Бағдарламаның іске асырылуына күш салудамыз

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы шалғай елді мекендерде өмір сүріп жатқан тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуларына жағдай жасау үшін қолға алынғаны белгілі. Ақмола облысында осы жоба аясында 38 нысан бой көтеріп, елді мекендер тұрғындарының игілігіне берілуде.  

Ұлттық жоба шеңберінде елімізде үш жыл ішінде жаңадан 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары ашылады деп күтілуде. Бұл нысандарға дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер жатады.

Жоғарыда атап өткенімдей, ұлттық жобаның әу бастағы негізгі мақсаты шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады. Жобада  үш негізгі бағыт: ауылдарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамту, шұғыл көмек көрсетуді уақытылы қамтамасыз ету, сондай-ақ, ауылдық медициналық мекемелерде кадрлық әлеуетті нығайтып, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету қарастырылған. Медициналық көмек көрсету үшін осы мекемелердің барлығы да жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Ақмола облысы да осы ауқымды жобаның игілігіне кенелуде. Енді облыстың шалғай ауылдарының тұрғындары, яғни, 75 мыңнан астам адам өз елді мекендерінен шықпай-ақ, дәрігерге барып қарала алады, скринингтерден уақытылы өтіп, консультациялар мен тағайындаулар алуға мүмкіндіктері болады.

Осы ұлттық жоба шеңберінде өңірдің ауылдық елді мекендеріне медициналық нысандар тұрғызу үшін әзірленген жобалардың жалпы сметалық  құны 9,8 миллиард теңгені құрады. Бұл қаржы ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден қарастырылды. 2024 жылы бұл мақсатқа 7,63 миллиард теңге бағытталса, биыл 1,7 миллиард теңге бөлінді.

Қазір облыста салынып жатқан нысандардың 33-інің құрылысы толық аяқталды. 28 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанына халыққа қызмет көрсету бойынша рұқсат құжаттары берілді. Қалған 6 нысанда құрал-жабдықтарымен жабдықтау және құқық белгілеу құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Целиноград ауданының Оразақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория бойынша облыстық құрылыс басқармасы нысанның тұрақтылығын бағалау құжатын әлі тапсырған жоқ.

Ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту шеңберінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Атбасар аудандық ауруханасына тоқталсам, «КазЕвроСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 1 миллиард теңге сомасына келісім-шарт жасалды. Былтыр оған республикалық бюджеттен 594,5 миллион теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыру шеңберінде 59,5 миллион теңге бағытталды. Ал, 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордың есебінен жобаға 329,1 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталды. Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасында МРТ аппаратын орнатуға арналған жапсарлас қосымша ғимарат салуға жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сарапатама келесі 2026 жылдың қаңтарында беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, балалар бөлімшесін күрделі жөндеуден өткізуге де қаржы қарастырылып, шарт жасалды. Бұл жұмыс жоспар бойынша 2026 жылдың қарашасына таман аяқталады.

Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасы Атбасар, Жақсы, Есіл, Сандықтау, Жарқайың секілді бес ауданның тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Бұл аудандарда жалпы саны 110,3 мың адам тұрады.

Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасындағы операциялық және реанимациялық бөлімшелерді күрделі жөндеу бойынша «СК Мақсат LTD» серіктестігімен жасалған келісім-шарт бұзылып, қазіргі уақытта талап-арыз жұмысы, сондай-ақ, жаңа конкурс жариялау үшін дайындық жүргізілуде. Аурухананың Б және В блоктарын, нақты айтқанда акушерлік және гинекология, терапия, хирургия, рентген, физиотерапия және сәулелік диагностика бөлімшелерін күрделі жөндеуден өткізуге Арнаулы мемлекеттік қордан 1,8 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 185 миллион теңге көзделген. Жоспар бойынша бұл жұмыстар келесі жылдың соңында аяқталады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасы қаланың және оның маңындағы Бұланды, Ақкөл, Біржан сал, Шортанды аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда тіркелген халық саны 160,6 мың адамды құрайды.

Медициналық ұйымдарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де жобаның басым бағыттарының бірі. Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасы үшін 2023 жылы 1,2 миллиард теңгеге 23 медициналық техника сатып алынды. Оның ішінде атап өтерлігі, 702,4 миллион теңгеге ангиографиялық қондырғы, 70,0 миллион теңгеге ультрадыбыстық диагностика аппараты, 244,8 миллион теңгеге лапароскопиялық және торакоскопиялық операцияларға арналған бейнеэндоскопиялық кешен алынды. Биыл ауруханаға компьютерлік томография сатып алынуда, ол ағымдағы жылдың соңына дейін жеткізіледі. Келесі жылы магнитті-резонанстық томография алу жоспарлануда.

Ал, Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасына медициналық құрал-жабдықтар алуға 2023 жылы 2 миллиард теңге қарастырылып, бұл қыруар қаржыға 88 медициналық техника сатып алынды. Техникалар ішінде компьютерлік томография, ангиографиялық құрылғы, цифрлық рентгенографиялық жүйе, екі ультрадыбыстық диагностика аппараты, гастроскопияға, артроскопияға, лапароскопиялық және торакоскопиялық операцияларға арналған бейнеэндоскопиялық кешендер бар. Биыл магниттік-резонанстық томография сатып алынады. Сонымен бірге, қазіргі уақытта «СК-Формация» компаниясы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасына МРТ және Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасына компьютерлік томография сатып алу бойынша тендер өткізуде. Ағымдағы жылдың соңында медициналық техникалар жеткізілуі тиіс.

Ұлттық жобаның үшінші бағытында денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық кадрлармен қамту жайы қарастырылған. Ағымдағы жылдың қараша айындағы жағдай бойынша ауданаралық көпсалалы орталық ауруханаларға 15 дәрігер мен 3 орта медициналық қызметкер қажет. Атбасар ауданындағы ауруханаға акушер-гинеколог, отоларинголог, фтизиатр дәрігерлер мен үш орта медициналық қызметкер іздеп жатырмыз. Степногорск қалалық ауруханасына екі педиатр және акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, клиникалық фармакология, ересектер хирургі, балалар хирургі, кардиолог, интервенциялық кардиолог, неонотолог, терапевт секілді 13 дәрігер қажет.

Жалпы, осы уақытқа дейін бұл ауданаралық орталық көпсалалы ауруханаларға 55 медициналық қызметкер тартылды, олардың 25-і дәрігерлер, қалғаны орта медицина қызметкерлері. Облыста осы мамандарды жұмысқа алып қалу үшін тиісті шаралар қарастырылған. Ағымдағы жылы облысқа келген 14 дәрігердің әрқайсысына 5 миллион теңгеден әлеуметтік қолдау көрсетілді. Жас мамандарды, әсіресе, арнайы шақырылған дәрігерлерді баспанамен қамту жайы оң жолға қойылған.  Мысалы, жоғарыда атап өткен ұлттық жоба аясында жұмысқа тартылған Атбасар ауданының 16, Степногорск қаласының 9 дәрігері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, облысқа «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келген барлық медицина қызметкерлері 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы ала алады. Облыстың медициналық ұйымдарындағы кадр тапшылығын жою мәселесі ұдайы бақылауда.

Нариман ЕРМЕК,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар