Целиноград ауданының прокуратурасы Талапкер ауылының үлескерлерінің арызына сәйкес «Талапкер-ЖТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының әрекеттеріне қатысты кешенді шаралар қабылдады.
Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды қабылдау қорытындысы бойынша іске асырылды. Тексеріс барысында анықталғанындай, 2025 жылдың тамыз айында «Талапкер-ЖТ» ЖШС-нің бұрынғы директоры кәсіпорынға тиесілі аумағы 211 гектар жер учаскесін заңсыз түрде 7 350 000 теңгеге сатып, үлескерлерге ірі мөлшерде залал келтірген.
Целиноград аудандық сотының 2025 жылдың 9 қаңтарындағы үкімімен аталған серіктестігінің бұрынғы директоры алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу және қосымша 4 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Целиноград ауданы.
Жылу мәселесі бақылауға алынды
Облыс прокуратурасының тапсырмасын орындау мақсатында аудан прокуратурасы тұрғын үйлердің жылумен қамтылу жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.
Жылу беру сапасының төмендеуіне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында тұрғындардың шағымы көрсетілген жарияланым орын алған.
Осыған байланысты 2026 жылғы 8 қаңтар күні аудан прокуратурасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органның өкілдерімен бірлесіп, қазандықтарға, сондай-ақ, Новая көшесінде тұратын тұрғындардың пәтерлеріне барып, қалыптасқан жағдайдың себептеріне талдау жүргізді, жергілікті атқарушы орган мен авариялық қызметтің жұмысын үйлестірді.
Қазіргі уақытта температуралық көрсеткіштер тиісті нормаға келтіріліп, атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша жауапты уәкілетті тұлғаларға тиісті ұсынымдар берілді. Аталған жағдай одан әрі де аудан прокуратурасының бақылауында ұсталуда.
Шортанды ауданы.
Балалар үйі тәрбиеленушісінің құқы қорғалды
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Н.-ның «Отбасы банк» АҚ-ға тұрғын үй кезегіне қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс қаралды.
Сот Н.-ның 13 жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалғанын және 2006 жылы балалар үйіне орналастырылғанын анықтады. 2009 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына өзгеріс енгізіліп, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар жетім балаларға теңестірілген.
Балалар үйінде болған кезеңде Н. тұрғын үй кезегіне қойылмаған. Одан шыққаннан кейін ғана Н. 2020 жылы өз бетінше кезекке тұрған. Қазіргі уақытта Н.-ның өз отбасы бар, үш кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отыр және соттан 2009 жылдан бастап тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді сұраған.
«Отбасы банк» АҚ 2025 жылғы 24 мамырдан бастап осы бағдарламалардың операторы болғандықтан, құқықтық мирасқор ретінде қарастырылады. Алайда, ақпараттық жүйелерде мәліметтердің расталмауына байланысты, Н.-ны кезекке қоюдан бас тартқан болып шықты. Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі берген жауапқа сәйкес, 2007-2009 жылдары ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар архивтік деректерге сәйкес, кезекке қойылған. Алайда, Н. бойынша мәліметтер жоқ. Балалар үйі 2019 жылы таратылған.
Дегенмен, кәмелетке толмаған Н. балалар үйінде болған кезде кезекке қойылмағанымен, 2009 жылғы 17 шілдеден бастап тұрғын үй кезегіне қойылуға тиіс болған. Алайда, соған қарамастан, оның осы орайдағы құқығы мен заңды мүддесі бұзылған.
Сот шешімімен Н.-ның тұрғын үй кезегіне қалпына келтіру туралы әкімшілік талап қоюы қанағаттандырылды. Сот «Отбасы банк» АҚ-ны Н.-ны 2009 жылғы 17 шілдеден бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне қалпына келтіруге міндеттеді.
Осылайша сот талапкердің кезекке қою туралы шешімді орындау туралы өтінішін қанағаттандырып, 16 жыл бойғы ағаттықты қалпына келтірді.
Ақмола облысының прокуратурасы мен облыстық
соттың материалдары бойынша дайындалды.
![]()

