Қосшыда жаңа пәтерлердің кілттері тапсырылып, Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды

ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ

Жаңа жыл қарсаңында Қосшы қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Марат Ахметжанов тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл күні орталық алаңда Жаңа жылдық шыршаның шамын жағу рәсіміне қатысты.

Биыл бірден қосшылық алпыс отбасы қоныс тойын тойлайды. Өңір басшысы өз сөзінде бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқанын және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы инфрақұрылымдық өзгерістер жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Облыс басшылығы үшін адами капиталға инвестиция салу мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты басымдық болып қала бермек. Осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Соңғы екі жылдың ішінде Қосшыда сегіз жүзге жуық мұқтаж отбасы жайлы пәтерлерге ие болды.

Ақмола облысы «Отбасы банк» акционерлік қоғамының жаңа бағдарламасы бойынша тұрғын үйлерді бөлуді бастаған алғашқы аймақтардың біріне айналды. Қаржы ұйымының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, Қосшы қаласында баспана тұңғыш рет жаңа ережелерге сәйкес үлестірілді. Соған сәйкес, пәтерлердің жетпіс пайызы көпбалалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдеріне берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заң аясында жүз пәтердің жетпісі көпбалалы отбасыларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға, сондай-ақ, жетім балалар санатындағы азаматтарға тиесілі. Бұл жоба әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мақсатында барынша ашық әрі айқын жүзеге асырылды.

Жаңа пәтерлерге ие болған тұрғындардың атынан жеті баланың анасы Перизат Нұржанова мен елге оралған қандас Күләш Тұрабаева сөз сөйлеп, мемлекет пен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Олар көптен күткен баспана мәселесінің оң шешілгеніне және отбасылары үшін жасалған жағдайға шексіз қуанышты екендіктерін жеткізді.

Салтанатты шара аясында аймақ басшысы тек пәтер кілттерін ғана емес, сонымен қатар «Қосшы су» коммуналдық шаруашылық ұйымы мен қалалық мәдениет және демалыс орталығының басшылығына арнайы техникалардың кілтін де табыстады. «Қосшы су» кәсіпорнының директоры Валерий Асамбаев атап өткендей, жаңа техника жүз жетпіс қызметкердің жұмысын жеңілдетіп, қаланың сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қаланың өсуіне байланысты су тұтыну көлемі артып келе жатқандықтан, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа тазарту құрылғыларын салу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Айта кетерлігі, Қосшы қаласы Ақмола облысы бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ең көп пәтер берілген елді мекен болып отыр. Жыл басынан бері бұл жерде төрт жүзден астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.

Бұл күні кешкісін қаланың орталық алаңында облыс әкімінің қатысуымен биіктігі 15 метрлік Жаңа жылдық шыршаның шамын жағу рәсімі болып өтті. Мұндай мерекелік биік шырша қала тарихында биыл алғаш рет орнатылып отыр. Оған екі мыңнан астам қала тұрғыны жиналып, шыршаны айнала дәстүрлі хороводпен бірге концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Қосшы тұрғындары қаланың қарқынды дамудың жарқын үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтуде. Бұл жыл қала үшін ерекше болды: табиғи газ тартылып, заманауи қоғамдық мәдени-спорттық кешен ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қалада 1000 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылып, бұған дейін орнатылған шамамен 500 камера жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілді.

Келесі жылдың басында мың адамға арналған емханасы бар өңірлік аурухананың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа мектеп пен 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы үшін жер телімі анықталып, мердігер таңдалды. Бұл нысандар жақын болашақта қаланың келбетін көркейтіп, өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге, мәдениет пен өнердің дамуына серпін береді. Кеш мерекелік отшашумен аяқталды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар