ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕШІ!..
ақмолалық тұрғын алаяқтардың құрығына қалай түсті?..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев интернет-алаяқтықпен күресті ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды міндет ретінде белгілеп берген болатын. Алайда, құқық қорғау органдарының үздіксіз ескертулеріне қарамастан, қаскөйлердің құрығына түсетіндер азаймай тұр. Жақында Ақмола облысының тұрғыны алаяқтардың арбауына сеніп, 2 миллион теңгесінен айырылды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қазіргі таңда ең көп таралған алаяқтық схемалардың бірі – «Қазпошта» АҚ атынан жасалатын жалған хабарламалар. Сонымен қатар, қаскөйлер өздерін «банк қызметкерлері» деп таныстырып, «кері несие» рәсімдеу немесе ақшаны «сақтандыру шотына» аударуды талап етуді әдетке айналдырған. Осындай алдаудың кезекті құрбаны Көкшетау қаласының 25 жастағы тұрғыны болды.Оқиғаның мән-жайы белгілі сценарий бойынша төмендегідей өрбіген.
25 желтоқсанда бойжеткеннің ұялы телефонына өзін «Қазпошта» қызметкерімін деп таныстырған белгісіз адам қоңырау шалып, оның атына сәлемдеме келіп түскенін, бірақ, «жеткізуді растау» үшін ұялы телефонға келген SMS-хабарламадағы кодты айту қажеттігін алға тартады. Әккі алаяқтың жылы сөзіне сенген қыз еш күдіктенбестен құпия кодты хабарлаған.
Көп ұзамай қыздың ұялы телефонына келесі қоңырау түседі. Бұл жолы өзін «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп таныстырған адам белгісіз біреулер оның атына несие алуға тырысып жатқанын, сондықтан шоттың «алаяқтық шабуылға» ұшырағанын хабарлап, үрей туғызады. «Ақшаны сақтап қалу» үшін алаяқ жәбірленушіні шұғыл түрде «кері несие» рәсімдеуге және қаражатты «сақтандыру шотына» аударуға көндіреді.Психологиялық қысымға шыдамаған бойжеткен шабуылдаушылардың нұсқауымен 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, барлық ақшаны дропперлердіңшотына аударады. Жәбірленуші арада екі күн өткенде ғана сан соғып қалғанын түсініп, полицияға арызданған.
Ақмолалық полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ұрланған ақша аударылған банктік шоттардың иелері бірден белгілі болды. Тәртіп сақшылары ақшаны қолма-қол шығарып алуға көмектескен «дропперлердің» Қызылорда және Маңғыстау облыстарының тұрғындары екенін анықтады. Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып, қажетті жедел іс-шаралар жүргізілуде.
Айта кету керек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киберқылмыспен күресетін мамандандырылған бөлімшелердің жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде елімізде «Киберпол» жобасы іске қосылып, тергеушілер мен IT-мамандардың басы біріктірілді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл шаралардың мақсаты – қазақстандықтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Алайда, Президент атап өткеніндей, бұл істе мемлекеттік бақылаумен қатар, әрбір азаматтың қырағылығы мен жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

