Жасанды интеллект жөніндегі дәріс

ЖОЛДАУҒА — ҚОЛДАУ

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылған цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында «Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалы Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетімен және «Арна» колледжімен бірлесіп, дизайндағы жасанды интеллект тақырыбына арналған  іс-шара өткізді.

Бұл іс-шара цифрландырудың негізгі үрдістерін және жасанды интеллектінің (ЖИ) дизайн саласындағы рөлін талқылауға бағытталған. Қатысушыларға жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін көрсететін демонстрациялық сессия және шығармашылық индустриялардағы жаңа технологияларды қолдану көкжиегін ашатын мотивациялық дәріс ұсынылды.

Адамның шығармашылық және визуалды стильді қалыптастырудағы рөлі турасындағы сессияда жаңа буын өкілі, дизайнер Элита Яндиева сөз сөйледі. Оның жұмыстары ірі халықаралық алаңдарда көрсетілген. Ол Қазақстан тарихындағы цифрлық әлемдегі әйелдерге арналған алғашқы пошта маркасының авторы, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк қатысқан саммит бөлігінің визуалды сүйемелдеу дизайнері, сондай-ақ, Телеграм платформасының негізін қалаушы Павел Дуров қатысқан форумындағы  панельдік сессиясының дизайнері болған.

Демонстрациялық сессия бағдарламасы аясында дизайнда жасанды интеллектіні қолдану туралы мифтерді жоққа шығару, ЖИ-дің дизайнерді алмастырмайтын құрал екендігі және классикалық көркемдік базаның рөлі талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық іс-шараларға арнап әзірленген нақты визуалды материалдардың мысалдары көрсетіліп, жасанды интеллектінің шығармашылық жұмысты қалай жеделдете алатын мүмкіндіктері айтылды. Мәселен, өңіріміздегі студенттер егер осы саланы меңгеріп алса, үйден шықпай-ақ, онлайн режимде тапсырыстар қабылдап, халықаралық платформаларда жұмыс істей алады екен. Шетелдіктер, әсіресе, Орта Азия елдерінің азаматтары өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтыны үшін көбірек сенім білдіріп, тапсырыс беретін көрінеді.

Қазақстандық дизайнерлердің әлемдік индустриядағы рөлі және заманауи технологиялар арқылы халықаралық нарыққа шығу перспективалары туралы мотивациялық блок қарастырылған. Іс-шара соңында қатысушылар сарапшыдан өз сұрақтарына жауаптар ала алды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар