Бүгінгінің маңызды бір міндеті адамдарды тосын оқиғалардан қорғау

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ҚЫЗМЕТІ

Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық жағдайлардағы кез келген төтенше оқиғаның алдын алу болып табылады. Осы мақсатта Департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерінің, жұртшылық пен еріктілер қозғалысы өкілдерінің қатысуымен жеке тұрғын үй секторында тұрақты негізде аулаларды аралау жұмыстары жүргізілуде.

Әсіресе, «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасының үш кезеңі барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының баспаналары ерекше бақылауға алынып, профилактикалық жұмыстармен бірнеше мәрте қамтылды.

Тұрғындарға жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндіріліп, жылыту және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша нақты ұсынымдар берілді. Бұл жұмыс тек үгіт-насихатпен шектелмей, азаматтардың үйлеріндегі пештің, электр сымдарының және газ жабдықтарының техникалық жай-күйіне комиссиялық тексерулер жүргізуге ұласты. Соның нәтижесінде жетпіс үйдің пешін жөндеуге, тоқсан үйдің электрмен жабдықтау жүйелерін ретке келтіруге көмек көрсетіліп, екі мыңнан астам мұржа күйеден тазартылды.

Жалпы алғанда автономды жылыту жүйесі бар 145 мыңнан астам жеке тұрғын үй қамтылып, бұл шаралар 314 мыңнан астам адамның қауіпсіздігіне оң әсерін тигізді. Сондай-ақ, халықпен 545 жиын өткізіліп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Ағымдағы жылыту маусымында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлеріне 1738 арнайы датчик орнатылды, ал қайталама аралау кезінде бұрын орнатылған құрылғылардың жұмыс істеу қабілеті тексеріліп, қажет болған жағдайда ауыстырылуда. Ақпараттық қолдау бағытында бұқаралық ақпарат құралдарында екі мыңнан астам материал жарияланып, телеарналар мен радиоэфирлерде өртке қарсы шақырулар тұрақты түрде шығарылып тұрды.

Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын орындарда дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы төрт мыңнан астам хабарлама таратылып, мәдениет үйлері мен сауда орталықтарындағы Лэд-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға ведомстволық парақшалар таратумен қатар, танымал блогерлер мен қоғам қайраткерлері де белсенді атсалысып, «Төтенше жағдайлар қызметі», «Сақтансаң – сақтар!» сынды арнайы айдарлар арқылы халықтың құқықтық және техникалық сауаттылығын арттыруға жағдай жасалды. Білім беру ұйымдарында өткізілген ата-аналар жиналыстары мен сынып сағаттары да өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырудың маңызды құралына айналды. Мұндай кешенді шаралар ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтаудағы мемлекеттік жауапкершіліктің айқын көрінісі болып табылады.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар