері Заозерный желілік-монтерлік учаскесінің Заозерная 110/35/10/6 киловольттық қосалқы станциясының тарату желілерін пайдалану жөніндегі электр монтерлері болып еңбек етіп келеді. Әрқайсысының иығында үлкен кәсіби тәжірибелері мен ұжымдағы мінсіз беделдері бар.
Олардың жұмысы жоғары зейінділікті, техникалық сауаттылықты және қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтауды талап етеді. Өйткені, бұл мамандық ер азаматқа да оңай еместігі белгілі. Күнделікті міндетіне қосалқы станцияның тарату құрылғыларындағы режимдік жедел қайта қосулар, жұмыс орындарын дайындау, бригадаларды жұмысқа жіберу, тапсырмалардың орындалуын қадағалау және жұмыс орындарын қабылдап алу кіреді. Бұдан бөлек, олар апатты жағдайларды жою кезіндегі жедел іс-қимылдарға қатысады. Ал, мұның өзі төзімділікті, шешім қабылдау жылдамдығын және нәтиже үшін жеке жауапкершілікті қажет етеді.
Әріптестері Наталья Владимировнаның жабдықтарды жөндеу, жаңарту және оңтайландыру бойынша міндеттерін уақытылы және сапалы орындайтын техникалық сауатты маман екенін айтады. Ол ұжым мүшелері арасында мұқияттылығымен және жоғары кәсіби тәртібімен ерекшеленеді.
Вика Николаевна болса, әрбір тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарайтын бастамашыл қызметкер. Ол электр желілеріндегі апатты жағдайларды жоюға белсенді қатысады және осы кәсібилігі үшін ұжымда лайықты құрметке ие.
Бұл қызметкерлердің еңбек жолы таңдаған қызмет саласына қарамастан, өз ісіне адалдықтың, біліктілік пен еңбекқорлықтың арқасында күрделі жұмыстарда да табысқа жетудің айқын мысалы. Олардың осы ұмтылыстарымен бүкіл өңір үшін өмірлік маңызы бар инфрақұрылымның іркіліссіз жұмысына және облысымыздың электр қуатымен тұрақты жабдықталуына қосып келе жатқан үлестері қомақты.
Көріп отырғанымыздай, компанияның техникалық қызметтерінде дәстүрлі түрде ерлерге тән мамандықтар бойынша әйел мамандар да жемісті еңбек етуде. Демек, көптеген кәсіпорындарда, соның ішінде біз тоқталып отырған «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі еңбек етіп жүрген қызметкерлер арасында кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне адалдық деген ұғымдарда гендерлік шекара жоқ деп айтуымызға әбден болады.
Карина ХАМЗИНА.
![]()

