ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Қосшы қаласында «Viamedis Kosshy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауысымына 1000 адам қабылдайтын емханасы ашылды. Медициналық нысанның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы қарқынды дамып келе жатқан осы қалаға жұмыс сапары кезінде басталған болатын. Халықаралық стандартқа сай салынған медициналық мекеменің ашылуына облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты.
– Қосшы соңғы төрт жылда қарқынды дамып келеді. Үкімет қаулысымен қаланың бас жоспары бекітіліп, тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізді. Мемлекет басшысының нұсқауымен жеке инвестиция есебінен заманауи әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жаңа емхананың ашылуы Астана агломерациясындағы медициналық қызмет мәселесін шешіп, Көкшетау мен Елордадағы облыстық ауруханалардың жүктемесін жеңілдетеді, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов емхана ұжымымен кездесуі кезінде.
Аталған заманауи медициналық мекеменің ашылуын министр Ақмарал Әлназарова қосшылықтар мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін қуанышты оқиға екенін атап өтті.
– Жан-жақты медициналық тексеру мен скринингтен өту әрбір қазақстандық үшін қолжетімді болуы керек. Өңірде алғаш рет медициналық нысанның құрылысына жеке инвестиция тартылған ірі жоба сәтті жүзеге асырылды. Мемлекет мұндай бастамаларды қолдап, медицина қызметкерлері мен жұртшылық үшін заңнамалық жағдай жасауда, – деді ол ашылу салтанаты барысында.
Бұл ірі медициналық мекеменің құрылысына мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ. Жобаның құны «Viamedis Kosshy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 30 миллиард теңге инвестициясы есебінен салынды.
Емхананың бірінші қабатында ересектерге арналған бөлімшелер мен Денсаулық орталығы орналасқан. Екінші қабатта бір жасқа дейінгі сәбилерге және 15 жасқа дейінгі балаларға арналған педиатрия бөлімшесі, сондай-ақ, 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қызметі бар. Үшінші қабатта әйелдер денсаулығына арналған мамандандырылған бөлімше орналасса, төртінші қабатта пациенттер терапевтік және хирургиялық ем қабылдайды.
Сонымен қатар, осы жерде «Viamedis Академиясы» білім беру орталығы жұмыс істейді.
«Viamedis» серіктестігінің бас директоры Әсет Ахметовтің айтуынша, емхананың маңызды бағыттарының бірі диабетикалық учаскелерді ашу. Мұнда дәрігерлердің қабылдауына орай, пациенттерді эндокринолог, екі терапевт және диспансерлік медициналық мейірбикелер қабылдайды. Мейірбикелер медициналық зерттеулерді оқуға арнайы оқытылған, олар келушілерді бейінді мамандарға өздігінен жолдай алады. Бұл өз кезегінде дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтады.
Көпсалалы емхана алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл, жоспарлы және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған ең заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және қала бойынша тіркелген 100 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады.
– Жатыр мойны аурулары онкологиялық аурулардың ішінде белгілі бір орын алады. Қазіргі таңда нақты диагноз қою үшін пациентті бірнеше күнге стационарға жатқызады. Ал мұнда, әйелдер денсаулығы бөлімшесінің манипуляциялық кабинетінде, біз жатыр қуысына гистероскопия жүргізетін боламыз. Гистероскоптың көмегімен ағзаны ішінен қарап, биопсия алып, материалды гистологиялық зерттеуге жібереміз. Егер шағын операция қажет болса, оны да өзіміз жүргізіп, науқастың сауығуына жағдай жасаймыз. Кольпоскоп арқылы ағзаларды үлкейтілген үш өлшемді бейнежүйеде қараймыз. Аппаратта бірнеше мыңдаған науқастардың медициналық құжаттарын сақтайтын деректер базасы бар. Мысалы, бір жылдан кейін науқас қайта келсе, емнің динамикасын көруге болады, сондай-ақ, стационарлық отаға бару қажет болған жағдайда деректерді электронды тасымалдағыштарға көшіруге мүмкіндік бар, – дейді 17 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты акушер-гинеколог, «Viamedis» желісіндегі әйелдер денсаулығы бағытының кураторы Ербол Әубакіров.
– Клиникалық-диагностикалық зертхана биохимиялық, клиникалық зерттеулер, онкоцитология және онкомаркерлік диагностика сынды зерттеулердің кеңейтілген түрлерін қамтиды. Науқас талдау сынамаларын тапсырғаннан кейін қан бірден зертханаға жеткізіледі, ал нәтижесі сол күні дайын болады, – дейді зертхана меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-зертханашы, денсаулық сақтау ісінің үздігі Ирина Янковская.
Емхананың медициналық персоналы төрт жыл бұрын Елордада құрылған академияда білім алады, енді ол жаңа медициналық мекемеге көшіріледі.
– Академияның симуляциялық орталығында арнайы бағдарлама бойынша акушерлік және эндохирургия салалары тұрақты түрде сапаны бақылау арқылы оқытылатын болады. Сонымен қатар, шұғыл жағдайлар мен мейірбикелік көмекті оқыту жалғасады. Бұл оқулар клиника аумағында нақты пациенттердің медициналық тарихтары негізінде, америкалық және жапондық өндірістегі роботтардың көмегімен жүргізіледі, – дейді компания серіктесі, медицинадағы симуляциялық оқыту жөніндегі сарапшы, Ресейдің медицинадағы симуляциялық оқыту қоғамы басқармасының мүшесі, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Анатолий Веревкин.
Жыл соңына дейін «Viamedis Kosshy» компаниясы Қосшы қаласының тұрғындарына, сондай-ақ, Шортанды, Ерейментау, Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Целиноград және Астрахан аудандарының тұрғындарына арналған 350 төсек-орындық стационардың құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 50 төсек-орын реабилитацияға арналған. Көпсалалы өңірлік аурухана мен емханада 700-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады, сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені мен шалғай аудандардан келген науқастарға арналған пансионат салу көзделіп отыр.
Айта кету керек, соңғы екі жылда облыста 38 медициналық нысан салынды, бұл ауылдық елді мекендердегі 75 мыңнан астам тұрғынның медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етті. Сондай ауқымды жобалардың бірі Біржан сал ауданында салынған көпсалалы ауданаралық аурухана. Атбасар аудандық ауруханасының негізгі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді, Көкшетау қаласында 630 төсек-орындық көпсалалы аурухана салынуда, сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасының алты қабатты корпусы мен «Болашақ» оңалту орталығы толық жөндеуден өтті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Қосшы қаласы.
![]()

