Фитосанитарлық орталықта мамандар неге тұрақтамайды?

ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ

Ел экономикасының күре тамырына айналған ауыл шаруашылығы мен ауылдық елді мекендердің әлеуметтік ахуалы – әрдайым мемлекеттің жіті бақылауында. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Ахатұлы Баққожаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар аудандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Халық қалаулысының іссапары Есіл, Біржан сал және Жарқайың аудандарындағы маңызды нысандарды қамтып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға арналды. Депутат алдымен Есіл ауданына қарасты Свободное ауылына барды. Мұндағы жұртшылық үшін ең өзекті мәселе – сапалы ауыз су. Бұзылық ауылының әкімі және жергілікті қоғамдастық өкілдерімен бірге Әнас Ахатұлы жаңадан салынған су мұнарасының жағдайын көрді. Айта кетерлігі, ауыл тұрғындары бұл нысанның салынуын 15 жыл күткен.

Былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген нысан бүгінде өз жемісін бере бастады. Қазіргі таңда ауылдағы 45 үйдің 15-і орталық су желісіне қосылған. Қалған баспаналарға су тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мұндағы судың сапасы заманауи талаптарға толық сай: тазарту жүйесі ультракүлгін сәулелер арқылы сүзгілеу технологиясына негізделген. Тұрғындармен кездесуде депутат сумен қамту мәселесі тұрақты бақылауда болатынын қадап айтты.

Білім мен денсаулық саласындағы жүйелі жұмыс та күн тәртібінде. Сапар аясында депутат Игілік ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке ат басын бұрды. 1979 жылы салынған білім ордасының тозығы жеткені байқалады. Бүгінгі таңда ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Дегенмен, мемлекеттің қолдауын күтіп отырмай, жергілікті кәсіпкерлер мен қоғамдастық өкілдері өз бастамаларымен терезе әйнектерін жаңарту секілді шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Анас Ахатұлы мектепті сақтап қалу мен оны заманауи талаптарға сай жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қолдайтынын жеткізді.

Ауылдық денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмады. Свободное ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) жұмысымен танысу барысында материалдық-техникалық база мен кадр мәселесі сөз болды. Мекеменің бұрынғы 400 миллион теңгеге жеткен берешегі бүгінде 160 миллион теңгеге дейін қысқарған. Бұл бағыттағы жұмыстар аудандық әкімдікпен бірлесе жалғаспақ. Жалпы, Ақмола облысында соңғы уақытта 28 жаңа медициналық нысан салынса, оның 24-і қазіргі таңда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.

Есіл қаласындағы бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені – өңірдегі бірегей нысан. Облыстық бюджеттен 700 миллион теңге бөлініп салынған, аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын кешенде 200-ден астам бала спортпен тегін шұғылдануда. Сондай-ақ, «Энергетик» спорт кешенін аралау барысында техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру және балаларды тасымалдауға арнайы автобустар бөлу мәселелері көтерілді. Халық қалаулысы бұл өтініштердің барлығын өз бақылауына алды.

Келесі кезекте депутат Жарқайың ауданының басшылығымен және белсенділерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Іссапар аясында депутат Бірсуат ауылындағы 100 орындық жаңа мектепке де барды. Бұл нысан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «МТЛ-АРКА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 920 миллион теңге көлеміндегі жеке инвестициясы есебінен салынған. Айта кетейік, мектептің ескі ғимараты 2023 жылы апатты деп танылып, жабылған болатын. Заманауи мектеп былтырғана ашылды. Қазіргі уақытта оқушылар үшін сапалы әрі қауіпсіз білім алуға барлық жағдай жасалған. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Анас Баққожаев Жарқайың ауданындағы маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, өңірді дамытуға қатысты барлық өзекті мәселелер бақылауға алынатынын жеткізді.

Депутат агросектордағы мал шаруашылығы мен ғылым интеграциясына да тоқталды. Сапардың қорытынды бөлімі ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен кездесуге арналды. Ол өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы арасындағы теңгерімсіздікті ашық айтты.

– Мал шаруашылығы бойынша кей жерлерде көрсеткіш төмен. Себебі, өсімдік шаруашылығына, әсіресе, арпа мен бидай егуге бейіл компаниялар мал шаруашылығын ұстауға аса қызығушылық танытпайды. Бұл ретте, мемлекет тарапынан үлкен алқаптарды иеленген шаруашылықтарға мал шаруашылығын қолға алу бойынша талапты күшейту керек сияқты, – деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, фитосанитариялық диагностика орталығының мамандары техникалық базаның ескіргенін және мамандардың тапшылығын алға тартты. Орташа жалақысы 150 мың теңге төңірегіндегі агрономдардың жеке секторға кетіп қалуы саланы тұралатып отыр. Депутат бұл бағытта жалақыны 40 пайызға өсіру мәселесі қаралып жатқанын сүйіншіледі. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық және аудандық филиалдарының қызметкерлері бірнеше жылдан бері еңбек жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылданады деп үміттенуде. Ең басты мәселе – жалақының төмендігі, соның салдарынан бұл салада білікті мамандар тұрақтамайды, ал, жастар жұмысқа мүлдем келмейді. Бұл жағдай туралы олар Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Анас Баққожаевқа да айтып берді.

Облыстың барлық 17 ауданында аталған орталықтың мамандары өсімдік зиянкестерінің диагностикасымен айналысады және карантинге қатысты қызметтер көрсетеді. Бұланды аудандық филиалының басшысы Екатерина Громның айтуынша, бұл қызмет өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қорғап, егістікті аурулардан сақтайды. Шаруашылық басшылары мен фермерлерге егін шығынын болдырмау үшін дер кезінде хабар беріліп отырады. Өсімдікті сыртынан білдірмей ішінен жейтін жасырын зиянкестер өте көп, сондықтан, оларды зертханада зерттеп, фитосанитарлық нормаларды сақтау бойынша ұсыныстар беру аса маңызды. Алайда, саладағы материалдық-техникалық базаның әлсіздігі жұмысқа кедергі келтіруде. Цифрландырудың енгізілгеніне қарамастан, филиалдар интернетке қосылмаған. Кездесуде академик, биология ғылымдарының докторы Әбілжан Құсайынов бастаған ғалымдар тобы көмір күлінен жасалған «АгроБионог» тыңайтқышын таныстырды.

– Біз көмірдің күлін ауыл шаруашылығында қолдану бойынша ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде ғылым кандидаты Анар Серсенова «АгроБионог» деген тыңайтқыш жасап шығарды. Сынақ нәтижелері көрсеткеніндей, бұл тыңайтқыш картоптың өнімділігін 75 пайызға, арпаны 37 пайызға, ал бидайды 22 пайызға арттырады, – деді Әбілжан Құсайынов.

Кездесу соңында жайылым жерлердің тапшылығы мен Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіру туралы өтініштер айтылды. Мәжіліс депутаты көтерілген әрбір мәселе заң аясында мұқият зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар