КҮШТІ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ
«Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы биыл 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл дегеніміз күнтізбеде жылжыған айлар мен жылдар ғана емес, ол осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жүріп өткен жолды бағалауға және одан әрі даму векторын белгілеуге мүмкіндік беретін кезең.
Осы уақыт аралығында корпорация жекелеген мемлекеттік құралдар операторынан Ақмола облысының экономикасында шешуші рөл атқаратын толыққанды өңірлік даму институтына дейінгі жолдан өтті.
Бүгінгі таңда «Kokshe» ӘКК» – бұл мемлекет, бизнес және қоғам мүдделерінің тоғысында жұмыс істейтін айтулы құрылым. Біздің қызметіміз абстрактілі көрсеткіштерге емес, нақты адамдарға – фермерлерге, кәсіпкерлерге, тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға, тұрақты баға мен ертеңгі күнге деген сенімді ойлайтын қалалар мен ауылдардың тұрғындарына бағытталған.
Қаржылық тұрақтылық – сенімнің негізі
Соңғы екі жыл корпорация үшін қаржылық тұрақтылықты сапалы нығайту кезеңі болды. Қызмет ауқымы мен аймақ алдындағы жауапкершілігіміз артқандықтан біз тәртіпке, ашықтыққа және басқарылатын кеңейтулерге назар аудардық.
2024-2025 жылдардың қорытындысы бойынша «Kokshe» ӘКК»-ның кірістері 27 пайызға артып, пайда-11 пайызға өсті. Бұл бір реттік операциялардың нәтижесі емес, негізгі бағыттарды дамыту бойынша жүйелі жұмыстың жемісі. Осы кезеңде корпорация қарыз жүктемесін едәуір төмендетіп, 14,8 миллиард теңгеден астам соманың кредиттерін өтеді. Салық түсімдері 450 миллион теңгеден асты, бұл қаржылық ашықтық пен бюджет алдындағы жауапкершіліктің жоғары деңгейін растайды.
Осы арада несие портфелінің үш есе өскенін атап өткен жөн. Бұл қаражат облыс экономикасы үшін тікелей әсер ететін басым бағыттарға ғана ы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіптік жобалар, кәсіпкерлікті қолдау және азық-түлік нарығын тұрақтандыру бағыттарына бағытталды.
Фермерлерді қолдау – азық-түлік қауіпсіздігіне инвестициялар тарту
Ақмола облысы ежелден аграрлық өңір болып табылады. Осы ретте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі.
«Кең дала — 2» бағдарламасы аграршыларды айналым қаражатымен қамтамасыз етудің маңызды құралына айналды. Бағдарлама аясында 197 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолдау көрсетілді, оларға егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 46 миллиард теңге бағытталды. Бұл үздіксіз ауыл шаруашылығы циклін қамтамасыз етуге, өндіріс қарқынын сақтауға және егіннің рекордтық көрсеткіштеріне үлес қосуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 18 миллиард теңге сомасына агроөнеркәсіптік жобалар іске асырылуда. «Kokshe» ӘКК» арқылы қуаттылығы 8,5 мың тонна 7 тауарлы-сүт фермасының, екі суару жүйесінің және заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар аймақ ішінде қосымша құн қалыптастырады, жұмыс орындарын құрады және қайта өңдеуді дамытуға негіз қалайды.
«Ауыл аманаты»: ауыл экономикасы және жаңа жұмыс орындары
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ерекше маңызға ие. Есепті кезеңде 400-ден астам қарыз алушы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгеге қаржы алды. Бұл жүздеген шағын жобалар, яғни, мал шаруашылығынан бастап сервистік қызметтерге дейінгі жобалар жергілікті жерлерде экономикалық белсенділікті қалыптастырады.
