КОНФЕРЕНЦИЯ
Ақмола облыстық әкімдігінің мәжіліс залында «Құмар ойынға тәуелділік тәуекелдері және мемлекеттік қызметте оның алдын алу шаралары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Жиында бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тікелей әсер ететін осы бір өзекті тақырып жан-жақты талқыланды.
Шараға жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері, әдеп жөніндегі уәкілдер және психологиялық көмек көрсету орталықтарының мамандары қатысты. Бүгінде облыс көлемінде мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша жұмыс күшейтілгені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құмар ойынға тәуелділікпен күресу мәселесін заңмен реттеу, кешенді жоспар қабылдау және қоғамда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен және облыстық әкімдіктің бірлесіп өткізіп отырған бұл ауқымды жиынының негізгі мазмұны да сол құмар ойынға тәуелділіктің салдары қалай болатынын түсіндіруге және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесін нығайтуға бағытталып отыр.
Жиынның модераторы Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойынға тәуелділік жеке психологиялық мәселе шеңберінен шығып, тұтас қоғам алдында мемлекеттік қызметтік имиджіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
–Лудомания мемлекеттік қызметтің әдеп негіздерін әлсіретіп, мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіретін қауіптердің бір түрі. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа апаратын қатерлі жолдардың да бір мысалына айналуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшінің бейнесі парасаттылық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі болуға тиіс. Құмар ойындарға әуестік әдепке қайшы болып табылады, өйткені, ол мемлекеттік қызметтің іргелі құндылықтарына түбегейлі қайшы келеді, – деді Айнагүл Жанәділова конференцияның ашылуы барысында сөйлеген сөзінде.
Содан соң сөз алған Ақмола облысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің басшысы Нұрхат Батырқұлов та осы жиынның күн тәртібіне шығарылып отырған мәселе – мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындарға тәуелділіктің неге апарып соғатыны жөнінде өз ойын білдіріп, оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
–Құмар ойынға салыну жай ғана психологиялық дерт емес. Осыған байланысты әрбір мемлекеттік қызметші құмар ойындар мен бәстесулердің кез-келген түріне қатысу бұл жай ғана қателік емес, бұл өз кезегінде әдеп кодексінің іргелі талаптарын аяққа басу екенін түсінуі тиіс. Мұндай заңсыз әрекеттердің соңы мемлекеттік қызметтегі мансапқа нүкте қоятын қатаң тәртіптік жазалар мен қайтпас құқықтық салдарға алып келетінін ескертемін. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған баласының құмар ойынға әуестігі немесе нақты сонымен шұғылданатыны анықталған жағдайда ол мемлекеттік қызметшінің өзі автоматты түрде жұмыстан шығарылатынын еске салғым келеді, – деген департамент басшысы қазіргі таңда мемлекет тарапынан ойын бизнесін реттеу бағытында кешенді заңнамалық реформалар жүргізіліп, бақылау тетіктері мейлінше күшейтіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, жиында облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Александр Высоцкий «Ойынға тәуелділіктің алдын алу шараларының медициналық-психикалық негіздері» атты баяндама жасап, ойынға тәуелділіктің салдары мен себептері туралы талдамалық мәліметтер ұсынды.
Оның сөзінше, бүгінде құмар ойынға тәуелділер саны республика бойынша 300-ге тарта, солай бола тұра Ақмола облысы бойынша ешқандай құмар ойыншы жоқ. Осы орайда, орталық директорының бұл сөзі бізге шын мәнісінде күмән туғызды. Өйткені, ол өз сөзінде науқастарға психологиялық көмек көрсететін емдеуші және ем тағайындаушы дәрігер ретінде алдына келіп жүгінген науқастар туралы бірнеше мысалдар келтірді. Дәрігер өз тәжірибесінде осыған ұқсас жағдайларға тап болған көптеген науқастарға қолынан келгенінше өз көмегін аямаған. Осы ретте, ойымыздағы күмәнді сейілту және шын мәнісінде облысымызда құмар ойыншылардың бар-жоғын анықтау мақсатында орталық директорының өзіне тікелей сұрақ қойдық. Біздің бұл сұрағымызға Александр Высоцкий:
–Біздің еліміздің заңнамаларына сәйкес, ешбір құмар ойыншыны немесе арақ-шарапқа, есірткіге тәуелді азаматтарды күштеп тіркеуге алуға рұқсат жоқ. Сондықтан, олар іс жүзінде бар, бірақ қағаз жүзінде жоқ, – деп жауап берді.
Содан соң, жиын қорытындысында жиналғандар ойын бизнесі саласындағы заңнамалық өзгерістер мен бақылауларды күшейту мәселелеріне назар аударуды жетілдіру жөнінде бірақатар ұсыныстарды бекітті. Әкімдік пен департаменттің бірлескен жұмысы мемлекеттік ұжымдарда тәуелділіктің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге уақытылы ақыл-кеңес беру қызметін көрсетуге бағытталуы тиіс екендігі айтылды. Сондай-ақ, тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, талдау қорытындысы бойынша облыста лудоманияның алдын алу жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

