ҚҰРЫЛТАЙДАН КЕЙІНГІ ОЙ-ПІКІРЛЕР
Биыл бесінші, әрі соңғы рет Қызылорда төрінде өткізілген Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, осыған дейін атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді және ұлт болашағын айқындайтын жаңа реформалардың басталатындығын мәлімдеді.
Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы хан ордасы атанған, үш жүздің басы біріккен көрікті Көкшетауда да өткені мәлім. Құрылтай тарихында Бурабайдың орны ерекше болғандығы біздер – ақмолалықтар үшін мақтаныш әрі мәртебе деп санаймын.
Аналар кеңесінің мүшесі ретінде V Ұлттық құрылтайда көтерілген Парламент депутаттарының сайлауында әйелдер квотасының сақталып қалғаны аса маңызды деп санаймын. Себебі, елдегі тұрақтылық пен тұтастық әйелдердің де қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуымен тығыз байланысты.
Құрылтай мінберінде «Әділ сөз» қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлованың әйелдер квотасын сақтау жөніндегі ұстанымы – уақыт талабынан туындаған орынды бастама. Бұл мәселе жеке бір топтың емес, тұтас елдің әлеуметтік және саяси дамуына қатысты екенін атап өткен жөн.
Ақмола облысында Аналар кеңесінің тәжірибесі әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуының нақты көрінісі болып отыр. Өткен жылы облыс бойынша Аналар кеңесі 280 іс-шара ұйымдастырып, оларға 13195 адам қатысты. Бұл көрсеткіш әйелдердің шешім қабылдау үдерісіндегі орны тек сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде маңызға ие екендігін дәлелдейді.
Мемлекет басшысы бастамашы болған 2022 жылғы саяси реформалар аясында әйелдер квотасының заңнамалық тұрғыда бекітілуі – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Осы тетіктің арқасында әйелдер заң шығару және өкілді органдар жұмысына белсенді араласып, күн тәртібінде әлеуметтік, отбасылық, білім беру, денсаулық сақтау сияқты қоғам үшін өзекті мәселелердің кеңінен қамтылуына мүмкіндік алды.
Аналар кеңесінің өкілі ретінде әйелдердің шешім қабылдау үдерісіндегі орны тек гендерлік теңдік көрсеткіші ғана емес, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың да кепілі екенін атап өткім келеді. Әйелдердің парламенттегі және жергілікті өкілді органдардағы тұрақты үлесі қоғамдық келісімді нығайтып, қабылданатын шешімдердің өмірмен үндесуіне ықпал етеді.
Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қарайтын Мемлекет басшысы биылғы Құрылтайда біраз өзекті мәселелерді көтерді. Соның ішінде қоғамымыздағы ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некелерін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыда нығайта түскен жөн екендігіне ерекше назар аударды. Соның ішінде қыз алып қашу – адам ұрлау екендігін, бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс екендігін, ондайға жол беруге болмайтындығын шегелеп айтты. Қазіргі дамыған заманда отбасын құратын жастар өзара келісімді түрде, заң жүзінде ешкімнің көңіліне қаяу түсірмеу, ешкімнің құқығын бұзбай, ешкімнің абыройына дақ түсірмей, үйленуі тиіс.
Жалпы, биылғы Ұлттық құрылтайда көптеген жаңа реформалар жүргізілетіндігі сөз болды. Осы Құрылтайдың бес жылдық тарихында осындай қаншама бастамалар қолға алынып, өзінің оң нәтижесін берді.
Айнұр ЖАХИНА,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы
жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.
![]()

