ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Бұланды, Бурабай аудандарында болып, XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын ақмолалық спортшылармен кездесіп, екі өңірде қысқы жылу беру маусымының барысымен танысты және жаңадан салынған тұрғын үйлерді көрді.
Италия жерінде өтетін ақ Олимпиадаға санаулы күндер қалды. Осы жауапты кезең қарсаңында облыс әкімі Щучинскіде жаттығып жатқан шаңғышылармен жүздесіп, сәттілік тіледі.
Ұлттық құрамаға енген үш ақмолалық нәзік жанды спортшы – Надежда Степашкина, Анна Мельник және Ксения Шалыгина бүгінде қызу дайындық үстінде. Өңір басшысы спортшылардың әлеуетін жоғары бағалап, Олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік екенін атап өтті.
– Бұл менің екінші Олимпиадам. Алғашқысы, 2022 жылы Пекин қаласында өткен еді. Мен үшін ол ең қызықты, әрі жауапты уақыт болды. Ол кезде маған эстафетаның бірінші кезеңін сеніп тапсырған еді. Ал, қазір қобалжу сезімім жоқ. Мен дайынмын. Осыған 4 жыл бойы ұмтылдым. Жарысқа деген сенімім жоғары. Көңіл-күйім де тамаша, – дейді шаңғы тебуден халықаралық спорт шебері Ксения Шалыгина. Ал, 12 жастан бастап шаңғы спортына келген Анна Мельник бұл оның алғашқы Олимпиадасы екендігін атап өтті.
– Бұл менің алғашқы Олимпиадам. Маған бәрі қызықты. Әрине, біраз қобалжу да бар. Бірақ, жаттықтырушыммен бәрін дұрыс жасағанымызға сенімдімін. Олимпиадаға тыңғылықты дайындалдық, – дейді халықаралық спорт шебері Анна Мельник.
Жаттықтырушы Владимир Борцовтың айтуынша, команданың физикалық дайындығы жоспарға сай. Ендігі кезекте шаңғышылар Алматыдағы қорытынды жиынға қатысып, содан кейін тікелей Италия төріне аттанады. Облыс намысын арқалаған аруларымыздан алдағы 6-22 ақпан аралығында жағымды жаңалықтар күтеміз.
– Мен бұл спортқа мектеп қабырғасында оқып жүргенде келдім. Құрбым мені шаңғы клубына шақырды. Шаңғы спортымен айналысып жүргеніме міне 13 жыл. Бұл спорт түрі мені өзінің қиыншылығымен баурап алды. Қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жетемін деген құлшынысым жоғары. Себебі, биыл мен екінші мәрте Олимпиада ойындарына қатыспақпын. Алғашқысында тәжірибем өте аз болды. Қазір жарысқа аса жауапкершілікпен қараймын, – деп пікір білдірді Олимпиадаға жолдама алған спортшы Надежда Степашкина.
Облыс әкімі спортшыларды құттықтап, сый-сыяпатын табыстап, ізгі тілегін жодаған соң, Бұланды ауданына сапар шекті. Ақмола облысында биылғы жылыту маусымына дайындық ерекше қарқынмен жүргізілді. Мұны аймақ басшысы Марат Ахметжановтың Бурабай және Бұланды аудандарына жасаған сапары тағы бір мәрте дәлелдеді.
Щучинск пен Макинск қалаларындағы қазандықтар аязды күндері де белгіленген кестеден жаңылмай, үйлерге тұрақты жылу беріп тұр. Мәселен, Макинскіде өткен жылы 4 бірдей қазандық жаңасына ауыстырылған. Ал облыс бойынша осы салаға жалпы инвестиция көлемі 43 млрд теңгеге жетіп, бұл жұмыстарға жеке кәсіпкерлер де белсенді атсалысқан.
Ақкөл, Шортанды және Егіндікөл аудандарында жаңа блокты-модульді қазандықтар іске қосылып, мыңдаған тұрғынның мәселесі шешілді. Облыс әкімінің айтуынша, сапалы дайындық – апатсыз маусымның кепілі. Сондықтан, жылумен қамту мәселесі көктемге дейін тұрақты бақылауда болмақ.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Бұланды ауданындағы қолданысқа берілуге дайын тұрған баспаналарды көріп қайтты. Марат Ахметжанов Макинск қаласында реновация бағдарламасы аясында салынған көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Көпқабатты қос тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Инженерлік коммуникациялар тартылған, температуралық режим белгіленген талаптарға сай.
– Тұрғындармен кездесулер барысында жаңа үйлерге мүмкіндігінше тезірек қоныстандыру мәселесі көтерілді. Нысандар толық пайдалануға дайын. Жақын уақытта тұрғындарды көшіру қажет, ал, көктемде аула аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын бастау керек, – деп тапсырды өңір басшысы.
Жобаны іске асыру аясында апатты тұрғын үй қорынан кезекте тұрған азаматтарды қоныстандыру үшін 60 пәтерді сатып алу жоспарлануда.
Жалпы, былтыр өңірде тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы шеңберінде ескі және апатты үйлердің орнына 740 пәтерден тұратын 11 тұрғын үй салынды. Бағдарлама аясында 365 пәтер сүрілді. Реновация бойынша тұрғын үйлер Бурабай ауданында, Көкшетау қаласында, сондай-ақ Аршалы, Бұланды және Зеренді аудандарында бой көтерді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының” өз тілшісі.
Бурабай, Бұланды аудандары.
![]()

