Заң мен тәртіп – баршамызға ортақ. Оның сақталуына күш салу құқық қорғау органдарының тікелей міндеті. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының полиция полковнигі, полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді.
Елімізде құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Бұл бағыттағы басты өзгеріс құқық бұзушылық орын алғаннан гөрі оларды бастапқы кезеңде болдырмауға басымдық беру болып табылады. Осы мақсатта құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен, әлеуметтік осал жағдайдағы отбасылармен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге бағытталған нысаналы алдын алу тетіктері енгізіліп жатыр. Мұндай жұмыстың нәтижелі болуы үшін ішкі істер органдары, жергілікті әкімдіктер, білім беру және әлеуметтік қорғау мекемелерінің өзара іс-қимылы жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.
Сонымен қатар, заңнамалық базаны жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп, профилактикалық бақылаудың құқықтық құралдары кеңейтілуде. Жаңа нормалар профилактикалық есепке қою мен әкімшілік қадағалаудың тәртібін нақтылап, қауіпсіздік шаралары мен азаматтардың құқықтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік және қоғамдық орындардағы тәртіпсіздіктер үшін жауапкершілік күшейтіліп, бұл шаралар профилактикалық бақылаудағы адамдарды әлеуметтік оңалту жұмыстарымен қатар жүргізіледі.
Бұл саладағы тағы бір маңызды қадам – профилактикалық қызметті цифрландыру. Тәуекелдерді талдауға арналған ақпараттық жүйелерді енгізу жұмысы шешімдердің ашықтығын және жеделдігін арттыруға жол ашады. Оған қоса, қоғамдық тәртіпті сақтауға азаматтық қоғам өкілдерін тарту мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Түптеп келгенде, бұл жаңашылдықтардың бәрі қылмыс деңгейін төмендетуге, құқық қорғау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздіктің заманауи моделін қалыптастыруға бағытталған.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

