ЖОЛДАУ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫМЕН
Мемлекет басшысының жете мән беруінің арқасында елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі елдің шалғай аймақтарындағы медицина саласына тың серпін беруде. Бұрын тек облыс орталықтары мен ірі қалаларда ғана жасалатын күрделі оталар бүгінде аудандық ауруханаларда да сәтті жүзеге асырылып отыр.
Соның айқын дәлеліндей, Жақсы аудандық ауруханасында Есіл ауданының тұрғыны, зейнеткер Лидия Самсоноваға жоғары технологиялы хирургиялық отасы шұғыл түрде жасалды. Науқас сол жақ сан сүйегінің төменгі үштен бір бөлігінің ығысуымен жабық сынуын алған. Оған алғашқы медициналық көмек Есіл аудандық ауруханасында көрсетілгенімен, жарақаттың күрделілігін ескере отырып, дәрігерлер консилиумының шешімімен Жақсы аудандық ауруханасына шұғыл түрде жеткізу туралы шешім қабылданған. Содан соң науқасқа аталған ауруханада «ашық репозиция және блокталатын пластиналармен металлоостеосинтез» атты күрделі ота жасалды. Бұл қазіргі травматологияда кеңінен қолданылатын, жоғары дәлдікті талап ететін хирургиялық араласу түрі. Жақсы аудандық ауруханасының травматолог-ортопеді Аманжол Нұрмұхаметов операция барысын:
– Науқас бізге шұғыл жағдайда түсті. Операция барысында сүйек сынықтары ашық әдіспен дәл орнына келтіріліп, бұрандалар арқылы бұрыштық тұрақтылықты қамтамасыз ететін арнайы металл пластинамен бекітілді. Бұл әдіс сүйектің дұрыс бітуіне және науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді, –деп түсіндірді.
Аталған операция МӘМС аясында тегін жасалды. Науқас зейнеткерлік жаста болғандықтан, оның сақтандыру жарнасы мемлекет есебінен төленген. Ал, дәл осындай операцияның коммерциялық медициналық орталықтардағы орташа құны 1 миллион теңгеден жоғары. Бүгінде сәтті өткен операциядан кейін Лидия Самсонова өзін жақсы сезініп, алдағы оңалту кезеңіне дайындалып отыр.
– Дәрігерлер мен медбикелерге, жалпы аурухана ұжымына алғысым шексіз. Барлығы өте білікті, қамқор әрі адамгершілігі мол. Осындай кәсіби мамандардың аудандық ауруханада еңбек етіп жатқанына қуаныштымын, – дейді ол ақ халатты абзал жандарға өз алғысын жеткізе отырып.
Жалпы, Жақсы аудандық ауруханасының жетістігі бір ғана операциямен шектелмейді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы 9 айында мұнда 396 травматологиялық оталар жасалған. Осылайша, хирургиялық белсенділік 89,5 пайызды құрап отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы жылдары науқастар саны айтарлықтай артқан. Мәселен, 2023 жылы сүйек сынуымен емделгендер саны 306 адам болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 356 адамға жеткен. Ал операциялық араласулардың өсімі 16,3 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, аурухана оториноларингология, жалпы хирургия және басқа да салалар бойынша жаңа технологияларды сәтті енгізіп, күрделі операцияларды жүргізіп келеді. Бүгінде шын мәнісінде МӘМС жүйесі ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Ақмола облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының сарапшысы Шанхи Голубева Жақсы аудандық ауруханасының жұмысын жоғары бағалады.
– Жоғары технологиялық медициналық көмектер енді тек облыс орталықтарында ғана емес, аудан деңгейінде де қолжетімді. Бұл, әрине, өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Олар сапалы медициналық көмекті алу үшін алысқа сабылмай, өз ауданында емделе алады, – дейді Шанхи Голубева.
Жақсы аудандық ауруханасының тәжірибесі ауыл медицинасының әлеуеті зор екенін дәлелдей түсетіндей. Заманауи технология, кәсіби мамандар және МӘМС жүйесінің қолдауы расында да шалғай өңірлердегі халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге жол ашып отыр. Мұны денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістердің нақты көрінісі деп есептейміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.
![]()

