Өткен жылға қарағанда көрсеткіштер жақсарған

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш-жігерімен тұтастай еліміз бойынша денсаулық сақтау саласында іргелі жұмыстар қолға алынды.

Мұндай оң қадамнан медициналық қызметтің маңызды бір буыны болып табылатын санитарлық-эпидемиологиялық комитет пен оның жергілікті жерлердегі құрылымдары да тыс қалып отырған жоқ. Соның нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар көрсеткіші бойынша жағдай жақсы жағына айтарлықтай өзгере түскен. Мысалы, жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Ол облыс аумағындағы эпидемиологиялық жағдайдың 2025 жылдың 11 айындағы қорытындысымен бөлісті.

Өңірде жұқпалы және паразитарлық аурулар жөнінен ахуал тұрақты болып отыр. Ең бастысы, туляремия, Конго-Қырым қанды безгегі, құтыру және листериоз сияқты аса қауіпті инфекциялардың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Бұл санитарлық қызметтердің жүйелі жұмысының нәтижесі.

Статистикаға сүйенсек, былтырға қарағанда жұқпалы аурулардың 15 түрі бойынша сырқаттану деңгейі төмендеген. Атап айтқанда, қызылша 3,8 есе, көкжөтел 3,6 есе, қызамық 5 есе, ал, дизентерия көрсеткіші де 5 есеге азайды. Сонымен қатар, жедел вирустық гепатиттер, аскаридоз және кене энцефалиті бойынша да оң динамика байқалады. Дегенмен, кейбір дерттер бойынша өсім бар. Әсіресе, серозды менингит 2,6 есеге, кене боррелиозы 4 есеге, ал, қышыма көрсеткіші 6,7 есеге өскен. Бұл халықтың сақтық шараларына бейжай қарамай, жеке гигиена талаптарын қатаң сақтауын қажет етеді.

Қызылша ауруына тоқталсақ, биыл зертханалық түрде расталған 225 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 74,2 пайызға аз. Алайда сырқаттанғандардың 76,8 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе, бір жасқа дейінгі сәбилер арасындағы аурушаңдық деңгейі жоғары болып отыр. Мамандар мұны ұжымдық иммунитеттің жеткіліксіздігімен және ата-аналардың екпеден бас тартуымен байланыстырады. 2023 жылдың қарашасынан басталған жаппай иммундау шаралары аурудың бетін қайтаруға септігін тигізгенімен, вакцинациядан қашу үрдісі әлі де қауіп төндіруде.

Тұмау мен ЖРВИ-дің 2025-2026 жылғы эпидмаусымы да ерекше назарды қажет етеді. Қазан айынан бері облыста 62 936 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өңір халқының 8 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш өткен маусыммен салыстырғанда 1,1 есе жоғары. Жұқтырғандардың 66,4 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, жүкті әйелдер арасындағы сырқаттанушылық 1,5 есеге өсіп, 724 жағдайды құрады. Қазіргі таңда облыста «гонконгтық тұмау» деп аталатын А типті (H3N2) вирусы белсенді циркуляцияда. Алдын алу шаралары аясында облыс халқының 11 пайызы тұмауға қарсы екпе алды. Әсіресе, жабық мекемелер мен медициналық-әлеуметтік орталықтарда вакцинациямен қамту деңгейі 97 пайыздан асып, жоғары көрсеткішке жетті.

Туберкулезбен күрес бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша аурушаңдық 5,9 пайызға төмендеп, 237 жағдай тіркелді. Дегенмен, дертке шалдыққандардың 81 пайызы еңбекке жарамды жастағы азаматтар екені алаңдатады. Бүгінде 49 мыңнан астам бала туберкулинодиагностикадан өтіп, қамту деңгейі 96,9 пайызды құрады. Тәуекел топтарының флюорографиялық тексерістен өту көрсеткіші 97,3 пайызға жетіп, өткен жылдан 7 пайызға жоғарылады.

Бруцеллез бойынша жағдай ерекше сақтықты қажет етеді. Биыл 14 жағдай тіркеліп, сырқаттанушылық 29 пайызға артты. Дерттің негізгі көзі – ауру малмен тікелей байланыс және тиісті термиялық өңдеуден өтпеген сүт пен ет өнімдерін тұтыну. Ауру анықталған азаматтардың басым бөлігі медициналық көмекке өздері жүгінген.

Сондай-ақ, өз сөзінде Серік Омарханов эпидемиологиялық ахуалға екпе егуден бас тартатын ата-аналардың кедергі екендігін атап өтті. Оның сөзінше, кей азаматтардың балаларына екпе салдырмау себебі діни және өзге де себептермен байланысты.

Қорыта айтқанда, облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда болғанымен, әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі мен екпе жұмыстарына оң көзқарасы қауіпсіз қоғамның басты кепілі болып қала бермек.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар