Ақмола облысында 900 тұрғынның несиесі жабылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен шамадан тыс қарыз жүктемесін азайту мәселесін басты назарға алған болатын.

Президент: «Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Халықтың несиеге батуы – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді», – деп қадап айтты. Осы стратегиялық тапсырманың аясында Ақмола облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы пәрменді жүзеге асырылуда.

Өткен жылдан бастап елімізде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға қатысты қолға алынған бұл жоба бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Былтыр өңірде 9 мыңға жуық тұрғын арнайы курстан өтсе, биыл Ақмола облысы бойынша оған қатысушылар саны 28 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіш халықтың қаржылық тәртіп пен білімге деген қызығушылығының жоғары екенін айқын көрсетеді.

«Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарға жеке қаржыны, кірістер мен шығыстарды басқаруды үйренуге, сондай-ақ, күрделі борыштық жағдайлардан шығу жолдарын табуға көмектеседі. Бастапқыда сабақтар тек офлайн форматта өтсе, қазір кездесулер, семинарлар мен түрлі кеңестер арқылы онлайн оқыту іске қосылды. Бұл шалғайдағы елді мекен тұрғындарын қамтуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Жоба аясында тек қарыздан құтылу емес, табыс көзін табу жолдары да қарастырылған. Қаржылық сарапшы Дәуренбек Жүсіповтың айтуынша, бағдарлама әлеуметтік деңгейіне қарамастан барлық топты қамтиды.

– Өкінішке орай, табысы жоғары адамдардың да несиесі көп. Ал табысы төмен адамдарға қандай қосымша жұмыстармен айналысуға болады, қандай заңды бизнес бар екенін айтып отырамыз. Мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде аз қамтылған отбасылар үшін қандай көмек қарастырылғаны түсіндіріледі. Бұл жұмыстар облыс аумағын толық қамтыды, – дейді Дәуренбек Жүсіпов.

«Қарызсыз қоғам» жобасы құрғақ теориямен шектелмейді. Мамандар банктер мен микроқаржы ұйымдарымен арадағы күрделі мәселелерді шешуге заңдық тұрғыдан жәрдемдеседі. Оның ең үлкен нәтижесі – несиесін өтеуге қауқарсыз жандардың «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның игілігін көруі.

 Осы оқу курстары қорытындысы бойынша 900-ге жуық тұрғын банкроттық рәсімінен өтті. Яғни, егер бір жыл ішінде несиесі бар адам оны кірісі, активі болмаған жағдайда төлей алмаса, заңға сәйкес бұл рәсім жүзеге асырылады. Біздің менторлардың қолдауымен осы азаматтардың несиелері есептен шығарылды, –  дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.

Осылайша, Президент Жолдауында айтылған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті Ақмола облысында нақты істермен көрініс тауып жатыр. «Қарызсыз қоғам» жобасы жай ғана білім беру бастамасы емес, қазақстандықтардың қаржылық тұрақтылығы мен өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін халықты қолдаудың пәрменді құралына айналды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар