Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс.
(Токиодағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде оқыған дәрісінен.)
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға жасаған сапары кезінде Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды.
АНЫҚТАМА. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық зерттеу және білім беру орталығы болып саналады. Штаб-пәтері Токиода. Университет құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді екен.
Дүрбелеңге толы дәуір… Дүрбелеңге толы дүние…
Сол қызуы көтеріліп, мазасы кетіп тұрған дүрбелеңге толы дәуір мен дүрбелеңге толы дүниенің тағдыры үшін Адамзат баласының қазіргі алаңдауы әбден орынды.
Адамзат дүние жаралғалы кем дегенде 15 мың соғыс көріпті, сол соғыстардан шамамен алғанда 3,5 миллиард адам құрбан болған көрінеді. Бұл тарихшыларымыздың есепті пайымы!
Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде: «Әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқан секілді. Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады», – деп Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты әлемдік мінбеден бүгінгі дүниенің тамыр соғысын дөп баса айтып, әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздіктің жылдам арта түсіп, әлем жаңа әскери, алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келгенімізді әлем мемлекеттерінің басшысы, әлем саясатшыларының арасында тұңғыш рет айтқан болатын. Және де мұндай ірі де ақиқат сөзді әлем бетіне қарайлата отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас Ассамблеясының мінбесінен сөйлеп жүрген талай саясатшылардың арасында Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш айтты!
Енді, міне, Токио! Енді, міне, Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті! Дәріс оқушы – Қасым-Жомарт Тоқаев!
Біріккен Ұлттар Ұйымының университетінде аймақтағы елдер арасында алғаш рет дәріс оқып тұрған да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев!
– Мен үшін зор мәртебе, – деген Президентіміз «мұны халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан Қазақстанға шынайы құрмет деп қабылдаймын», – деп туған елі мен туған жұртын құрметтеп алға тартты.
Кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Женевадағы өкілдіктің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымдарын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев үшін өзінің азаматтық өмірінде ерекше орын алар осы кезеңдер боларын да алға тартып, университет ұжымын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуымен құттықтап, бұл оқу орнының «бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті».
Бүгінгі күні Президент ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев басқарып отырған халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қолдап, оны нығайту үшін жасап отырған табанды еңбегі мен адал ниетіне әлем зор құрметпен қарап отыр.
Жеке адам мен адамның арасында және де мемлекет пен мемлекет арасында Үндестік болады әрдайым! Үндестік дегенміз – Түсіністік!
Сол үндестік-түсіністік біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзінің ұстанатын қағидаттарының және жапон этикасы арасындағы үндестік пен үйлесімділіктің бар екендігін айтты және бұлардың «даналық және жауапты көшбасшылық – шынайы күш-қуаттың қайнары», – деп атап көрсетуі ақиқат сөз!
«Ханзада Сетоку VII ғасырда «үйлесімділік бәрінен биік бағалануға тиіс» деп жазды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік басқаруда және халықаралық қатынастарда басты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс тауып отыр, – деді Президентіміз.
Осы пікірді төрелететін болсақ, мұның бәрі Адалдыққа барып тірелері анық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі уақытта Адал да Әділ Қазақстан, Адал да Әділ қоғам орнату жолындағы өз еліндегі ұстанымы, ол Әлемдік саясаттағы да Адалдық пен Әділдікке келіп саяды!
Біздің бұл пікірімізді Қасым-Жомарт Тоқаевтың университеттегі дәрісінде қазіргі әлем бойынша «дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру» жөніндегі ой-пікірлері қуаттай түседі.
«Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар, алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті, – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзіне орайлас пікірін қайра жаңғыртты.
«Өзара сенімді қалпына келтіру қажет»!
Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға тартқан негізгі әрі басты қағидаты бұл!
– Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс, – деген пікірді тағы да пысықтай отырып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз саясатын осы өзара сенім қағидаттары негізінде құрып отырған Қазақстанның «Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді алаңдар арқылы үнемі ілгерілетіп келеді», – деген ой айтты.
«Бүгінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жалғыз өзі төтеп бере алмайтыны рас. Тек түбегейлі және тиімді ұжымдық іс-қимыл ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді. Бұл орайда БҰҰ халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым рөлін атқаруды жалғастыра беруі керек, – деген Президентіміз әлем алдындағы жауапкершілік жүгінің Біріккен Ұлттар Ұйымының мойнынан түспейтіндігін нығарлап айтты да, сол Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау, БҰҰ-ның Жарғысына ішінара өзгерістер енгізу жайын және де «Әлем өзгерді, ал, Жарғы осы өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, келешекте құжаттың сенімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын, – деген орайлы ойын ортаға салды.
Дүние әлемінде дамыған, қуатты әрі ірі мемлекеттермен қатар, орта державалардың бар екендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыру мәселесін Қасым-Жомарт Тоқаев біраздан бері айтып келе жатыр.
– Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді, – деді Президентіміз өз дәрісінде.
Мемлекет басшысы Қазақстанның беделді әрі сенімді серіктес ретінде кеңінен мойындалғанын айтты.
– Қазақстан жақын көршілері – Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қазақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп білеміз. Сондай-ақ, Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағымен ұзақ мерзімді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шығыспен, Азия және Жаһандық Оңтүстік елдерімен байланысты күшейтеміз. Жапонияның Қазақстан үшін маңызы зор. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне жол ашу мақсатында достығымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінген әлемде Қазақстанның мұндай теңгерімді әрі тура ұстанымы конструктивті дипломатияны қуаттай түседі, – деді Президент.
Ушыға бастаған ядролық қатер проблематикасына дәріс барысында айрықша назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін айтты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды, – дегені қазіргі уақытта дүниені ядролық қаруымен үрейлендіріп ұстау әрекетінен айырылмай отырған алпауыт мемлекеттерге ой салары анық.
Өз дәрісінде Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет ете отырып, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуы керектігін айтты. «Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді», – дей келіп, Президентіміздің ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көп жақты әрекет етуге шақыруы әлем және адамзат алдындығы жауапкершлікті терең сезінуі жатыр.
«Қазақстан мен Жапонияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді, – деген сөзі Президентіміздің келер күндер мен адамзаттың сеніммен жаңа дәуірінің бейбіт қатар өмір сүруіне бастайтын жол.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз дәрісінде адамзат болашағы жайлы ой толғады. Қауіпсіз әлем құрудың жаңа ойлары мен тұжырымдарын ортаға салды, айдай әлемнің назарына ұсынды.
Әлем, ойлан енді!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
қоғам және мемлекет қайраткері.
Көкшетау.
![]()

