Жасыл экономика
Бүгінгі таңда елімізде ірі өндіріс орындарына «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу – мемлекеттік маңызды міндет. Бұл бағытта отандық нарықта өзіндік қолтаңбасы бар, өндірістік экология мен сүзгілеу жүйелерінің көшбасшысы Asiafilter Inc. компаниясының атқарып жатқан жұмысы орасан зор.
Кәсіпорын жетекшісі әрі негізін қалаушы Индира Нұрланның айтуынша, жұмыс 2011 жылы басталып, зауыттың өзі арада үш жыл өткенде іске қосылған. Көрікті Бурабай баурайында орналасқан, заманауи еуропалық қондырғылармен жабдықталған кешеннің жалпы аумағы 2500 шаршы метрден асады. 15 жылдан астам уақыт ішінде ұжым жай ғана өнім өндіруші емес, еліміздің экологиялық ахуалын жақсартатын ірі ғылыми-инженерлік орталыққа айналды. Компанияның басты мақсаты – өнеркәсіптен шығатын зиянды түтін, шаң, газ және ағынды суды халықаралық стандарттар деңгейінде залалсыздандыру.
Ұжым жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс көлемін арттыруға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға басымдық беріп келеді. Индира Нұрлан – саяси ғылымдар магистрі, импортты алмастыру және өндірістік дербестік саласындағы тәжірибелі маман. Оның басшылығымен Asiafilter Inc.компаниясы 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын сапа» байқауында «Үздік өндірістік тауар» номинациясы бойынша ең жоғары марапатқа қол жеткізді. Бұл – өндірістік процестердегі сапаны қатаң сақтаудың және отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан зор үлестің айқын белгісі. Компания өз саласындағы инновациялық шешімдерімен ғана емес, сапа мен жауапкершіліктің эталонына айналды.
Asiafilter Inc. компаниясының жетістігі «Adaltech» технологиясында жатыр. Бұл жүйе ауа ағынын тұрақты бөліп, сүзгілердің ластануды барынша жоғары деңгейде ұстап қалуына кепілдік береді. Кәсіпорын «Қазақмыс», «Казцинк», «Qarmet», «Қазатомөнеркәсіп», «Алматы электр станциялары» және «Heidelberg Cement» зауыттарымен тығыз жұмыс істейді. Өнімдер сапа менеджментінің халықаралық талаптары мен беделді «TUV NORD» стандартына толық сай келеді. Отандық мамандар жасаған жабдықтар ауадағы ең ұсақ зиянды бөлшектерді жоғары тиімділікпен ұстап қалады.
Компанияның сүзгіш элементтері әрқайсысы өзіндік мақсатқа сай бірнеше санатқа бөлінеді. Ауа тазалығына қатысты талаптар өте қатаң болатын операциялық бөлмелер, фармацевтикалық зауыттар, тамақ өнеркәсібі және жоғары технологиялық электроника өндірісі үшін абсолютті «EPA» және «HEPA» сүзгілері қолданылады. Бұдан бөлек, финалдық немесе аралық тазарту сатысында синтетикалық немесе шыны талшығынан жасалған қалталы сүзгілердің маңызы зор. Олар төмен кедергі жағдайында сүзгілеу ауданын ұлғайтып, ауадағы ұсақ бөлшектерді тиімді ұстап қалады.
Asiafilter Inc. компаниясы қазіргі заманғы технологиялар негізінде газ шығарындыларын залалсыздандыру және ауаны тазарту саласындағы қапшықты сүзгілердің (рукавный фильтр) кең спектрін өндіреді. Шаң-газ тазарту саласында қолданылатын техникалық шешімдер ауаны типтік ластаушылардан, оның ішінде органикалық қосылыстардың буларынан, улы газдардан, CO, NOx, аэрозольдерден және әртүрлі концентрация мен көлемдегі шаңнан тиімді тазартуға мүмкіндік береді. Компанияның өнімдері сертификатталған.
Қапшықты сүзгілер тұрақты өндірістік цикл жүретін әртүрлі салаларда түтін газдары мен аспирациялық типтегі шығарындыларды тазарту мақсатында белсенді қолданылады. Мұндай салаларға қара және түсті металлургия, құрылыс материалдарын өндіру, ағаш және металл өңдеу, пайдалы қазбаларды өндіру, энергетика саласы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, минералды тыңайтқыштар өндірісі және тағы басқалар жатады.
Тамақтандыру саласындағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарды сақтау үшін компания май сүзгілерін ұсынады. Олар тамақ пісіру кезінде түзілетін май аэрозольдары мен ірі бөлшектерді ұстап қалады. Бояу және кептіру камераларына арналған арнайы сүзгілер «Adaltech» технологиясының көмегімен бояу мен лак материалдарының сору жүйелеріне сіңуін болдырмай, беттің мінсіз тазалығына кепілдік береді. Сұйықтықтарды тазарту үшін картриджді және мембраналық сүзгілер қолданылады. Мембраналық сүзгілер үшін қышқылға төзімді материалдар мен фармацевтикалық орталарға арналған полимерлер пайдаланылады.
Зауытта автоматтандырылған төрт цех жұмыс істейді. Ол газдан тазарту және аспирация жүйелері, индустриалды желдету, фазаларды бөлу және сусыздандыру, яғни, лас сұйықтықтарды сүзіп, қалдықтарды бөліп алатын пресс-фильтрлер және соңғысы техникалық майлар мен жанармайларды 0,1 микрометрге дейінгі дәлдікпен тазалайтын сұйықтықты сүзгілеу. Бұл аппараттардың қаңқасы химиялық заттарға, қышқылдарға және үйкеліске аса төзімді, тот баспайтын жоғары маркалы болаттан жасалады.
Кәсіпорын әр тапсырыстың ерекшелігіне қарай жеке инженерлік есептеулер жүргізіп, жүйелерді нөлден бастап арнайы жобалайды. Отандық өндірістің мұндай жоғары деңгейге көтерілуі Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
Бүгінде талантты жетекші Индира Нұрлан басқаратын Asiafilter Inc.тек технологиялық құрал-жабдықтарды іске асырып қана қоймай, Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сапалы басқару жүйесінен тұратын ірі өндірістік кешен ретінде танылуда. Болашақта компания өз қызметін бұдан да кеңейтіп, жаңа инновациялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