Бұл сандардың артында нақты өзгерістер тұрғаны аса маңызды. Мәселен, осы сандар артында жаңа жұмыс орындары, ауыл тұрғындарының табысының өсуі, ауылдардан көші-қонның төмендеуі тұр. «Kokshe» ӘКК» үшін бұл бағдарлама нүктелік қаржы құралдары бүкіл аудандардың әлеуметтік-экономикалық ландшафтын қалай өзгерте алатынының нақты мысалы болып табылады.
Азық-түлік тұрақтылығы және тұтынушыны қорғау
Баға құбылмалылығы жағдайында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығын реттеу ерекше рөл атқарады. «Kokshe» ӘКК» тұрақтандыру қоры, форвардтық қаржыландыру және жеңілдікпен кредиттеу тетіктерін белсенді қолданады. Осы мақсаттарға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 3,3 миллиард теңгеден асты. Бұл бағаның өсуін тежеуге, отандық өндірушілерді қолдауға және Ақмола облысының ғана емес, Астананың да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Біздің міндетіміз — нарықты ауыстыру емес, оның тұрақты және болжамды жұмысына жағдай жасау.
Реновация – жаңа өмір бастауы
Әлеуметтік маңызды бағыттардың бірі тұрғын үй қорын жаңарту болып саналады. Бағдарлама іске асырудың белсенді кезеңінде және Көкшетауды ғана емес, сонымен қатар аудан орталықтарын да, мәселен Щучинск, Аршалы, Макинск, Зеренді елді мекендерін де қамтиды.
Облыс орталығында есепті кезеңде 21 тозығы жеткен ғимарат сырылды, биылғы қыс мезгілінде тағы да сонша ғимаратты сырып тастау жоспарлануда. Олардың орнына заманауи көпқабатты үйлер бой көтеруде. Осы бағдарлама аясында 740 отбасы апатты жағдайдағы тұрғын үйден жайлы жағдайға көшіп, жаңа пәтер иелері атанды.
Осылайша, корпорация азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ете отырып, қауіпсіз және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру құралына айналуда. 2026 жылы Қазақстандық тұрғын үй компаниясымен бірлесіп тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың жаңа бағдарламасын іске қосуды жоспарлаудамыз. Оның негізгі параметрлері бойынша тұрғын үйлер жылдық мөлшерлемесі 3,1 пайызбен 10 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарна 10 пайызбен беріледі. Бұл бағдарлама ең алдымен облыс аудандарының қызметкерлері мен тұрғындарына бағытталған. Бағдарлама ақмолалықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және сонымен бірге құрылыс саласы мен аралас өндірістерді дамытуға ынталандырады.
Индустриялық аймақтар және болашаққа салынған инвестициялар
Индустриялық дамусыз экономикалық өсу мүмкін емес. Осыған орай, Ақмола облысында индустриялық аймақтар құрылуда, олар таяу жылдары өңір экономикасына миллиардтаған теңге инвестиция тартады деген сенім мол.
Жаңа кәсіпорындар, заманауи өндірістер және жүздеген жұмыс орындары қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады. «Kokshe» ӘКК» өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейте отырып, инвесторларды тартуға және жобаларды сүйемелдеуге әрі қарай белсенді қатысатын болады.
Басты назарда – адам және аймақтың дамуы
15 жыл ішінде «Kokshe» ӘКК» тиімді әрі жауапты даму институты бола алатындығын дәлелдеді. Біз ұзақ мерзімді нәтижеге жұмыс жасай отырып, бизнестің, әлеуметтік саланың және мемлекеттің мүдделерін біріктіреміз.
Алда бізді жаңа міндеттер, ауқымды жобалар және одан да үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Бірақ, біздің ұстанымымыз өзгеріссіз қала береді. Бұрынғыдай басты назар адамдар мен олардың өміріндегі шынайы, жайлы өзгерістерге басымдық беріледі.
Біз өңірдің дамуы мен адамдардың жайлы өмірі үшін шынымен қажет жерде әрі қарай мүмкіндіктер жасай береміз.
Серікбай Құсайынов,
«Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік
қоғамының басқарма төрағасы.
![]()

