Тәуелсіздік күні қарсаңында Көкшетауда аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы ашылды. Жаңа орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, орталықтың жұмысымен танысты.
Аутизмі (аутизм спектрінің бұзылуы) бар балаларды қолдау орталығы өңірімізде осындай диагнозы бар балаларға күндізгі және тәуліктік қызметті тегін негізде ұсынады. Мекеменің негізгі мақсаты — аутизм спектрі бұзылған балаларды әлеуметтендіру, бейімдеу және коммуникациялау.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әр өңірде аутизмі бар және ерекше балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру туралы тапсырма берді. Біз бүгін бұл тапсырманы орындадық, – деп атап өткен өңір басшысы орталықтың оқу орнының жоспарларын іске асыру үшін Газель көлігінің кілтін табыс етті.
Орталық басшысының міндетін атқарушы Сәуле Молгаждарованың айтуынша, ерекше балалардың ата-аналары бұған дейін осындай орталықтың біздің аймаққа қажеттілігі туралы мәселені көптен бері көтеріп келген.
– Орталықта жұмыс істейтін педагог-дефектолог, логопед, психолог секілді арнайы мамандар балаларға өзін-өзі күту дағдыларын, сондай- ақ, адамдармен қарым-қатынас жасауға және қоғамға бейімделуді үйретеді. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке бейімделуі үшін аталған орталық балабақша мен мектеп арасында байланыс орнатады. Бізде күндізгі, қысқа мерзімді және тәулік бойғы бірнеше топ жұмыс істейтін болады,- дейді Сәуле Молгаждарова.
Екі қабатты жаңа орталық балаларға арналған оқу сыныптары, ойын және жатын бөлмелері мен асханамен жабдықталған. Балалар ыстық тамақпен де қамтамасыз етіледі. Ғимараттың жобалық қуаты 30 орынды құрағанымен, орталық 50-ге дейін баланы қабылдауға дайын. Жоспарланған кадрлық құрамның 21-і педагог.
Балалар орталыққа ПМПК қорытындысы бойынша қабылданып, топтарға бөлінеді. Оларды мәдени-бұқаралық іс-шараларға, бассейнге, спорт залдарына апару, жылы күндері табиғат аясына апару жоспарланған. Сонымен қатар, ерекше балалардың ата-аналарына да кеңес беріледі.
– Балам сегіз жаста. Қазіргі уақытта түзету бөлмесіне және қосымша жеке орталыққа барып жүрміз. Жеке орталықтардың қызметі қымбат және баланың мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақыны толығымен оқуына жұмсап отырмыз. Сондықтан біз осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда біздің ерекше баламыз толыққанды даму мүмкіндігіне ие болады. Осындай орталықтың ашылуын ұзақ күттік, — дейді ерекше баланың анасы Майра Штир.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда облыста 13,5 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала тұрады. Олардың ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары бар 824 бала бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 191 балаға көп.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

