Көкшетау қаласының жоғары сынып оқушыларына арналған тәрбиелік мән-мағынасы зор мәдени шара ұйымдастырылды«Адал азамат» бағдарламасының «Заң мен тәртіп» бағыты аясында Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ музыкалық-драма театрында «Емтихан» спектаклі сахналанды.
Осылайша, қойылымды тамашалауға Ақмола облыстық прокуратурасының өкілдері, Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева, мәдениет басқармасының өкілдері, сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы мектептердің 9-11 сыныптарында білім алып жатқан 200-ден астам оқушы қатысты. Аталмыш мәдени шара Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ, олардың бойына жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын премьерасы өткен «Емтихан» спектаклі бүгінгі жасөспірімдер арасында өзекті мәселелерді көтереді. Шығарманың авторы Л.Разумовская, қоюшы режиссері Т.Мажитов. Қойылым мазмұнына аз-кем үңілсек, мұғалімнің оқушыға қойған бағасын қандай жолмен болса да өзгерткісі келетін оқушылар мен мұндай жағдайда не істерін білмей абдырап қалған мұғалім арасындағы психологиялық қақтығыстар сахна төрінен көрініс табады. Кейіпкерлер арасындағы қайшылық арқылы көрермен қауым моральдық таңдау тұрғысынан бұл шиеленістердің қалай аяқталатыны туралы ой түйеді.
Сонымен қатар, «Емтихан» драмасы оқушылар мен математика пәні мұғалімі арасындағы күрделі қарым-қатынасты, адамгершілік таңдау мен жеке жауапкершілік мәселесін көтереді. Қойылым желісі мұғалімнің туған күніне байланысты өрбиді. Дәл осы күні оқу бітіруші сыныптың төрт оқушысы күтпеген жерден оның үйіне келеді. Қойылым барысында өмірге көзқарасы әртүрлі, мақсатқа жету жолында кез-келген қадамға баруға дайын жас түлектер мен адалдықты, ар-ұжданды, мәңгілік құндылықтарды бәрінен биік қоятын қарапайым да жалғызбасты мұғалімнің ұстанымдары қақтығысады. Спектакль көрерменді әртүрлі маңызды сұрақтар төңірегінде ойлануға жетелейді. Жасөспірімдер үшін бұл қойылым өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау, заңды сыйлау және адамгершілік қағидаттарды ұстанудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Қойылымның негізгі мақсаты мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, жастардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, үлкенге құрметпен қарау, кез-келген жағдайдан дұрыс қорытынды шығара білу деген сияқты құндылықтарды насихаттау екені даусыз.
Сахна төрінде театр актерлері Майра Бақытқызы, Асланбек Шайсұлтанов, Әсем Шайсұлтанова, Намыс Мақсатұлы және Жалғас Тұйғынбековтер сәтті өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы тілшілермен тілдесіп, спектакльдің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып өтті.
–Жас ұрпақтың бойына құқықтық тәрбие қалыптастыруда мұндай мәдени-ағартушылық шараларды мемлекеттік саясатпен ұштастырудың маңызы зор. Себебі, осындай маңызды дүниелер оқушыларға заңға деген құрметті қалыптастыруға, олардың ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Бүгінгі театр сахнасынан ұсынылған «Емтихан» қойылымы да жас ұрпақтың санасына әсер етіп, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақыратын маңызды тәрбиелік құрал дер едім, – деді ол өз сөзінде.
Ал, театрдың көркемдік жетекшісі Манарбек Қыдырбайдың айтуынша, «Емтихан» қойылымы театр репертуарындағы ең сұранысқа ие қойылымдардың бірі.
– Бұл спектакль оқушы мен ұстаз арасындағы күрделі қарым-қатынасты, ұрпақтар арасындағы түсінбеушілікті ашып көрсетеді. Оны ата-аналар балаларымен бірге көріп, кейін талқыласа, тәрбиелік әсері арта түседі. Бүгінгі жастарды қалай тәрбиелесек, ертеңгі қоғам да сондай болады, – деп өз ойымен бөліскен көркемдік жетекшінің де сөзі театр терең мағына мен эмоциялық әсерлерді ұштастыра отырып, ұрпақтар арасындағы диалогты нығайтатын тәрбиенің тиімді құралы дегенді дәлелдей түсетіндей.
Жалпы, бүгінде «Заң мен тәртіп» бағыты аясында облыстағы барлық білім беру ұйымдарында түрлі форматтағы тәрбиелік шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, пікірсайыстар, квест ойындары, зияткерлік викториналар, қауіпсіздік сабақтары, сынып сағаттары және басқа да мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, жастарға жан-жақты құқықтық тәрбие беру жалғасуда.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

