Конституциялық реформа – Қазақстанның жаңғыруы жолындағы маңызды қадам

ЖАҢА АТА ЗАҢ ЖОБАСЫ

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Конституциялық реформа қолға алынуда. Ол Президенттің Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, Мемлекет басшысы 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды.

2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия мүшелері өздеріне келіп түскен Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін қарап шығып, түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77-бабына, яғни, жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтығанын, осының негізінде Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу қажеттігін алға тартты.

Еліміздің бұл жаңа Ата Заңының жобасы республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланып отыр. Бүгінгі таңда тұтастай еліміз бойынша осы жаңа Конституция жобасын талқылау ұйымшылдықпен басталып кетті. Бұл ретте, ақмолалықтар да жаңа Ата Заңымыз, ел болашағы туралы пайымды ой-пікірлерін білдіріп, осы бүкілхалықтық талқылауға белсене үн қосуда.      

***

Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазановтың төрағалығымен өткен  кеңейтілген отырыста еліміз үшін маңызы зор Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттары талқыланып, алдағы Парламенттік реформаны халыққа түсіндіру жөніндегі міндеттер талқыланды.

Жиынды ашқан Елдос Рамазанов Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформалар Қазақстанның саяси жаңғыру жолындағы заңды әрі маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жекелеген баптарды түзету ғана емес, қоғамның сұранысына сай, заман талабына жауап беретін Ата Заңды кешенді түрде жаңарту.

Жаңа Конституция жобасы алты ай бойы жұмыс істеген республикалық комиссияның нәтижесі. Осы кезеңде ел азаматтарынан, сарапшылардан, азаматтық қоғам өкілдерінен түскен ұсыныстар жан-жақты сараланып, билік тиімділігін арттыру, адам құқықтарын қорғауды күшейту, қоғамның шешім қабылдауға қатысуын кеңейту секілді маңызды мәселелер талқыланды.

– Жаңартылған Конституцияның өзегінде адам тұр. Мемлекеттік саясат азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бағытталып, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, билік пен қоғам арасындағы ашық әрі әділ байланыс орнатуға негізделеді. Бүгінде халық мемлекеттен формализмді емес, жауапкершілікті, әділдікті және ашық диалогты күтеді. Ата Заң осы үміттерге жауап беруі тиіс, – деді Елдос Рамазанов.

Республикалық комиссия жұмысына тікелей қатысқан Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Конституцияға енгізілетін өзгерістерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, реформа 77 бапты қамтып, қолданыстағы Конституция нормаларының 80 пайыздан астамын жаңартуды көздейді.

–Ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасы ел дамуының қазіргі кезеңіндегі қоғамдық сұраныстарға берілген салмақты әрі уақытылы жауабы деп санаймын. Реформаның басты өзегі адам құқығы мен бостандығын абсолютті құндылық ретінде бекітіп, билік пен қоғам арасындағы жауапкершілік пен сенімді күшейту. Бір палаталы Құрылтайға көшу, Халық кеңесін енгізу және өңірлер мен мәслихаттардың рөлін арттыру жергілікті деңгейде халық пікірін ескеретін тиімді басқаруға жол ашады. Конституциялық комиссия жұмысының ашықтығы мен бұл жұмыстарға қоғам өкілдерінің кеңінен тартылуы осы өзгерістердің маңыздылығын қамтамасыз етті. Бұл жекелеген түзетулер емес, мемлекеттің құқықтық, саяси және құндылық  негіздерін жаңғыртатын терең реформа. Бұл бастамалар елдің орнықты дамуына, әділетті Қазақстанды құруға берік негіз болмақ, – деді Бейбіт Жүсіпов өз сөзінде.

Жиын барысында сөзін әрі қарай жалғаған мәслихат төрағасы Ата Заңның преамбуласы толықтай қайта жазылғанын айта келе, онда халқымыздың тарихи болмысы мен негізгі құндылықтарын айқындайтын «Ұлы дала», «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» ұғымдары бекітіліп, ел дамуының сабақтастығы мен мемлекеттік идеологияның бағыты айқындалғанына тоқталып өтті.

Сонымен қатар, жаңа жобадағы тағы бір маңызды өзгерістердің бірі Парламент құрылымын қайта қарау. Жаңа Конституция жобасында екі палаталы Парламенттің орнына пропорционалды жүйе бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құру ұсынылады. Бұл шешім саяси партиялардың рөлін арттырып, заң шығару үдерісін жеделдетуге және депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын, халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган  Халық кеңесін құру көзделіп отыр. Конституциялық реформаның ауқымды бөлігі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған. Өмір сүру құқығы абсолютті деп танылып, өлім жазасына біржола тыйым салынады. Сондай-ақ, жеке басына қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті сақтау кепілдіктері күшейтіледі. Бұл, әсіресе, цифрландыру дәуірінде аса маңызды. Сот жүйесі мен Конституциялық соттың рөлі артып, бұл әділ сот төрелігін қамтамасыз ету мен заң үстемдігін нығайтуға қосымша кепіл болмақ.

Өңірлердегі басқару жүйесін жетілдіруге де ерекше мән беріліп отыр. Бірқатар өкілеттіктерді жергілікті деңгейге беру арқылы шешім қабылдау кезінде тұрғындардың пікірі ескерілетін болады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырып, мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

– Конституция жаңа жұмыс стандарттарын белгілейді. Бұл тек заң нормалары ғана емес, басқару мәдениеті, ашықтық, халықпен байланыс сапасы және нақты нәтиже үшін жауапкершілік. Ал осы нормалардың тиімді жүзеге асуы қоғамның оларды қаншалықты дұрыс түсінуіне тікелей байланысты, – деп түйіндеді өз сөзін Бейбіт Жүсіпов.

Қазіргі таңда облыста кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Халықпен кездесулер, сарапшылармен пікірталастар өткізіліп, оған қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктері белсенді түрде тартылуда. Негізгі мақсат бұл туралы тұрғындарды формалды түрде хабардар ету емес, конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын әрбір азаматқа жеткізу. Айта кетейік, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, ел көлемінде кеңінен талқылануда.

 Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар