«Жалған нөмір» іс-шарасы: ереже бұзушылар көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдаулары мен құқық қорғау органдарының алқа мәжілістерінде «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамымызда берік орнықтыруды үнемі басты назарда ұстап келе жатқандығы белгілі. Президенттің кез-келген құқық бұзушылыққа, әсіресе, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін заңсыздықтарға «мүлдем төзбеушілік» таныту туралы тапсырмасы аясында Ақмола өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Соның бірі – қазіргі уақытта облыс аумағында екінші тәулік қатарынан жалғасып жатқан «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Күшейтілген жұмыстар нәтижесінде өңір полицейлері бірінші күннің өзінде облыс бойынша 414 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтаған. Оның ішінде 45 дерек мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің стандартына сай келмеуіне, яғни, нөмірлердің оқылмауына немесе дұрыс орнатылмауына қатысты болып отыр.

Мәселен, аталған жедел-профилактикалық іс-шара барысында «Көкшетау – Атбасар» автожолының 43-шақырымында «Renault Logan» автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің мемлекеттік нөмірі әбден тозып, сандары мен әріптерінің жартылай өшірілуі салдарынан нашар оқылатыны анықталды. Тәртіп сақшылары мұндай жағдайда нөмірді міндетті түрде ауыстыру қажеттігін ескертті.

Полицейлердің айтуынша, көлік нөмірлерінің еркін және анық оқылуына ештеңе кедергі болмауы тиіс. Ластанған жағдайда нөмірді уақытылы тазалау – әрбір жүргізушінің міндеті. Заң бойынша мемлекеттік нөмірлік белгілері жоқ, сондай-ақ, жалған немесе өзгертілген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісімен көлік басқаруға қатаң тыйым салынады.

Бұдан басқа, профилактикалық іс-шара барысында өзге де өрескел бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлікті басқару бойынша 6 дерек, көлікке жалған нөмір орнату бойынша 1 дерек, сондай-ақ, жалған нөмірмен жүру немесе нөмірді тануға кедергі келтіретін арнайы құрылғылар мен материалдарды (жасыруға мүмкіндік беретін жабдықтар) пайдалану бойынша 3 дерек анықталды.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары осы маңызды профилактикалық іс-шараны өткізуге атсалысып жатқан «Қазавтожол» ұлттық компаниясына және Көлік прокуратурасына алғыстарын білдіреді. Сонымен қатар, Ақмола облысының полиция департаменті мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалану талаптарын сақтау тек заңдық міндет қана емес, бұл ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алудың кепілі екенін еске салады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттер облыстық полиция департаментінің ресми сайтынан алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар