ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен халық сенімінің маңызды бөлігі болып табылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин нарықтағы осы мәселе жайында кеңінен баяндады.
Оның сөзінше, нарықтағы жағдайды көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі – тұрғындардың арыз-шағымдары мен өтініштері. Өткен жылы департаментке шамамен 1 мың өтініш түскен. Бұл халықтың өз құқықтарын қорғауға деген белсенділіктерінің артқандығын білдіреді. Шағымдардың көбі бөлшек сауда, интернет арқылы сауда жасау, тұрмыстық және туристік қызметтерге қатысты түскен. Өтініштердің 83 пайызы заң аясында қарастырылып, оң шешімін тапқан.
– Бұл сандардың әрқайсысының артында нақты адамдар мен олардың мәселесі тұр. Біз осы өтініштерге тек жауап беру үшін ғана емес, осындай жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс істеудеміз, – деді Самат Сайдалин брифинг барысында.
Өткен жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау жұмыстары да күшейтіліпті. Сауда үстемесін заңда белгіленген мөлшерден асырған 193 кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, жалпы 216 бизнес өкілі әкімшілік жазаға тартылған. Мамандардың айтуынша, күнделікті тұтынатын тауарлар халық үшін қолжетімді болуы керек.
– Осы мақсатта өңірде түрлі әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – 13-23 наурыз аралығында өткен «Наурыз Fest» акциясы. Бұл шара кезінде тұрғындарға жеңілдіктер ұсынылып, отандық өнімдерге қолдау көрсетілді. Сауда орындары арзандатылған тауарлардың өз сөрелерінде нақты болуына және ашықтыққа ерекше көңіл бөліп отыр, –деді спикер.
Сонымен бірге, басшының орынбасары ол сапа мен қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмағанын тілге тиек етті. «Сапалы өнім» аясында тексерулер жүргізіліп, кейбір тауарларда таңбалау талаптарының бұзылғаны анықталған. Айтуынша, сапа – тек стандартқа сай болып қана қоймай, тұтынушыға дұрыс әрі толық ақпарат та берілуі тиіс.
Басқарма тарапынан ақпараттық жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Бір жыл ішінде БАҚ-та 200-ден астам материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 2700-ден аса жазба шыққан. Тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алдын алу шараларына мән берілуде.
Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де бар. Кейбір кәсіпкерлер шағымдарды қабылдаудан жалтарып, құрылыс саласында заң бұзушылықтар орын алуда, сол сияқты, интернет саудада да тәуекелдер бар. Сонымен қатар, келісім-шарт тәртібін сақтамау мәселесі де өзекті болып тұр.
– Біздің мақсат тек заң бұзушылықты анықтау емес, оның алдын алу. Қазір біз бақылаудан гөрі серіктестікке көшіп келеміз, – деді Самат Сайдалин журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде.
Жалпы, Ақмола облысында тұтыну нарығы тұрақты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, халықтың құқықтарын қорғау күшейтіле береді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

