Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді деп атап өтті. 2025 жылы Ақмола облысының денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 89,9 миллиард теңгені құрады.
Мұндағы 49,8 миллиард теңге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен болса, қалған 40,1 миллиард теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорынан бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көрсеткіші 4 пайызға артты. 2020 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге, оның ішінде МӘМС 3,3 есеге ұлғайған. Алдағы 2026 жылға 94,2 миллиард теңге сомасында қаражат қарастырылмақшы, бұл биылғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық.
Қазіргі таңда облыста 63 медициналық ұйым жұмыс істейді, оларды қаржыландыру мемлекеттік және жеке сектор арасында бөлінеді.
Аталған қаражат аймақтағы халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін 63 медициналық, оның ішінде 34 мемлекеттік, 29 жеке ұйымға таратылды. Ағымдағы жылы медициналық ұйымдарға 20 пайызға дейін аванс берілді. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізілуде.
МӘМС жүйесінің енгізілуі медициналық қызметтер мен көмек түрлерін, сапасы мен қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Биыл облыс халқына 12 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілді, оның ішінде КТ, МРТ аппараттары арқылы тексерістен өту сияқты 50 мыңнан астам қымбат қызметтер, бұрын ұлттық орталықтарда жасалған жүрек, мойын, бас тамырларына операция ретінде 200 мыңнан астам жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Жеңілдік берілетін санаттағы балалар мен азаматтар 250 мыңнан астам стоматологиялық қызмет алды. Бұл бағытта 2024 жылдың ұқсас кезеңінде шамамен 8,3 миллион қызмет көрсетілген болатын.
Сонымен қатар, көрсетілген медициналық қызметтерді талдау нәтижелері бойынша облыс тұрғындары арасында ең жоғары сұранысқа консультативтік-диагностикалық қызметтер ие болғаны анықталды. Атап айтқанда, кардиолог, эндокринолог, хирург, травматолог-ортопед, онколог сияқты тар бейінді мамандар 150 мыңнан астам консультация және қызмет көрсетті.
Бүгінгі күні медициналық ұйымдар алдында 3 тоқсан бойынша төлемдер толықтай, ал қазан айы бойынша 80 пайыз жабылды. Алайда, 3 тоқсанның қорытындысы бойынша берілген қаржының 1,5 миллиард теңгеге жуығы игерілмеді.
Осыған байланысты медициналық ұйымдар басшыларының назарына бөлінген қаражатты толық және тиімді игеру қажет екенін еске салғым келіп отыр. Жалпы, қордан бөлінетін қаражат халыққа жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталады. Осыған байланысты Қор филиалы ұйымдардың міндеттемелерін толыққанды және сапаға сай орындауын қадағалауға мониторинг, яғни, халыққа көрсетілген медициналық көмекке сараптама жүргізеді.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, анықталған ақаулар мен айыппұлдар сомасы өткен жылдың көрсеткіштерінен
2 есеге аз. Оның ішінде 2025 жылдың 1 жарты жылының қортындысы бойынша анықталған айыппұлдар сомасы өткен жылдың көрсеткіштерінен 1,5 есеге азайды.
Барша жұрт білетіндей, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Қор Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесінде сараптаманы автоматты түрде жүргізеді.
Нәтижесінде шілде мен қазан айлары бойынша анықталған айыппұлдар сомасы өткен жылдың көрсеткіштерінен 3,2 есеге азайды.
Осыған байланысты медициналық ұйымдар басшыларының назарын ішкі сапаны бақылау қызметінің жұмысын күшейтуге аударғым келеді. Филиал өз тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын.
Халықты МӘМС жүйесіне тарту жүйелі негізде жүргізілуде. Өзгерістерге байланысты 1 қазаннан бастап сақтандырылмағандар үшін емханалар жан басына шаққандағы кешенді нормативтің (ШКН) 90 пайызын ғана алатын болады. Сондай-ақ, бір жыл ішінде учаскелік дәрігерге ешқашан жүгінбеген пациенттер үшін емханалар ШКН-ның тек 80 пайызын алатын болады. Осылайша, өзгерістер емханаларды пациенттермен кері байланыс, оларды шақыру және тексеру мен скринингтерге уақтылы шақыру арқылы аурулардың алдын алуға және ерте диагностикалауға бағытталған сапалы медициналық қызметтер көрсетуге ынталандыруы тиіс.
2026 жылдың басынан бастап әлеуметтік осал санаттар D және E үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Мемлекеттің жергілікті бюджет қаражатынан жарналары мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, ағымдағы қаржы жылының екі жылының алдындағы Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі орташа айлық жалақының 2 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Қазіргі уақытта біздің өңір тұрғындарының 17,2 пайызы немесе 133 774 адам сақтандырылмаған. Сақтандырылмағандардың көпшілігі, яғни, 75 пайызы әл-ауқаты жақсы азаматтардың санатына жатады.
Сақтандырылмауларының негізгі себептері: МӘМС төлемдер жарналарын өткізіп алу, маусымдық қызметкерлердің жұмыссыз ретінде тіркелу мүмкіндігі туралы хабардар болмауы, шетелде оқитын студенттердің өздерінің есепке тұрмауы, еңбек мигрантары.
Осы орайда, өңірдің барлық аудандарының және қалаларының басшыларына МӘМС жүйесіне халықтың назарын аударту жұмыстарын арттырған жөн екендігін айтқым келеді.
Сондай-ақ, 2026 жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу науқаны басталады. Бұл ретте, медициналық ұйымдардың басшыларының назарына барлық рұқсат беру құжаттарын, лицензияларды, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларды, жалдау шарттарын уақтылы өзектендіруі, сондай-ақ, жоспарланған көлемдер бойынша дұрыс мәліметтерді ұсынуы қажеттігін еске саламын.
Талғат ТҰРМАҒАНБЕТ,
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
қорының Ақмола облыстық филиалының директоры.
![]()

